Қазақстан • 21 Наурыз, 2019

Көкшетаудағы Максим Горький көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді

1163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап егемен елімізді мәңгілік ел мәртебесіне дейін толысуына тілмен айтып жеткізгісіз еңбегін сіңірген Нұрсұлтан Назарбаев есімі қасиетті Көкше еліне айрықша қымбат. Ел тарихын өзі жазып, өзі қалыптастырған Ұлт Көшбасшысының есімі әрдайым ел назарында болып, Отанын сүюдің озық үлгісін көрсете білген кемеңгердің өнегесі ой салып тұрсын деген ниетпен қала жұртшылығы өз ұсыныстарын білдірді. Көптің тілегін орындаған Ақмола облыстық әкімдігінің қаулысымен және облыстық мәслихатының шешімімен Максим Горький көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталатын болды.

Көкшетаудағы Максим Горький көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді

Бұл облыс орталығындағы кең әрі сәулетті, ұзындығы әлденеше шақырымды құрайтын, қаланы қақ жарып өтетін үлкен көше. Жағымды жаңалықты жандары сүйсіне қарсы алған қала тұрғындарының осы даңғыл бойында тұратын бөлігі «біз енді Назарбаев даңғылының тұрғындарымыз!» деп көкіректерін қуаныш оты жылытып жүр. Наурыз мерекесі қарсаңында атауы өзгерген көшенің бойында мереке күні қызылды-жасылды қызыққа толы шерулер өтіп жатыр. Еңбектеген баладан еңгейген кәріге дейін даңғылдың бойымен орталыққа асыққан жұрт мәңгілік елдің мұратын көкіректеріне құйып, армандарына орап, асыға басып бара жатыр. Олардың бәрі ұлт мұратын ұлықтаған ұлы тұлғаның еңбегін еш уақытта ұмытпайтындары анық.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Көкшетау қаласы