Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

«Халыққа көмек» бірқатар мәселені шешеді

1695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Халыққа көмек» жобасы басталды. «Nur Otan» партиясының Бірыңғай әлеуметтік терезе концепциясы аясында қолға алынған бұл бастаманы Мемлекет басшысы партияның XVIII съезінде ұсынған болатын. 

 

«Халыққа көмек» бірқатар мәселені шешеді

«Nur Otan» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жоба аясын­да қоғамдағы өзекті мәселе­лерді дер кезінде әрі тиімді ше­шу үшін қоғамдық қабылдау бөл­ме­лері «жедел әрі бір жерде» қа­ғидасымен жұмыс істейті­нін жеткізді. «Жобаны жүзеге асыру мақсатында тек ірі қала­лар­дағы ғана емес, барлық филиал­дарымыздағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің әлеуетін толық пайдаланамыз. Өйткені біздің басты міндетіміз – халықтың мәселесін тиімді шешіп беру», деді ол. 

Партиялық жобаның басты мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу және әлеуметтік жоспардың өткір әлеу­меттік проблемаларына көмек көрсету. М.Әшімбаевтың айтуынша, «Халыққа көмек» партиялық жо­басы арқылы қоғамдық қа­былдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың жә­не бизнес қауымдастықтың қыз­меттерін үйлестіруші рөлді атқа­рады. 

«Nur Otan» партиясы Рес­пуб­­ликалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Бақыт Темі­рова жобаны іске асыру те­тік­теріне тоқталды. Бұл тұрғыда азамат­тар өздерін мазалаған сұрақтар мен мәселелерін кез келген партия филиалдары, онлайн түрде, яғни партияның www.nurotan.kz 

ресми сайты, 109 iKomek ор­та­лығы, партияның әлеуметтік же­лілердегі ресми парақшалары, пар­тияның 88000804441 Call Center-і, 87008004441 нөміріндегі WhatsApp желісі арқылы өтініш беріп, көмек ала алады. 

Б.Темірованың мәлімдеуінше, аталған жоба туралы съезде сөз болғаннан кейін 3216 азамат қо­ғам­дық қабылдау бөлмелеріне өтініш беріп үлгерген. Оның 1075-і тұрғын үймен қамтамасыз ету, 233-і жұмыспен қамту, 86-сы ба­лаларды оқыту, 57-сі балаларды емдеу және 58-і мүгедектерді оңалту мәселелерімен хабар­лас­қан.

 «Nur Otan» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров жоба аясында халықтың мәселелерін шешуде әлеуметтік желіні тиімді пайдалануға ша­қыр­ды. «Азаматтар көкейдегі сауал­дарын, мәселен, еңбекақы, али­менттің төленбеуін немесе тиіс­ті көмек, анықтамалардың беріл­мей жатқанын әлеуметтік желі­дегі парақшаларында жазса, өті­ніштер негізінде заңға сәйкес әр мәселенің шешімін табуға тыры­самыз. Бұл біздің әлеуметтік же­лі­лердегі белсенділіктің бір бағыты болады», деді ол.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше