Қазақстан • 20 Наурыз, 2019

Мәулен Әшімбаев: Тарихи сәтте халқымыз бірлік пен ынтымақта болуы тиіс

1215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan»партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өтпелі кезеңде халықты ынтымақ пен бірлікке шақырды. Бұл туралы ол Фейсбук парақшасында жазды.

Мәулен Әшімбаев: Тарихи сәтте халқымыз бірлік пен ынтымақта болуы тиіс

«Мен де барша қазақстандықтар секілді аралас сезімді бастан кешіп отырмын. Бір жағынан Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін тоқтатқанына өкініш болса, екінші жағынан Ұлт көшбасшысының ерлігі мен даналығына өлшеусіз құрмет сезімі бар» деп жазды Мәулен Әшімбаев Фейсбуктегі ресми парақшасында.

Сондай-ақ ол мәлімдеменің бір минуттық шешім еместігін атап өтті.

«Нұрсұлтан Әбішұлының бұл маңызды қадам жөнінде неше күн, неше сағат ойланғанын білмейміз. Бірақ біздің Елбасы үнемі халық пен ел мүддесіне қажет шешім қабылдайды. Сондықтан Тұңғыш Президент саясатының жалғасуын қамтамасыз ету қажет. Бұл Тұңғыш Президентке және оның қызметіне деген өлшеусіз құрметті білдіреді. Сонымен бірге, Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Партия Төрағасы және Конституциялық Кеңес мүшесі ретінде ел дамуында маңызды рөл атқара бермек» деп өз сөзін толықтырды М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт көшбасшысы болып қала береді. Кеңес империясы құлаған соң, ол қарқынды экономикасы бар тұрақты әлеуметтік мемлекеттің негізін қалады.

«Халықтың әл-ауқатын жақсарту - Назарбаевтың басты жетістіктерінің бірі. Тұңғыш Президент үнемі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, жастарды қолдауға, көпбалалы жанұяларға көмектесуге, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Мыңдаған жас «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің үздік оқу орындарын тәмамдады. Бұл - Елбасының заманауи Қазақстанды құруға деген бағасыз үлесі» деп өз сөзін жалғастырды М. Әшімбаев.

Партия өкілі жас ұрпақтың бейбітшілік пен келісім үшін, экономикалық өсім мен саяси тұрақтылық үшін, бақуатты елде өмір сүріп, дамығаны үшін Тұңғыш Президентке алғыс айтатынын жеткізді.

«Бүгінгі тарихи сәтте халқымыз бірлік пен ынтымақта болуы тиіс. Бізді алда еліміздің дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген міндеттерді жүзеге асыру күтіп тұр. Барлық қазақстандықтарды бірлік пен келісімге шақырамыз. Өз күшіміз бер әрекетімізге сүйеніп, бұл кезеңнен бірге өтуіміз керек. Қазақстандық жолдың жалғастығы мен Отанымыздың әрі қарай гүлденуі - өзімізге байланысты» деп өз сөзін түйіндеді Мәулен Әшімбаев.