Өнер • 18 Наурыз, 2019

Жетігенді оятқан қазақ қызы

2385 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Не сиқыры бар екен?! Көнеден жеткен жетігеннен төгілген әуеннің тыңдаушысын арбап, жансарайыңа бойлап, шаршаған жүйкені дамыл таптыратын бір құдіреті бар. Ендеше көне аспапты кәсіби тұрғыда дамытып, халыққа оралтқан бір адам болса, онда ол Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнер магистрі Нұргүл ЖАҚЫПБЕК екенін ел біле ме? 

Жетігенді оятқан қазақ қызы

Жетіген – қазақ халқының ең көне аспаптарының бірі. Біздің заманымызға дейін IV-V ғасырларда, қазақ қазақ болмай тұрып пайда болған, Азия мен түркі елдері арасында кеңінен қолданылған аспап қой. Бірақ XIX ғасырда ол мүлде біраз уақытқа ұмыт болады. Бір ғасыр бойы үнсіз қалған фольклорлық аспаптарды этнограф ғалым, академик Болат Сарыбаев 60-жылдары іздеп тауып, қайта жаңғыртады. Оны бірінші кезде қолға алған Құрманбай Мақанов пен Талғат Сарыбаев болған. Ал Болат Сарыбаев өзі орындап көрсетіп, жетіген ансамблін ашып, халыққа қайта таныстырады. Одан кейін 80-жылдары «Отырар сазы» ансамблінің құрамында «Ғасырлар сазы» ансамблі құрылып, жаңа қосылған аспапта Еділ Құсайынов, Шаһбану Қылышбаева, Сәуле Мерекеева сынды бірлі-жарым өнер саңлақтары ойнай бастайды. 

Осылайша көнеден жеткен сарын ептеп-ептеп Алматыда естіледі. Содан кейін 1988 жылы «Сазген» ансамбліне Нұргүл Бижанқызы келеді. Бірақ, же­тіген аспабы тағы де бірен-саран орын­даушысының саусақтарында ғана тың­дарманына жол тауып жүреді. 2000 жыл­дың басында музыканттар тарапынан фольклорлық аспаптарға деген қызығушылық пайда болады. Осы тұста республикалық өнер байқауларын ұйымдастырушылар да жетігенге кө­ңіл бөліп, ансамбльдер құрамында фоль­клор­лық аспаптардың болғанын қаласа керек.

Осы тұста жетігенге үйрететін ұстаз­дардың да керек екені байқалып, «Саз­ген» ансамблінің құрамындағы жеті­генде ойнай алатын саусақпен санар­лық өнер иесі Нұргүл Жақыпбек Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатына, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық орта мектеп-интернатына оқытушылыққа шақырылады.

2002-2003 жылдан бастап музыка мектептерінде жетіген өнерін үйреніп жүрген шәкірттер шоғыры қалыптасып, біртіндеп оның сиқырлы үні 2005 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына да жетеді. Бұл жерде бірқатар студент жетігенді мамандық емес, қосымша сабақ ретінде үйрене бас­тайды.

Қысқаша қа­йыр­ғанда, ұмыт қал­ған аспаптың қайта оралу тарихы осындай. Қазір жасына қарамай жетіген ас­пабын үйренуге ынталанып жүр­ген адамдар аз емес. Бүгінде жетіген аспабы жеткілікті түр­де танымал әрі оған деген сұраныс та бар. Алматыда ғана емес, Қа­зақстанның әр түк­пірінен же­тігенде ой­найтын өнерлі жан­дарды табуға болады. Мәселен, қазір П.Чайковский атын­дағы му­­­зыкалық колледжі мен Ж.Еле­­беков атындағы эс­тра­да-цирк колледжінде ма­ман­дық ретінде ашылып, қа­зір ма­гистранттар білім алып жүр.

Жетіген аспабы елімізде кең таралып келеді десек те, оны үйрететін мамандар әлі де тап­шы. Сондықтан болар, оны шындап меңгерісі келетіндер әлі де Нұргүл Бижанқызына келеді. Өйткені ол аталмыш аспапты кәсіпқой деңгейде меңгерген және елге таратып, насихаттап отырған тәжірибелі ма­ман. Оған қоса Нұргүл жетіген үй­рену кітабын жа­рыққа шы­ғарды. Оны құрылымын ғы­лыми түрде зерттеп, әдіс­те­мелік оқу­лық жазды.

Қысқасы, Нұргүл Жақып­бекті тәуел­сіздік тұсын­дағы тұңғыш жетіген мек­тебінің негізін қалаушы, сынып ашу­шы деп айтуға болады. Танымал да тә­­жі­рибелі музыкантқа қай кезде де же­ті­ген үйренуге келетін шәкірттер легі үзіл­ген емес.

Сондықтан Нұргүл заманауи жеті­геншілер мектебінің үлкен ұстазы. Оның танымалдылығы мен таралуына бір кісідей еңбек сіңірген өнер магистры өз білгенімен шектеліп қалмай, ғылым кандидаттығын қорғау үшін Бішкек қаласындағы Ғылым академиясының аспирантурасында ізденістерін жетіл­діру үстінде. Құрманғазы атындағы консерваторияда студенттерге дәріс оқиды. 

– Күннен күнге көне жетігеннің танымалдылығы ұлғайып келеді. Бұл аспаптың дамығаны соншалықты, бұрын онымен қысқа күйлер, әндер ғана орындалса, қазір күрделі үлкен клас­сикалық шығармалар ойнауға болады. Республика аясынан шығып, халықаралық деңгейдегі өнер додаларына қосылды. Шетелдік музыкалық байқаулардың бас жүлдесін әкеліп жүр. Қазір Азия елдерінен өнертанушылар осы аспапты арнайы іздеп келіп, біз­дегі даму үрдісіне, орындаушылық ерекшелігімізге қызығушылық таныта бастады. Қытайда осы аспаптың тарихын зерттеп, дамытатын ұйым бар екен. Олардың да музыкалық сарапшылары Қазақстанға жетігенді іздеп келді. Өйткені оларда да жетіген тектес музыка аспабы бар. Олар біздің музыкалық аспабымыздың өзіндік ерекшелігін тексеріп, ойнау әдістерімізге оң бағасын беріп кетті. Оңтүстік Кореядан келгендер де ЮНЕСКО шеңберінде зерттелген біздің жетігенімізді көрді. Бізде бұл аспаптың мықты дамып келе жатқанын мойындайды. Сондықтан шет мемлекеттер жетіген аспабын бағалап, біліп отыр, – дейді Нұргүл Бижанқызы.

Алғашқы болған қашанда қиын, бірақ, үздіксіз ізденістер жемісін бере бас­тады. Осылайша Нұргүл Жақыпбектің жетіген мектебінің ойнау әдістері мен үлгілері қалыптасты. Халықаралық өнер байқауларынан жүлдемен оралып жүрген жетігеншілерімізден бөлек, ансамблінен бөлек, «Кәусар» атты трио құрылды. Осы «Кәусар» ансамблі 2017 жылы Италияның Сан-Эльпидио қаласында өткен Бірінші креативті музыка фестивалінен Гран-При алып келді.

Жоғарыда айтып отырғанымыздай, еліміздің әр шалғайынан жетіген өнерін іздеп келіп, үйреніп жүрген жастар бар. Сондықтан көне аспапта ойнай алатын орындаушылар қатары көбейіп келеді. Қазір америкалық Яша Хоффман да жетіген, домбыра үйрену үшін Қазақ­стан­да жүр.
Ал Нұргүл Бижанқызы енді әу бас­та жетіген аспабының орын­дауында болған көне шы­ғар­маларды нотаға түсіруді бас­тап беріп, оны шәкірттері жал­­ғастырып, репертуарлық үлес­терін қоса бастады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ