Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Тапсырмалардың орындалу барысы қаралды

921 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенатта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау жөніндегі тапсырмаларының орындалуы барысына арналған Үкімет сағаты болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.  

Тапсырмалардың орындалу барысы қаралды

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров өзінің сөзінде Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII кезекті съезінде алға қойған міндеттеріне тоқталды. Президент алдағы уақытта азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеген болатын. Біріншіден, ол табысты арттыру және халықтың аз қамтамасыз етілген санаттарына қол­дау көрсету. Екіншіден, айлығы аз азамат­тардың тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту. Үшіншіден, өңірлерді кешенді түрде дамыту болып табылады.

Б.Бекназаров таяудағы өңірлерге барған сапарларында жергілікті ха­лық­пен кездесулерде Сенат депутаттары көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік жәрдемақы беру мәселелерін түсіндіргенін еске салды. 

– Жалпы жұртшылық Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде жариялаған ауқымды әлеу­мет­тік бастамаларын ризашылықпен және зор үмітпен қабыл алып, қызу қолдауын білдіруде. Ал енді, әлеуметтік қөмекті беруді 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бас­тап беру туралы Президенттің тапсырмасын халық қызу қолдап отыр, – деді Б.Бекназаров. 

 Сонымен бірге Сенат Төрағасының орынбасары өңір тұрғындары кө­терген өзекті мәселелерге назар аудар­ды. Ол әлеуметтік көмек тек аз қамтыл­ған және тұрмысы төмен отбасыларға берілуі керек екенін айта келіп, «Бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық пен бейғамдыққа, тіпті масылдыққа ден қоюға ынталандырмау керек», деді.

Б.Бекназаров, сондай-ақ тұрғын­дар­мен кездесулерде күнкөрістің төмен­гі деңгейін анықтау тәртібіне сын ай­тыл­ғанын да атап өтті. Азаматтарды ерекше толғандырған сұрақтар, мәселен, же­ке бау-бақшадан немесе азаматтардың өз ең­бекақысынан кәрілікке жинаған зей­нет­ақы төлемдерін есепке алуға қа­тысты болды.

Оған қоса, жұмыспен қамту ор­та­лықтары немесе жергілікті әкімдіктердің көптеген төрешілдік талаптарына әділ сын айтылғаны атап өтілді. «Сол кедергілердің үлкен бір бөлігі – үл­кен қалалар, облыс орталықтары маңын­да шоғырланған отбасыларды тиісті тір­кеудің реттелмеуі. Үйсіз-күйсіз жүрген жандар кімге барып, қалай тіркелмек? Ал тиісті тіркеусіз ешкімге ешқандай әлеуметтік көмек берілмейді», деді Сенат Төрағасының орынбасары. Осы мәселені шешу үшін, оның пікірінше, қазіргі заманғы цифрлы деректер базасын қолдану қажет, бұл халықты шамадан тыс талаптардан құтқаруға мүмкіндік береді.

«Жалпы сомасы 6,5 миллиард доллардан асатын бұл әлеуметтік қар­жының әділетті игерілуін қамтамасыз ету – үлкен дайындықты қажет етеді. Бұл ұрандатып өткізе салатын бір реттік шара емес, халыққа ұдайы түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Сенат депутаттары тарапынан бұл жұмыстар тиісті бақылауда болуы қажет. Ел азаматтарының  лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды заңнамалық қамтамасыз етуді көздейтін барлық бастамаларды Парламент әрқашан қолдауға және бірігіп жұмыс атқаруға дайын», деп қорытындылады Б.Бекназаров.

Үкімет сағатында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бердібек Сапарбаев баяндама жасады. Ол сенаторларға Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік қабылдаған шаралар туралы айтып берді.

 «Іңкәрім» мектепке дейінгі білім беру академиясының бастығы, кәсіпкер Фархад Мәденов мектепке дейінгі білім беруге, әсіресе мұқтаж азаматтардың қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыруға арналған бірқатар ұсыныстар жасады. Ол аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы балаларға мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік жәр­дем­ақы төлеуді заң жүзінде бекітуді ұсынды. «Табысы кедейлік шегінен аспай­тын отбасылар мен көп балалы отбасылар балаларының тамағына 50%-дан аспайтын мөлшерде төлейтін нор­маны заңдастыру қажет. Бұл кіші­гірім болса да нәтиже береді, өйткені балабақшаларда әлеуметтік әлжуаз отбасыларынан шыққан балалардың үлесі артатын болады, олар қаржы тапшылығынан мектепке дейінгі мекемелерге келе алмайды», деді кәсіпкер.

Одан басқа, Ф.Мәденов балабақ­ша­ларда да, жеке мектептерде де мектепке дейінгі сыныптарды субсидия­лау мәселесін шешуге кеңес береді; халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан шыққан балалар үшін мемлекеттік мектептерде мемлекеттік тапсырыс кө­лемін ұлғайту; балабақшаларда тәулік бойы жұмыс істейтін топтарды ұйым­дастыру мүмкіндігін қарастыру керек.

Талқылауға Сенат депутатта­ры Да­риға Назарбаева, Георгий Ким, Сәр­сенбай Еңсегенов, Серік Бектұр­ғанов, Нариман Төреғалиев, Төлеубек Мұ­қа­шев, Динар Нөкетаева, Мұрат Бақтияр­ұлы қатысты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова шараны қорытындылай келіп, Үкімет саға­тында айтылған ұсыныстар мен мәсе­лелер Парламент депутаттарының жұмысында ескерілетінін және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетінін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше