19 Наурыз, 2019

Халықаралық диалог: қосымша білім көкжиектері

1230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқушылар сарайында «Қосымша білім беру: болашаққа көзқарас» атты халықаралық құрылымдық диалог өтті. 

Халықаралық диалог: қосымша білім көкжиектері

Оған Білім және ғылым министрлігінің жауапты мамандары, «Nur Otan» партиясының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ата-аналар ұйымының, Еуразиялық қауымдастығының Ресей, Беларусь және Қырғызстандағы өкілдері,  мектептер басшылары  мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Парламент сенатының депутаты Сәуле Айтбаева елімізде мектептен тыс 1303 ұйым мен білім ордаларында 63 мыңнан астам үйірме жұмыс істейтінін жеткізді. Балалардың 82,8 проценті қосымша біліммен қамтылған. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа  мүмкіндіктері» Жолдауы аясында  60 мыңнан  астам оқушы баратын 17 технопарк пен  16  бизнес-инкубатор ашылды. Үстіміздегі жылы  технопарктерінің саны – 25, бизнес-инкубаторлар 18-ге жеткізіліп,  120 мың баланы қамтитын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет өз сөзінде қосымша білім берудің маңызына тоқталды.

«Былтыр пайдалануға берілген Оқушылар сарайы қосымша білім берудің зор мүмкіндіктеріне жол ашып отыр . Мұнда Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Бұдан өзге  мәдени және іскерлік қарым-қатынастардың орталығына айналғанын айта кеткен жөн. Өңірімізде 40 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтамасыз етілсе, Петропавлда оқушылардың 90 проценті сабақтан тыс үйірмелерге қатысады», деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жиналғандарды Оқушылар сарайының жұмысымен таныстырды.

Шара барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда қолданылатын инновациялар, Win-win стратегиясы, бейнелеу өнерінде ІТ-технологияларды пайдалану жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. Сондай-ақ, жиында балаларды оқытуда техникалық және кәсіпкерлік бағыттарының заманауи үлгілерін, жалпы орта және қосымша білімнің түрлі кіріктірілу формаларын енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасөспірімдердің арасында STEM-білім беру жүйесін дамыту, сәндік-қолданбалы өнерді, ән мен биді эстетикалық тәрбие беруде ұтымды қолдану жайлы айтылды.

Халықаралық диалог соңында қосымша білім берудің даму бағыттарын анықтайтын тиісті ұсынымдар әзірленді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік  Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше