Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Шаруасы шалқыған шағын зауыттар

879 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте ел экономикасы жайлы сөз еткенде алып өндірістердің үлесін алдыңғы лекте айтамыз. Дегенмен, отандық өніммен қамту және жұмыс берушілердің негізгі легі шағын және орта бизнестің қолында екенін де ескерген жөн. Осы шағын бизнес өңірлердегі өндірістің отын өшірмей, шағындап болса да өнім шығарып, ішкі нарықты дайын тауармен қамтып отырғанын да ұмытпаған ләзім.

Шаруасы шалқыған шағын зауыттар

Негізінен, аймақтағы шағын және орта бизнес саласы халықты жұмыспен қамтып отыр деуге болады. Мысалы, Алматы облысында осы салада 245 000 адам еңбек етеді екен. Ал осы секторда өндірілген өнім жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін құрайды. Былтыр жеке бизнес төлеген салық мөлшері 108 млрд теңге болыпты. Демек, шағын өндірісте шаруа анық жолға қойылған. Әсіресе, аудан орталықтарындағы кішігірім өндірістің аймақ үшін маңызы зор. Дайын өнімнің бағасы арзан әрі жұмыс күшіне сұраныс туады. 

Осындай бір-екі шағын зауытты тілге тиек етіп көрсек. Мысалға, Көксу ауданының Лабасы ауылдық округын­дағы май шығаратын зауыт­тың іргесі 1967 жылы қаланған екен. Ауылдағы дайын өнім шығаратын осы шағын өндіріс соңғы 20 жыл бойы қаңтарылып тұрған-ды. Жеке инвестор мен мемлекеттің тізе қосуы­нан кейін қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 100 миллион теңге көлемінде берілген қаржыға Ресейден заманауи қондырғылар сатып алынды. Алғашқы өнімін де шығарып үлгерді. Кәсіпорында жасалған түрік айраны, құрғақ сүт және ысталған шұжық нарыққа жөнелтіліп жатыр. 

– Зауыт толық қалпына келгеннен кейін сүт өнімдерінің барлық түрін шығарамыз. Шикізатты жақын маңдағы ауылдар мен көрші аудан­дар­дан сатып алмақшымыз. Өндіріс тәу­лігіне 40 тонна сүт тұтынатын бола­ды. 20 адамға жұмыс береміз, – дейді сүт зауытының басшысы Бақыт Арқабаев.

Ал Алакөл ауданында балық өнім­дерін шығаратын зауыттың жұмысы көңіл қуантады. Күніне 800 кило балық өңдейтін «Golden fish» зауыты жаңа технологиямен жұмыс істейді екен. Қазір мұнда көксеркенің сүбесі нарыққа шығарылады. Басқа да үш түрлі балық өнімін шығарып, тұтынушылар сұранысына ие болған. Жақын күндері зауыттың жаңа цехы іске қосылып, алабұға мен мөңке балықты өңдеп, сазанның жон еті мен уылдырық дайындауға кіріспек. 

«Golden fish» ЖШС 40 адамды жұмысқа қабылдаған. Көктемге қарай зауыттың өнім дайындау қуатын күніне 2 тоннаға дейін жеткізу жос­пар­ланып отыр. Қажетті балық Ала­көл­ден бөлек, Зайсан, Балқаш көл­дері­нен де тасымалдануда. 

Жалпы өткен жылы Алакөл ауданын­­­­да өндірілген ауыл шаруа­шы­лы­­­ғы өні­мі табысты болып, шаруалар 35,6 млрд теңге таза пайда тапты. Аудан­дағы салық түсімі 103 пайызға орында­лып, 5 млрд 771 млн теңгені құрады. 

– 2018 жыл біз үшін табысты болды. Аудан диқандары 83,3 мың гектар жерді игеріп, 205 мың тоннадан астам астық жинады. Мал шаруа­шылығы да қарқынды дамып, асыл тұқымды мал басы артып келеді. Төрт түлікті көбейтіп, ет пен сүт өндір­ген шаруаларға 663,5 млн теңге субсидия берілді, – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.

Өңірдегі шағын зауыттарды тиімді өндіріс көзіне айналдырудың маңызы зор. Жоғарыдағы екі мысал соның дә­ле­лі. Жалпы, Алматы облысында ша­ғын және орта бизнестің үлесін биыл 28,5 пайызға жеткізу жоспарла­нып отыр. Былтыр бұл салада 100 жа­ңа ны­сан ашылды. Нәтижесінде 31 мың адам­ға жұмыс табылды. Бұл «Нәти­желі жұ­мыс­пен қамту және жап­пай кәсіпкер­лік­­ті дамыту» бағдарлама­сының да өңір­­де табысты жүзеге асып жатқанының бір көрі­нісі.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы