Аймақтар • 21 Наурыз, 2019

Қостанай облысында көпбалалы отбасыларға баспана берілді

819 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесінің алдында облыстың Таран ауданында төрт көпбалалы отбасына баспана берілді. Үйлерді сатып алуға  осы аудан өңірінде алтын өндіретін «Варваринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жомарттық жасады. Үш бөлмелік пәтерге ие болған Сымбат пен Әбдібек Мырзашевтар бұл өңірге 2011 жылы Өзбекстаннан көшіп келген болатын. Жас отбасының қазір төрт баласы бар, ең кішісі он айлық. Сымбат бала күтімімен үйде отыр, Әбдібек жергілікті шаруашылықта жұмыс істейді.

Қостанай облысында көпбалалы отбасыларға баспана берілді

«Мен үйде отырамын, күйеуім жұмыс істейді, осыған дейін пәтер жалдап жүрдік, қиын, әрине. Енді кең, жылы пәтерге ие болдық, алғымыз көп» дейді Сымбат.

«Бұл жұмыстар әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандум аясында жүзеге асып отыр. Жақында ғана біздің кәсіпорын мен Таран ауданы әкімдігімен меморандумға қол қойылған болатын. Биыл әлеуметтік жұмысымызда көпбалалы отбасыларына көмек беру басымдыққа ие болады. Мереке алдында бірнеше отбасыға үйдің кілтін тапсырдық, одан басқа Асенкритов селолық округінде жиырма отбасына азық-түлік апарып береміз» дейді «Варваринское» ЖШС бұқарамен байланыс бөлімінің басшысы Антон Труханов.

Әйет селосында Мырзашевтардан басқа тағы да үш отбасы, яғни алты бала тәрбиелеп отырған Смотровтар, бес баласы бар Медведевтер, бес бала өсіріп отырған Қанабаевтар отбасылары да қоныс тойын тойлады. Олардың барлығы да осыған дейін үйсіз, пәтер жалдап тұрған еді.

Таран ауданында 142 әлеуметтік аз қорғалған отбасы тұрады. Ауданда 25 мың тұрғын болса, соның арасында 120 көпбалалы отбасы бар. Осы отбасылардың ішінде жетеуі баспанаға зәру еді, олардың алтауы қазірдің өзінде үймен қамтамасыз етілді.         

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар