Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Өнеркәсіпті цифрландырудың пайдасы мол

1579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде өнеркәсіп саласын цифр­ландыру арқылы табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол. Бұл туралы кеше «Өндіру, қай­та өңдеу және өндіріс индустриясы­на арналған цифрлы шешімдер» деп аталатын конференцияда айтылды.

 

Өнеркәсіпті цифрландырудың пайдасы мол

Жиында аймақтық және қазақстандық интеграторлар деректерді автоматты түрде өңдеуге арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді таныстырды. Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы көшбасшылары саналатын Arcelor Mittal, Қазцинк холдинг, Chemtech сынды компаниялардың басшылары өнеркәсіпті цифрландыруға бағытталған әлемдік тренд­терді ортаға салып, өндірістік үде­ріс­терді ұйымдастыруға арналған жаңа тех­нологияларды енгізу төңірегінде ой алмасты.

− Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көпт­еген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгі­лерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифр­лы технологиялар көмегімен бәсекеге қабі­летті болуға талпынуда. Қазақстан 2050 жылға дейін ең дамыған 30 мемле­кет­­тің қатарына қосылуды жоспарлап, «Цифр­лы Қазақстан» стратегиясына басым­дық беріп отырғанын ескеретін болсақ, елдегі өндіріс саласының трансформация­дан өтіп жатқандығы ерекше маңызға ие, – деді Майкрософттың Қазақстанның серік­тестер арнасын дамыту жөніндегі менед­жері Наталья Матасова. Оның айтуынша, өнер­кәсіптік мекемелерге IT мамандар ұсына­тын бағдарламалар мен цифрлы негіздегі жобалар бағасы жағынан да қолжетімді. 

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қар­жы директорының орынбасары Нес­тор Комарицкийдің айтуынша, бүгін­гі жаңа технологиялар ірі өнеркәсіп ошақ­тарын­дағы қауіпсіздікті қадағалап отыруға мүмкіндік береді. 

− Біздің мекеме қызметкерлердің қауіп­сіздігін бірінші орынға қояды. Бүгінде жаңа технологиялар арқылы адамдардың қауіпсіздігін сақтауға арналған түрлі қанатқақты жобалар бар. Біз де бұл үдеріс­тен қалыс қалмаймыз. Бір ғана мысал, бейнебақылаудың көмегімен зауыт­қа кірген әр адамның қауіпсіз­дік ере­же­лерін қаншалықты сақтағанын анық­тау­ға болады. Бүгінде компанияда 4 мың­­ға жуық орын автоматтандырылған. Ал жа­л­пы алғанда өндіріс ошағының то­лық­тай, яғни 100 пайыз цифрлануы үшін әлі 20-25 жыл керек. Ең басты­сы, тұр­мы­сымызға жаңадан енген техно­логия­­лық төңкерістің кәсіпкерлік салаға берер оң ықпалы барын ұғынған абзал, – деді ол.

Жиында Қазақстан экономикасының жетекші индустриялық секторында робот техникасын қолдану мысалында жасанды интеллект мүмкіндіктері де таныстырылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар