19 Наурыз, 2019

Шығыс медицинасының шипасы бар

1179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Юрий Пя, Серік Ақшо­лақов, Нұрлан Бәтпенов бастаған ас­тана­лық атақ­ты дәрігерлер Шы­ғыс Қазақ­станға екі күндік жұ­­мыс сапарымен келді. Арқа төсінен арнайы келген ақ халаттылар 11 нау­рызда Семейдегі жедел ме­дициналық жәрдем ауруха­насы, Өске­мендегі об­лыс­­тық аурухана мен облыс­тық маман­дан­ды­рылған меди­ци­налық орталығында болды.

Шығыс медицинасының шипасы бар

Семейдегі жедел медици­налық жәрдем ауруханасын аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Марат Шоранов осында Қазақстан бо­йын­ша тұңғыш рет ашылғалы отырған гибридті операциялық зал жайында айтып берді. Елор­далық дәрігерлердің өңірге сапарының алғашқы күнінің қоры­тындысында біздің облыс­тың 3 ауруханасы мен Аста­­надағы Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургия, Ұлттық нейро­хирур­гия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу ор­та­лық­тарының басшылары ын­тымақтастық жөніндегі мемо­рандумға қол қойды. 

Облыс әкімдігінде өткен шара барысында еліміздегі ең үздік ғылыми орталықтардың жетекшілері өңір медицинасына қатысты өздерінің ойларымен, алған әсерлерімен бө­лісті. «Медицина – өте нәзік, күр­делі сала. Еліміздің барлық аза­мат­тары сапалы медициналық қыз­мет алуға қақылы. Меніңше, медициналық мекемелерді рес­публикалық орталық, облыстық орталық деп бөлу дұрыс емес. Бұл кешегі кеңестік заманнан қалған сарқыншақ деп ойлаймын. Ал сіздердің өңір медицинасын биік деңгейге көтеру бағытындағы қадамдарыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Се­мейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасында гибридті операциялық зал ашпақ екенсіздер. Мұның кереметі – бір­неше бағытты қамтитын әмбе­баптығында, бұл жерде тек кардиохирургия немесе нейро­хирургия емес, травма­тология бойынша да операция жасауға болады. Мұндай операциялық зал Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек. Сон­дықтан бұл қадамдарыңыз елі­міз­дегі медициналық қыз­мет көр­сетуді бұрын-соңды бол­ма­­ған жаңа сапаға шығарады деп үміттенемін. Өскемен ауруха­наларындағы заманауи ме­дициналық құрылғылар кө­­­­мегімен барлық операция түр­­­лерін жасауға болады деп сеніммен айта аламын. Мұны көр­сету керек. Насихаттау қа­жет. Іргедегі Ресейдің Өскемен­ге жақын қалаларының тұрғын­дары осында келіп, ем алса жа­ман ба?! Мұндай бағасы қым­­бат, жоғары технологиялы құ­рыл­ғылар бос тұрмауы керек, күні-түні ел игі­лігіне жұмыс істеуі керек», деді Астанадағы Ұлт­тық ғылыми кар­диохирургия орталығының директоры Юрий Пя. 

Ал кездесуде сөз алған Ұлт­тық нейрохирургия орталы­ғының директоры Серік Ақшо­лақов облыс әкіміне: «Се­мейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасын­да ашылатын гибридті опера­циялық залында алғашқы операцияны біз жасасақ» деген тіле­гін жеткізді. Сонымен қатар алыс және жақын шетелден білікті дәрігерлерді шақырып, конферен­ция өткізсек деген ұсынысын айтты. 

Орайы келгенде айта кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметов қаң­тар айында елордаға арнайы барып, Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургия, Ұлттық нейрохи­рур­гия, Травматология және ор­то­педия ғылыми-зерттеу ор­та­лық­тарының басшыларымен кездесіп, оларды өңір ауруха­на­­ла­рымен ынтымақтастық орна­туға, филиал­дарын ашуға шақырған еді. Бұл сапарды сол кез­десудің алғашқы нәтижелері, үлкен жұмыстың басы деуге болады. 

ӨСКЕМЕН