21 Наурыз, 2019

Дамудың даңғыл жолына түсірді

1003 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Дамудың даңғыл жолына түсірді

Президенттің өкілеттігін тоқтату туралы шешімі Қазақстан халқына үлкен ой салып, осы отыз жылда жүріп өткен жолымызға бір бұрылып қарағандай күй кешкеніміз анық. Қазақстан дара мемлекет ретінде Тәуелсіздігін жариялап, жеке шаңырақ болуды ұйғарған сәтінде болашақ бағдарымызды анықтап, елімізді әлемдік кеңістік алдында еңсесі биік ел ретінде бастап жүру оңайға соқпағаны белгілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау дағдарысты жылдардағы іргелі істерді елім, халқыммен бірге атқардым деуінің өзінде үлкен көрегенділік жатқаны белгілі. Осы отыз жыл ішінде ел іргесін шайқалтпай, шекарамызды шегендеп, төрткүл дүниемен терезесін тең ұстауға тырысқан білікті қайраткерлік саясаты бүгінгі күннің жемісі. Тәуелсіз Қазақстан халқы сындарлы жолдардан сүрінбей өтіп, биік-биік белестерді бағындырды. Әлем биігінен көрінді. Ұлттық тарихымызды танудағы, мәдениетімізді жаңғыртуда, мемлекеттік тілді қалыптастырып, дамытуға сіңір­ген еңбегінің айрықша екендігін атап өтуге тиіспіз. Бүгінде тарихи тамыры тереңге бастайтын Қа­зақ елі мерейі үстем, дарқан ел ретін­де дамудың даңғыл жолына түсті. 

Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Президент болған алғашқы күннен бастап білемін. Осы жылдарда халқына барынша қажыр-қайратымен, ұлтына деген зор құрмет, сүйіспеншілігімен қызмет етті. Бүгінде еліміздің жеткен жетістіктері аз емес. Салиқалы шешім қабылдап, Қазақстанның келешегін бүгінгі жас ұрпаққа сеніп тапсырған Елбасы әлі де еліміздің алдағы асар асуларында елімен бірге болатынына сенеміз.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті, академик