Медицина • 20 Наурыз, 2019

Әлеумет қамына – айрықша назар

836 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын және «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

2018 жылы тұрғын үй құрылысына барлық қаржы көздерінен 1,2 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 8,1 пайызға жоғары. Мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 6 теңгесі тартылды.

Әлеумет қамына – айрықша назар

Биыл 118 мың пәтер салынады

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» пар­тиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында халық­тың әлеуметтік осал топтарына жалға бері­летін және несиелік тұрғын үй салу қарқыны туралы Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады.

«Былтыр 12,5 млн шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,1 пайызға жо­ғары. Барлығы 113,7 мың көп пәтерлі жә­не жеке үйлер салынды. Тұрғын үй құры­лысындағы қазақстандық қамту үлесі 9 пайызға артты», деді Р. Скляр.

Биыл 13,1 млн шаршы метр жаңа тұр­ғын үй немесе 118 мың пәтер салу жоспарланған. Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл баспанаға мұқтаж 27 мыңнан астам адамды қамтамасыз етеді. 2019 жылдың басынан бері (қаңтар-ақпан айлары) барлық қаржы көздері есебінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілді (коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда).

Жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді салу үшін биыл 81,7 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар министр сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салу туралы айтып берді.

«Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезін­де берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2019 жылға бюджетті нақ­ты­лау аясында көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы, аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге бөлу көзделеді. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі», деді Р.Скляр.

Бұл үшін бүгінде 25 млрд теңгенің құрылыс жобалары тізімі жасалған. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді. 2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд теңге қарастырылды. 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл әкімдіктер 11 719 пәтердің құрылысына 108,8 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасыларға 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жылдық ставкасы 2 пайыздық жеңілдетілген кредиттеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Алғашқы жарнаға тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүмкіндік бар.

Аталған механизмді 3 жыл ішінде іске асыру үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден 150 млрд теңге қажет болады.

«Егер «7-20-25» бағдарламасы көбіне тө­лем қабілеті бар халықты қамтитын болса, бұл орайда әлеу­мет­тік сала мен бюд­жеттік ұйым жұмыс­шылары үшін «Тұр­ғын­үй­құрылыс­жинақ» банкінің өніміне ба­сымдық берілмек. Салымшылар саны 1,3 миллионға жетті, жинақ көлемі 624 млрд теңгені құрады», деп түйіндеді Р.Скляр.

Мәселені қарау барысында «Баспана» ипоте­калық ұйымы» АҚ басқарма төр­ағасы Қ.Алтынбеков «7-20-25» бағдар­­ла­масы бойынша 120 млрд теңге сомасына 10,5 өтінім берілгенін, оның ішінде банктер 72 млрд теңге сомасына 6,2 мың өтінімді мақұлдағанын айтты. Ол, сонымен қатар бағдарлама шарттарының өзгергенін жеткізді, бұл халықты қамтуды арттыруға, оның ішінде табысы төмен отбасыларды да қамтуға мүмкіндік береді.

Өңірлерде тұрғын үй құрылысын дамыту туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Батыс Қазақстан об­лысының әкімі Алтай Көлгінов баяндады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин аталған облыстарда тұрғын үй құры­лы­сын жүргізуде межеден кешігушілік бар екендігін фактілер келтіре отырып айтып өтті. Әкімдерге сөз берілуінің де себебі осы болды. Әкімдер жұмыстың сылбыр тарту себептеріне тоқталып, бәрі қалпына келетіндігі туралы уәде берді.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек баспанаға мұқ­таж жандарды тұрғын үймен қамта­масыз етуге қажетті қаражат бюджетте толық қарастырылғанын айтты. Бір ай ішінде алғашқы пәтерлер беріле бастайды. Осыған орай Ж.Қасымбек жергілікті атқарушы органдарға аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Пәтер бөлу мамырдан басталады

«Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдар­ла­малары – халықтың тұрғын үй жағ­дайын жақсарту жөніндегі Елбасының әлеу­меттік саясатының негізі», деп түйіндеді Пре­мьер-Министр А.Мамин. Осыған орай Үкімет басшысы келесі бағыттар бо­йын­ша шаралар қабылдау керектігін атап өтті.

Бірінші. Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту.

«Биыл біз 13,1 млн шаршы метр пә­терді пайдалануға беруіміз керек. Әкім­дік­тер және тиісті мемлекеттік органдар жер телімдерін бөлу, инженерлік-ком­му­налдық инфрақұрылымды салу, сонымен қатар инвестициялық тұрғын үй жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмыс қар­қынын арттыруы қажет», деді А.Мамин.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керек. Премьер-Министр атап өткендей, бұл тапсырма тек үш өңірде: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орындалған. Ал қалған өңірлерде бұл бағытта жұмыс енді басталуда. «Сондықтан осы жұмыстың қарқынын арттыруды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Екінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағ­дарламасына өзгерістер енгізу. Ел­басының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. «1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады», деді А. Мамин. Бұл тетік заңнамалық актілерге өзгерістер ен­гі­зілген соң іске қосылатыны атап өтілді.

Үшінші. Құрылыстағы отандық үлес­ті 90 пайызға дейін ұлғайту.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы құрылыстағы отандық үлесті ұл­ғайту міндетін қойды. Отандық құры­лыс материалдарын шығару қара­пайым заттар экономикасы бағдарла­масының арнайы бағыты болып табылады. Оның орын­далуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

«Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау шаралары көз­делген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына мультипликативтік әсер етеді, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министр. 

Бұл ретте Түркістан қаласында ауқым­­ды құрылыс жүріп жатқаны атап өтіл­ді. Осы жерде құрылыс материал­да­рын шығару бойынша жобалар жүзеге асы­рылуы қажет. Жалпы, осындай өнді­ріс­терді барлық өңірде құру тапсырылды.

Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесі құрылмақ

Сонымен қатар Үкімет отырысында еңбек саласының түйткілді мәселелері қа­ралды. Осы мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бер­дібек Сапарбаевтың баяндамасы тың­да­лып, еңбек қатынастарын реттеу ша­ралары туралы ұсыныстарына қолдау білдірілді.

«Бүгінде ел экономикасында 6,6 млн-ға тарта жалдамалы жұмыскер жұмыс істеуде, белсенді жұмыс істеп тұрған 165 мың кәсіпорын бар. Бұл азаматтардың ең­бек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қай қоғамның бол­са да өзекті мәселесі», деп атап өтті Б.Са­парбаев.

Министрдің айтуынша, жұмыс­кер­лердің алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақы­лауда. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инс­пекторлары жалақы бойынша 1,2 мың кәсіпорында 3,7 млрд теңгеден ас­там сомаға берешекті айқындады. Ден қою бойынша қабылданған шара­лар нәтижесінде 32 мыңнан астам жұ­мыс­кердің құқықтары қорғалды, оларға 3,2 млрд теңге төленді.

Аталған мәселе бойынша сөз алған Кәсіподақтар федерациясының төраға­сы Бақытжан Әбдірайым Үкімет мүше­­­леріне әлеуметтік әріптестік бойын­­­ша облыстық үшжақты комиссия­лар жұмысын жандандыруды және ұжым­дық шарттар бойынша мәселені тұ­рақ­ты түрде жүзеге асырылуын қарау­ға ұсыныс жасады. Осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП-ның өкілі де сөз алып, жұмыс берушілердің мүддесін де білдіре кетті.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр А.Мамин әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттігін атай отырып, өңір әкім­деріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

«Жұмысшылардың негізсіз босаты­луына жол бермеу керек», деді Пре­мьер-Министр. Жұмысшылардың әлеу­меттік көңіл күйін жақсарту – Елба­сы саясатының негізі бағыты. Үкімет әлеу­меттік қақтығыстарға жол бер­меу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. А.Мамин кәсіпорындарда жұмыс­шы­лардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешудің мысалдарын келтіріп өтті. 

Көптеген компания Мемлекет бас­шысының жалақысы төмен жұмыс­шы­лардың еңбекақысын арттыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Осыған байланысты Премьер-Министр барлық өңірде оң тәжірибені белсене қолға алуды тапсырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғ­ау министрлігіне өз кезегінде Кәсіп­­одақтар федерациясы мен «Атаме­кен» ҰКП-ның бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарын мұқият қарап, ортақ ше­шімге келу тапсырылды.

«Үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе өңір­лерде. Олар белсенді жұмыс жасауы қа­жет. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды», деп атап өтті А.Мамин.

Сонымен қатар Премьер-Министр еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңы­зын атап өтті. Осыған орай Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірлесіп бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешенді Жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»