Президент • 19 Наурыз, 2019

Елордада бас мешіттің құрылысы басталды

1192 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада бой көтеретін көлемі мен келбеті жағынан әлемдегі үздік ондыққа кіретін жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. 

Елордада бас мешіттің құрылысы басталды

Жаңа мешіт ЭКСПО қалашығының аумағында тұрғызылуда. Онда бір мезетте 30 мың адамның құлшылық етуіне мүмкіндік болады. Оның ішін­де әйелдерге арналған 3000 орын бар. Ғимараттың жалпы көлемі 57 мың шаршы метрді құрайды, ал мұна­расының биіктігі 130 метрге жет­кі­зілмек. Сондай-ақ күмбезінің диаметрі – 63 метр.

Елбасы осынау ұлық істің Нау­рыз айының қарсаңында басталуын жақ­сылыққа жоритынын айтты. Мем­лекеттік бюджеттен мешіт құры­лысына қаржы бөлінбейді. 

– Бұл ел тәуелсіздігінің қарсаңында өткен үлкен мәжілістердің бірінде жоспарланған жұмыс еді. Мешіт салу үшін арнайы қор құрылып, еліміздің белгілі кәсіпкерлері мен қарапайым аза­маттары қаржылай үлес қосуда. Қа­зақстанның тәуелсіздік жылдарында елдің саясатының арқасында өсіп-өніп, бизнесін өркендеткен азамат­тар­дың бір тобы құрылыстың басталу рә­сіміне де қатысып отыр, – деді Ел­басы. 

Мемлекет басшысы, сонымен қатар жаңа мешіт діни ғимарат болып саналғанымен, Астананың ең бір кө­рік­ті әрі туристерді баурап тұратын ғи­ма­рат тарының бірі болатынын жет­кізді. 

– Мен таяуда БАӘ-де болып, ал­тыннан тұрғызылған шейх Заид мешітін көрдім. Бұл мешіт 3-4 жыл бұрын ғана ашылса да, оған жыл сайын 6 миллион турист барады. Алла ісімізге береке берсін. Ұрпақ­тары­мыздың болашағы жарқын болсын, – деді Мемлекет басшысы. 

Жоспар бойынша мешіт құры­лысы екі жыл ішінде аяқталуы тиіс. Ал құрылыстың уақытылы және сапалы жүргізілуі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болады. Прези­денттің айтуынша, мешіт жобасын бекітер кезде әлемдегі үздік мешіт­тер­дің артықшылықтары елеп-екшеліп, ең үздігіне таңдау жасалған. 

Қала әкімдігінің жоспары бойынша елорданың Бас мешітінің қапталынан көлемі Ботаникалық бақтан да үлкен саябақ орын тебеді. 

Мешіт құрылысына тапсырыс беруші «Астана-2020» қорының ат­қарушы директоры Нұржан Мың­жа­саровтың айтуына қарағанда, құл­шылық үйіне әлемдегі ең заманауи материалдар пайдаланылмақ. 

Мешіттің аумағында 3500 көлік­ке арналған жабық және ашық авто­тұрақтар қарастырылған. 

– Бұл мешіт Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ең алып және бірегей мешіт болуы тиіс, – деді журналистерге сұхбат берген Н.Мыңжасаров. 

Енді 24 айдан соң Астанаға әуе­жайдан келер тұста ең бір сәулетті ме­шіт жамағатқа есігін айқара ашады. 

Құрылысқа жауапты компания өкілдері жұмыстың ең қызған тұсында бір мезетте шамамен 2,5 мыңдай құ­ры­лысшы тартылатындығын айтып отыр. 

Жауапты жұмыстың маңыз­ды­лығы мен жауапкершілігі қазірдің өзін­де қажетті құрылыс көліктерінің тізі­ліп қойылғанынан да аңға­рыл­ды. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қа­зақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сына барды.

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алматы ауданындағы Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасының қа­зіргі жұмысымен және алдағы жос­парымен танысты, сондай-ақ қызмет­керлермен әңгімелесті.

– Сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Біз сіздермен бірге халықтың игілігі үшін еңбек ете­міз. Егер мемлекетте бірлік пен келісім болмаса, ондай елдің болашағы жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға ­қаты­сушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, Діни басқар­маның жұмысына табыс тіледі.

* * *

«Нұрлы Астана» корпоративтік қоры Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы жаңа ғимаратының құры­лы­сын 2015 жылдың қазан айында бастап, 2018 жылғы желтоқсанда аяқ­тады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»