Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Ташкентте І Орталық Азия экономикалық форумы өтті

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ташкент қаласында аймақ елдері Үкіметтері өкілдерінің қатысуымен алғашқы Орталық Азия экономикалық форумы (ОАЭФ) өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастаған Қазақстан делегациясы қатысты. Алғашқы ОАЭФ тақырыбы «Орталық Азиялық қауымдасу: өзара тиімді даму келешегі» болды.

Ташкентте І Орталық Азия экономикалық форумы өтті

Өз сөзінде Қазақстанның вице-пре­мьері бүгінде Орталық Азия айма­ғы­ның елдері көршілік және өзара мүд­де қағидаттары негізінде барлық бағыт­тар бойынша ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін көрсететінін атап өтті. Аймақтағы ынтымақтастықтың жаңа қар­қыны өз жемістерін беріп жатыр. Тауар айналымы айтарлықтай ұлғайтылды, жаңа әуе, автокөлік және темір жол қа­тынастары, өткізу пункттері ашылып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.

Қазіргі таңда елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Орталық Азия аймағының нарығында сұранысқа ие 45-ке жуық тауарлар позициялары анықталған, Қазақстан оны жеткізу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Аймақтық өзара іс-қимылды жан­дан­дыру үшін «бестік» елдерін эко­но­микалық дамытудың шоғырландырылған тәсіл­дерін әзірлеу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру қажеттігі аталып өтті.

«Тау-кен өндірісі, су және ауыл шаруа­шылығы, машина жасау, энергетика, азық-түлік өнеркәсібі, көлік және коммуникациялар салаларында инвестициялық ынтымақтастық орнатуға үлкен мүм­кіндік бар. Орталық Азия елдерінің сау­да-инвестициялық ынтымақтастығын жақсарту үшін елдерімізді байланыстыратын темір жолдардың әлеуетін тұтастай пайдалануды ұсынамыз. Барынша тиімді әрі қарқынды ынтымақтастық үшін темір жол транзиттік тасымалдарын ұйым­дастыру кезінде бізге оңтайлы та­риф­тік сая­сатты ұстану қажет. Өнімдерді тасымалдау кезінде әкімшілік рәсімдерді жеңілдету біздің елдеріміз үшін жағымды мульти­пликативті нәтиже алуға жол аша­тынына сенім білдіремін», деді Ж.Қа­сымбек. 

Еуропа мен Азияның қарқынды дамушы әрі сыйымды нарықтарын ескере отырып, ОА елдеріне келісілген саясат арқылы тарихи байланыстырылған көлік күре жолдарының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Осыған орай, ОАЭФ барысында Қазақстан Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанды қоса алғанда Оңтүстік және Орталық Азияның барлық ел­дерінің өкіл­дерінің қатысуымен «Ор­талық және Оңтүстік Азияның көлік-тран­зит дә­ліздерін дамыту жөніндегі кеңес» мемле­кетаралық кеңесші және үй­лес­тіруші органын құруға бастама білдірді.

Қазақстанның Орталық Азия ел­дері-

мен сауда айналымы 2018 жылы 18,4% өсім көрсетіп, $4,3 млрд құрады. Оның ішінде, Өзбекстанмен тауар айналымы 25,3% ұлғайып, $2,5 млрд құрады; Қырғызстанмен – 13,1%-ға артып, $865,3 млн құрады; Тәжікстанмен – 8%-дан ас­тамға ұлғайып, $845,9 млн құрады. 

І Орталық Азия экономикалық форумы аясында GM «Uzbekistan» және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС ірі авто­өндірушілері арасында өндірісті да­мыту бойынша келісімшартқа қол қо­йылды.  

Қол қою рәсіміне Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбек пен Өзбекстан Премьер-Министрінің орын­басары Э.Ганиев қатысты.

Кездесу барысында автомобиль өнер­­кәсібі саласындағы ынтымақтастық перс­­пективалары, инвестициялық ын­ты­мақ­тастықты кеңейту, аймақтық сау­да-сат­тықты ынталандыру мәсе­лелері тал­қы­ланды. Тараптар 2019 жыл­дың соңы­на дейін Қазақстанның нарық­тарында да, Ресей Федерациясын қоса алғанда, экспорттық нарықтарда да өткізу үшін 16 мың техника шығару туралы келісімге келді.

Автоөндірушілер сонымен қатар бір­лескен кәсіпорын құру, жергілік­тендіруді тереңдету бойынша кезең-кезеңмен жұ­мыстарды қолға алу, оның ішінде авто­компонентті базада, жаңа бәсекелі модельдер бойынша ынтымақтастықты жал­ғастыру, өндірілетін өнім сапасын жақ­сарту шаралары туралы мәселелерді тал­қылады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше