Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Қолжетімді несие берудің бастапқы жобасы қазақстандық сүт өнеркәсібіне бағытталады

884 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Даму» қоры басым жобаларға қолжетімді несие беру бағдарламасы бойынша Жамбыл облысындағы Мерке ірімшік зауытына алғашқы субсидия берді. Сыйақы мөлшерлемесі 14,95% құрады, оның 6,95%-н мемлекет субсидиялайды. Қарыз сомасы – 16 млн теңге, мерзімі – 7 жыл, деп хабарлайды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ Баспасөз қызметі.

Қолжетімді несие берудің бастапқы жобасы қазақстандық сүт өнеркәсібіне бағытталады

Бөлінген қаражатқа кәсіпкер өнім түрлері мен және шығарылатын өнім санын айтарлықтай көбейту үшін өзінің өндірістік желісін модернизациялауға жұмсауды жоспарлап отыр. Кәсіпорын басшысы Дастан Айтөленовтің айтуынша, «Даму» қорының қолдауымен «Банк ЦентрКредит» АҚ-тан алынған қарыз сыр зауытының қуатын 10-12%-ға арттыруға мүмкіндік береді, бұл қайта өңделген өнім өндірісін 10-15%-ға ұлғайтады. Соның нәтижесінде қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бюджетке жыл сайын 40 000 000 теңгеден астам салық түсімдері түсетін болады. Жоба 2019 жылдың сәуір айында аяқталады деп межеленген. Осы мерзімге дейін жабдықтарды монтаждауды аяқтап, іске қосу көзделген.       

«Қолжетімді несие беру механизмінің бір  бағыты – экономиканың басым салаларында қызмет ететін кәсіпкерлерді ынталандыру, бұл екінші деңгейдегі банктер беретін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды көздейді. Механизмді іске асырудың нәтижесінде отандық тауарлар өндірісінің көлемі ұлғаяды және импортты алмастыратын жаңа өндіріс орындары ашылады деп ойлаймыз», – дейді «Даму» қорының Басқарма төрағасының орынбасары Гаухар Бөрібаева.

«Банк ЦентрКредит» АҚ жаңа бастамаға белсенді қатысып, қолжетімді несие механизмін жүзеге асыруда несие берген алғашқы банктердің бірі болды. «Отандық бизнесті қолдау – ЦентрКредит Банкі қызметінің негізгі және басым бағыттарының бірі. ЦКБ, әлеуметтік жауапкершілік көтеретін қаржы институты ретінде экономиканың нақты секторын дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді. Бүгін берілген қарыз Жамбыл облысындағы отандық азық-түлік өнімдері өндірісін дамытуға ықпал етуі тиіс, – дейді Басқарма төрағасы Ғалым Хусаинов.

Естеріңізге сала кетейік, басым жобаларды несиелеу механизмі жылдық 15%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен несие беруді көздейді, сыйақы мөлшерлемесінің  жылдық 7%-ына дейін «Даму» Қоры субсидиялайды. Кәсіпкерлерді қаржыландыру «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қолданыстағы талаптарына сәйкес, өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіп секторы саласындағы жобалар арқылы жүзеге асырылады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ