Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Маңызды мәселелер шешімін табады

1020 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобы екі күндік іссапармен Маңғыстау облысында болды. 

Маңызды мәселелер шешімін табады

Жаңаөзендегі  жұмыс күні

Жұмыс тобының кездесулері Жаңаөзен қаласынан басталды. «Мұнайшы» мә­дениет үйіндегі кездесуге Жаңаөзен қала­сының 100-ге жуық тұрғыны – көп балалы аналар, жұмыссыздар, ардагерлер, ҮЕҰ өкілдері келіп, жәрдемақы алу, бір­жолғы материалдық көмек алу, тұрғын үй мәселелерін шешу және жұмысқа орналасу сынды өзекті мәселелерді ортаға салды. Г.Әбдіқалықованың айтуынша, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру облыста 27 мыңнан астам адамға қатысты болмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Б.Сапарбаев бүгінгі таңда Маң­ғыстаудағы ең төменгі күнкөріс дең­гейі 33 928 теңгені құрайтынын атап өтті. Жалпы, Маңғыстау облысында АӘК-ті 14 211 адам, Жаңаөзенде 3 мың адам алатын болады. Сонымен қатар министр 1 сәуірден бастап аз қамтылған от­басы­лар­дың табысын есептеудің жаңа ере­желерін енгізу туралы айтты. Министрдің айтуынша, мүгедек баланың күтіміне, туғанынан 1 топтағы мүгедек баланың күтіміне төленетін қаржы 41 578 тең­геге дейін өсті. Аталған көмекті Маң­ғыс­тау облысында 5 396 адам, Жаңа­өзенде 1 156 адам алатын болады. 

Маңғыстауда 304 жалға берілетін пәтерлердің құрылысына қаржы бөлінді, 292 пәтерге өтінім берілді. Үкімет өкілдері Жаңаөзендегі мұнай және басқа да салалар үшін арнайы киімдер тігумен айналысатын «Жанарыс» тігін фабрикасының ұжымымен кездесті, онда 340-тан астам адам жұмыс істейтін болса, олардың  95% -ы әйелдер. Мекеме басшысының ай­туынша, фабрикадағы еңбекақы 136 мың теңгеден жоғары. Сондай-ақ отба­сы­лардағы кездесуде алты бала тәрбиелеп отырған «Күміс алқалы» ана Жадыра Нарымбаева ұзақ уақыт жұмыс таба алма­ғанын, жақында пошта таратушы жұ­мысына орналасқанын айтса, мектепте жұмыс істейтін «Күміс алқа» иесі Нұр­бике Егізбаева күйеуін жуырда «Өзен Инвест» компаниясына тұрақты жұ­мысқа ор­наласуға көмектескені үшін әкім­дікке ал­ғысын білдірді. Ал Жаңаөзен қала­сын­да жыл соңына дейін 5260 жаңа жұ­мыс орны ашылатыны белгілі болды. Бұл өз кезегінде мұнайлы қаладағы жұ­мыс­­сыз­дық мәселесін шешуге септігін тигізбек. 

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасына, гемодеализ орталығына барды және №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігерлерінің жұмысымен танысты. 

– Егер бұрын дәрігерге бару үшін біз бірнеше сағаттан жұмсайтын болсақ, бүгінде 15 минуттан аспайды. Алдыңғы қатарлы технологиялардың медициналық мекемелерге де жеткеніне қуаныштымыз. Мен әрдайым дәрігерлерге қаралуды кейінге қалдыратынмын, өйткені кезекке тұрып шаршайтынбыз, қазір ондай мәселе жоқ, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Гаухар Огарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы жаңалықтарын баяндаған министр одан әрі Қарақия ауданына қарасты Жетібайдағы ауылдық емханаға ат басын тіреді. Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова да білім саласына қатысты мекемелердің ахуалымен танысты. 

Ақтауда жалғасқан кездесулер

Ақтауда Үкімет мүшелері аймақтағы ірі мекемелердің басшыларымен кездесті. Жиында өңірдегі түрлі кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайы, олардың әлеуметтік мәселелері талқы­ланды. Б.Сапарбаев Маңғыстаудың ел эко­номикасының доноры екенін айтып, өндіріс көлемін төмендетпей, жалақыны дер кезінде төлеу керектігін тапсырды.

Өңірде 9 мыңға жуық белсенді кәсіп­орын бар, онда 244 мың жұмысшы еңбек етеді. Осы жылы 24 кәсіпорын еңбекақыны көтерген. Осылайша 10 мыңнан астам қызметкердің талабын орындаған. Бұдан бөлек, министр шетелдік мекемелердің жұмысшыларға бірдей жағдай жасауын тапсырды. 

– Егер шетелдің компаниялары Қазақ­стан жерінде еңбек етсе, заңға сәйкес жұмысшыларын бөлмеуі, екі түрлі жағдай жасамауы тиіс. Барлық мәселе мен жағдай бірдей қаралуы қажет. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағ­дайын жасау да маңызды, – деген Б.Са­парбаев аз қамтылған отбасыларға қол­ұшын созудың маңыздылығын, мемлекет бұған аса мән беретінін айтты. Қазір өңірде ірі компанияда 80-нен астам көп балалы жұмысшы бар. Бүгінде тек кейбір мекемелер ғана тұрақты көмек береді.

– Ұжымдық шартта 8 түрлі әлеуметтік көмек қарастырылған. Шартта, әсіресе көп балалы отбасына арналған басымдықтар көп. Мысалы, 2018 жылы 4 және одан көп баласы барларға 192 млн теңге жәрдемақы төленді. Бүгінгі таңда компания мен «Халық банкі» арасында аз қамтылған отбасыларға 2 пайыз ипотекалық несиелер беру туралы шарт жасалуда. Үй-күйі жоқ адамдарға бұрын 10 пайыз болса, қазір – 2 пайыз, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаев. 

Үкімет мүшелері компанияның бас­тамасына оң бағасын берді. Сондай-ақ жиында сервистік мекеме басшылары өз мәселелерін айтып, ұсыныстарын жет­кізді. Кездесуге 400-ден астам адам жиылды. Жуырда құрылған «Ақжүніс» бір­лестігінің Маңғыстау филиалының өкілі А.Шамшадинова үкіметтік делегацияның қарауына көп балалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасылардың жағдайын жақсарту туралы бірқатар ұсыныс айтты. Б.Сапарбаев осы жылы енгізілетін жаңа ережелер мен ұсыныстарды тү­сіндірді. Атап айтқанда, Маңғыстауда өз бизнесін ашу үшін 500 мың теңгеге 200 грант беріледі. Сонымен қатар көп балалы аналарға және ауылда мүгедектігі бар адамдарға жеке ісін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін жеңілдікті шағын несиелер беріледі. Сондай-ақ көп балалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылып, үйде киім тігу, нан пісіру сынды әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Бұл шаралар бала күтімі мен еңбек қызметін қоса атқаруға, сондай-ақ қосымша табыс көзін алуға мүмкіндік береді.

– Кез келген көмек заң шеңберінде көрсетілуі тиіс екенін атап өткім келеді. Мысалы, тұрғын үй алу мәселесі. Қазақ­станның әрбір азаматының тұрғын үй алуға құқығы бар. Бұл үшін көп балалы отбасыларға да кезекке тұру қажет. Қа­зір 28 мың көп балалы ана кезекте тұр. Олардың ішінде аз қамтылған, мүгедек балалармен тұрғандар да бар. Иә, біз бұл мәселені бірінші кезекте кәсіпкерлер мен меценаттарды тарта отырып, көмектесеміз, – деді Б.Сапарбаев.

Жас кәсіпкер, Маңғыстау бизнесмендер қайырымдылық акциясының бастаушысы А.Нұрланова, жергілікті кәсіпкерлер өз ісін бастағысы келетін аз қамтылған отбасыларға көмектесуге да­йын екендіктерін жеткізді. Кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарға фермерлік шаруа­шылықтарға мал, құс сатып алуға, сондай-ақ оны өсіру мен ұстауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектеседі. 

Қала тұрғыны «ЖОО бітіріп келген Маңғыстау жастары мұнай секторында жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ» деген мәселе көтерді. Г.Әбдіқалықова жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен түлектерін жұмысқа орна­лас­тыруға бағытталған «Жастар тәжіри­бесі» мемлекеттік бағдарламасына қаты­суға шақырды. Ал облыс әкімі Е.Тоғжанов қазір Маңғыстауда 5 мыңнан астам бос жұ­мыс орны бар екенін атап өтті.

Облыс басшылығы мен аймақтың өкі­летті органдарына тұрғындардың мә­селелері мен ұсыныстарын пысықтау тапсы­рылды.

Ақтауда Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев азаматтарды жеке қабылдады.

Көп балалы ана, бір баласы 1 топтағы мүгедек Балзира Ерманова мүгедек балаларды күтетін аналарға зейнетақы тағайындау туралы сұрақ қойды. Заңға сәйкес, мүгедек балаларды күтетін ана­ларға бекітілген еңбек өтілі бойынша базалық зейнетақы қарастырылған. Қал­ғаны зейнетақы қорына өз аударымдары болуы тиіс.

– Бала күтіміне байланысты демалыста жүрген аналарға өз бизнесін ашуға мемлекет көмек көрсететін болады. Осы жылдан бастап бизнесті ашуға, жеңілдікпен шағын несие алуға қажетті мамандықтарға оқытуға гранттар қарастырылған. Жеке кәсіпкер ретінде өз кәсіпорныңызды тіркеп, зейнеткерлікке қаражат жинай аласыз, – деді Г.Әбдіқалықова. 

Нұра Әбдібақықызы – 6 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Қазір 40 мың теңгеге тігінші болып еңбек етеді. Сонымен қатар мемлекеттен 114 мың теңгеден астам сомаға жәрдемақы алады. Б.Сапарбаевпен жеке кездескен ана министрден баспана алуға көмектесуін сұрады. Министр Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеевке бұл мәселені заңға сәйкес бақылауға алуды және қарауды тапсырды.

Руслан Гайбатов мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке көмекшілерімен жұмыс істеу қиындықтары туралы айтты. Мысалы, қазір жеке көмекшінің қызметі бәсекелестік ортаға берілді, бұл қызмет алушылар мен өкілетті орган арасындағы даулы жағдайларға әкеп соғады. Министр қызметтерді тікелей өкілетті органмен және жеке көмекшімен жасау қажеттігін атап өтті, өйткені тұлғааралық қатынастар мен коммуникация аспектісі маңызды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы