19 Наурыз, 2019

Қоршау салып алған, ал рұқсат алынбаған...

1172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы орталық саябақта аяқ астынан қоршау пайда болғанын байқап қалған тұрғындар дабыл қақты. Қоршау пайда болды дегенше, ондағы тал-теректің түбіне балта жетеді дей беріңіз... 

Қоршау салып алған, ал рұқсат алынбаған...

Тұрғындар қаққан дабыл діттеген жеріне жетті де. Саябаққа қала әкімі Нұр­лан Әубәкіров келіп, мән-жайға түсінік берді.

– Бұл жерде спорттық нысандар салынады, – деді ол. – Қазір мұнда көп жылдан бері пайдаланылмай келе жат­қан футбол алаңы бар. Сондықтан бұл жерге спорттық нысан салуды ойластырып жүрміз. Бізге мұндай ұсыныспен Қазақстанның теннис федерациясы шықты. Инвестиция құны – 2,2 миллиард теңге.

Қала әкімінің уәжі белсенді тұрғын­дардың көкейіне қоныңқырамады. «Бізде – Пришахтинск мен Оңтүстік-Шығыста екі теннис корты бар. Қа­р­ағандыдан қаптап шыққан тен­нис­шілерді көргеніміз жоқ, ал теннис­пен айналысамын дегендерге осы екі корт та жетпей ме? Бір нәрсені сал­­­­мас бұрын тұрғындармен неге ақыл­даспайсыздар? Қоғамдық тыңдау не себеп­тен өткізілмейді?», деп олар қала басшысын сұрақтың астына алды.
Әубәкіровтің де жауабы әзір екен, нақты деректермен жауап берді.

– Пришахтинскіде бір сағат тен­­ниспен айналысқаныңыз үшін 4000 теңге төлейсіз. Ал Оңтүстік-Шығыстағы теннис орталығы аузы-мұрнынан шығады.

Яғни, тенниспен шұғылдануға деген сұраныс зор, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол саябақтағы жер те­лімінің жекеменшікке өтпейтінін айтты. Ал саябақтағы аталған жер 4 жыл 11 ай мерзімге жалға берілген екен. Әкімнің сөзіне сенсек, қоршауға алынған жердегі ағаштар кесілмейтін көрінеді. 

«Мәдени және демалыс саябағы басқармасы жақын арада заманауи техника сатып алып, корт салуға кедергі келтіретін 180-ге жуық талды тамырымен қопарып жұлып алады да, басқа жерге егеді», деді қала әкімі. Яғни, арба сынбайды, өгіз де өлмейді. 

Қызықтың көкесі мынада болып шықты: саябақтағы жер телімі қор­шауға алынғанымен, бұл жерге қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат әлі алынбаған екен. Тек жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмақшы. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» деген осы болар.

Бір жағынан алып қарасаңыз, Қа­­рағандының тұрғындары мен қо­нақтары жиі келетін орталық сая­бақ­та спорттық-сауықтыру ныса­ны­ның болғаны да жақсы. Қолға ра­кетка алып, бір мезгіл ащы тер шығару – сала­матты өмір салтын ұстанған адамға нағыз демалыс қой. Тек, бә­лен­бай жылдан бері жайқалып өсіп тұр­ған жасыл желекті аяйсың...

Қоғамдық тыңдау Наурыз ме­ре­кесін тойлағаннан кейін өтуі мүм­кін. Ал әзірге саябақта құрылыс­қа дайындық жұмыстары әсте саябыр­лаған емес. Керісінше, қаңылтыр те­­­мірден соғылған қоршау кеңейіп, құ­­­­­­­рылысқа қажетті материалдар үс­ті-үстіне жеткізіліп жатыр. Соған қа­ра­­ғанда, нұсқау алған қала әкімдігі үшін қоғамдық тыңдау дегеніңіз құр ән­шейін көзалдау сияқты ма деп қала­сың...

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ