Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

«Көрмені көріп қал, керегіңді алып қал»

1020 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Көрме» орталығында Ауыл шаруашылығы м­инистр­лігі, Астана қаласының әкімдігі, «ҚазАгро» ұлттық басқару­шы холдингі, Қазақстанның фермерлер одағы, Құс өсіру­шілер одағы, Жылыжай шаруашылықтары одағы секілді ұйым­дар­дың тізе қосып қолдауымен халықаралық «AgriTek/FarmTek Astana-2019» ауылшаруашылық көрмесі өтті.

«Көрмені көріп қал, керегіңді алып қал»

Екі күнге созылған көрмеге Аустрия, Беларусь, Германия, Из­раиль, Испания, Италия, Кана­да, Қытай, Нидерланд, Ресей, Словакия, Түркия, Ук­раи­на, Чехия, АҚШ сынды ел­дер­­ден келген 200-ден астам ком­­пания, сондай-ақ Қазақстан ком­­­паниялары қатысып, өз өнім­дері мен жаңа технологияларын, ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы соңғы жетістіктерін ұсынд­ы. Жоғары сапалы ауыл шаруа­шылығы техникалары, егін суару, жемшөп өндіру, мал мен құс өсіру технологиялары саласындағы соңғы жаңалықтар биыл да көрмеден орын алды.

– Елбасымыз атап көрсет­кен­дей, ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы ретінде оның әлеуетін арттыратын қозғаушы күшке айналуға тиіс. Оған қол жеткізуде мұндай арнаулы көрмелердің фермерлерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге беретін пайдасы зор. Көрмеге келушілер осында қойылған техникалармен және технологиялармен таныса отырып, алдыңғы қатарлы елдердің, сондай-ақ өз еліміздің үздік компанияларының қандай жетістіктерге жетіп жатқанын байқап, өзінше түйін түйеді. Өз шаруашылықтарында сондай технологияларды енгізуге ұмтылады. Мәселен, мен өзім көрмені аралай жүріп, мұнда соңғы кездері фермерлердің назарына ілігіп отырған дәлме-дәл егіншілік технологияларының қойыл­ғанын көрдім. Сондай тех­но­логияларды ұсынған компа­ниялармен енгізу жолдарын талқылап, осы жерде келісім­шартқа отыруға болады, – дейді еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Акбар Мәуленов.

«Көрме» орталығының директоры Геннадий Дякин­­нің айтуынша, осы өтіп жатқан ауыл­­шаруашылық техникалары мен технологиялары көрмесі­­нің бір ерекшелігі, көрме көле­мі­нің бұрынғыға қарағанда едәуір ұлғая түсуі болып отыр. Ол «Көрме» орталығының бес бір­дей залын қамтыған. Сондай-ақ ірі техникалар «Көрме» орта­лы­ғы ғимаратының маңайына шо­ғыр­ландырылған. Демек, осы­мен 14-інші рет өткізіліп оты­р­ған көрмеге қатысушы ком­­па­ния­лардың ықыласы арта түскен.

– Бұл жолғы көрменің тағы бір ерекшелігі, бұрын көбі­­­несе жаңа техникаларға ғана мән берілуші еді. Ал бұл жолы егін­шілік саласындағы тұқым­дар мен тыңайтқыштар, жылыжай­лар ішіне орнатылатын суару құралдары, ветерина­рия сала­сын­дағы соңғы жетістік­терді әйгі­лейтін технология­лар мен құрал­дарға да мән берілу­де. Өйт­кені осының барлы­ғы фермер­лерге керек. Екінші­ден, бұл елі­міздің ауыл шаруашы­лығы­ның тиімділік пен сапаға қарай бет алғанын көрсетеді, – дейді Г.Дякин.

Расында биылғы көрмені аралап көрген адамның сала­дағы соңғы жаңалықтарға қызы­ғу­­шылығы арта түседі. Өй­т­­кені көр­меге қарап, әлемдік ауыл шаруа­­шылығы саласының жыл­­дан-жылға өзгеріске түсіп жат­­қанын, жаңа техникалар мен тех­нологиялардың дендеп ене бастағанын байқауға болады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше