19 Наурыз, 2019

Бітімгерлер ерлігін бейнелейді

1246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы ұлттық музейде «Ирак ашық аспан астында: Қазақстан және Польша бітімгер әскерлері» деп аталатын  халықаралық көшпелі фотокөрме ашылды.

Бітімгерлер ерлігін бейнелейді

Шараны ұйымдас­тырушылар – Қорғаныс министрлігі және «Қазбат» бітімгерлер жасағының құрамында қызмет атқарып жүріп, 2005 жылдың 9 қаңтарында Ирак жерінде жарылған мина салдарынан қайтыс болған бітімгер-капитан Қайрат Құдабаев атын­дағы қоғамдық қор мен еліміздегі Польша Республикасы Елшілі­гінің қорғаныс істері жөніндегі атташесі. 

Көрменің салтанатты ашы­лу рәсіміне бітімгерлік мис­сияның ардагері, Польша Рес­­публикасының запастағы бри­га­да генералы Гжегож Бушка жә­не Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мүслим Алтынбаев қатысып, өткенге салауат, болашаққа берекет тілеп, сөз сөйледі. Бұл тұлғалардың айтуына қарағанда, Қазақстан мен Польша бітімгерлері бір-бірімен иық тірестіре жүріп Иракта бейбіт өмір қалыптастыруға атсалысыпты. 

Яғни, Ирактағы миссия ке­зінде 300-ге тарта қазақстандық бітімгер-жауынгерлер «Қазбат» ин­женерлік-саперлік отряд құ­ра­мында 10 рет ротацияға қатысып, далалық пункттерді ауыз сумен қамтып, жарылмай қалған миналарды залалсыздандырған. Сонымен қатар жарылу қаупі бар нүктелердің көзін жойып, Ирак әскери академиясының 572 кур­сантын сапер ісіне машық­танған. 

Көрмеге жоғарыдағы әске­ри міндеттерді атқару кезінде тү­сірілген қазақстандық бітімгер­лердің 50-ден астам фотосы қойылды. 

Шара кезінде Польша Респуб­ликасының ұлттық қауіпсіздік бюросы әскери қолбасшылығы де­партаментінің директоры, бригада генералы Ярослав Крашевски мен Қазақстан Рес­публикасының Поль­шадағы Төтен­ше және Өкі­летті Елшісі Мар­ғұлан Бақытұлы тікелей эфирге шығып, аталмыш фото­көрме алдағы 25 мамырда Вар­шава қаласындағы «Поль­ша Войскосы» музейінде жал­ғаса­тынын жеткізді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»