21 Наурыз, 2019

Жеңістің «Жорғатайы»

980 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеңіс Ысқабайды көзі қарақты оқырман қазақ фотожурналистикасының өкілі ретінде таниды. Оның қырағы көзі мен қырлы объективіне ілінген бейне мен көрініс шынайы қалпынан айныған емес. Қазір Талдықорған қаласында тұратын фототілші ұлттық қолөнердің дамуына да үлесін қосып жүр.

Жеңістің «Жорғатайы»

– Маған қолөнер атамнан қонған болуы керек. Ол кісі ағаштан түйін түйген шебер болған. Бала кезімде құрдастарым доп қуып, шыбық мініп, ермек етіп жүргенде мен өзен жағасынан қураған ағаштың тамырын жинап әкелетін едім. Әлгі ағаштардан түрлі аң-құс, жәндіктердің бейнесін жасайтынмын. Шығармашылыққа бейімім сол кезде қалыптасса керек, кейін кәсіби суретші болуды армандап, білім алдым ғой, – дейді Жеңіс.

Бүгінде әріптесімізді қазақ балаларының қолында жүрген Қытайдың сапасыз ойыншықтары алаңдатады. Бірде баласына сатып әперген ойыншық құлынның тез сынып қалғанын әрі оның құрамындағы сояудай темірінің қауіпті екенін көргеннен кейін «Осындай ойыншықты таза ағаштан жасауға болмас па екен?» деген ойға кетеді. Аз күнде ағаштан әдемі құлын жасап шықты. Қазақ баласының тақымынан тай кетпеген ғой, өнімінің атауын «Жорғатай» деп қойды. Енді Жеңістің «Жорғатайына» бір мініп көрген бала міндетті түрде оны сатып алады екен. Ойыншық өте ыңғайлы, артық-ауыс жапсырмасы жоқ, сырттан келген өнім сияқты шүберекпен қапталып, арасына қалдық, қоқыс салынбаған. Бастысы, табиғи ағаштан жасалған әрі қауіпсіз.

Жеңістің балалардың қызығу­шы­лығын оятқан тағы бір өнімі «Қуаныш» деп аталады. Оны алғаш көргенде ба­лалардың тілі келмей «Қуа-Қуа» деп кетіпті. Ендігі осы атауы танымал болып үлгерді. Өзі әмбебап ойыншық болып шыққан. Отбасының үлкен-кішісіне де қолданысқа ыңғайлы. Әрі тербелетін төсек, әрі орындық, әрі көпір, қақпа сияқты бірнеше қызметті атқара береді. Идеяны интернеттен із­деп тауып, ұлттық танымға лайықтап қайта қорытты. Нәтижесінде бақа бас­ты әмбебап ойыншық дүниеге келді.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Же­ңіс қазақтың қайқыбас төсегін жа­сап шықты. Таза ағаштан шауып, оя­лап, сырлап дайындады. Бір жерден «қазақтың ежелден қолданған қай­қыбас төсегі адам денсаулығына пайдалы екен» дегенді оқығаны бар еді. Шындығында, ұйқыдағы адамның қан айналысы қалыпты жүруі үшін бас пен аяқтың бір деңгейде орналасуы медицинада мойындалған. Демек, қазақ бұрыннан денсаулық сақтаудың жолын білген...

– Қазақтың төл заттарын қолда­ныс­қа енгізуді ойлаймын. Әттең, қол қыс­қа. Бұл көп уақыт пен біраз қаржы­ны қажет етеді. Сол қаржылық қолдау­дан қиындық көреміз. Өз ісімді бастап, «Бизнес Бастау» арқылы кәсіп­кер­ліктің жолын меңгердім. Бірақ нақты қолдау болмағандықтан Талдықорғанда қолөнер өндірісін аяққа тұрғызу мүмкін болмай тұр. Мысалы, өнімге қажетті ағашты Ресейден, басқа да елден алдыра­мыз. Бұл қымбатқа түсіп тұр. Бола­шақта қалталы азаматтар қолдап жат­са, «Жорғатай» мен «Қуа-Қуаны», қазақ­тың қайқыбас төсегін әлемге таныт­қым келеді, – дейді қолөнерші, сурет­ші, фотожурналист Жеңіс Ысқабай.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы