Аймақтар • 22 Наурыз, 2019

Семейде тұңғыш рет «Халықаралық білім құрылтайы» өтті

1316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық білім құрылтайын Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ұжымы ұйымдастырды. Университ ректоры, профессор Мейір Ескендіровтың айтуынша, білім құрылтайынның басты мақсаты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру мақсатында шетелдегі қазақ диаспорасының басын қосу болып табылады.

Семейде тұңғыш рет «Халықаралық білім құрылтайы» өтті

- Шетелдегі қандастарымыз, түркі әлемінің озық ғалымдары, қазақ диаспорасы руханият туралы кең ауқымды ой-пікірлерімен тәжірибе алмасып, Ұлыстың Ұлы күні Наурызда Абай елінде, қазақ жерінде бас қоссын, деп ниеттендік,-деді Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ғариполлаұлы,-білім-ғылым туралы өзара бірлесе еңбек етіп, елімізге озық технологияларды тартуымыз қажет. Білімді эксперттеудің өзі біз үшін аса маңызды. Және биыл «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан білімді де креативті жастарға қолдау көрсетуіміз қажет.

Білім құрылтайында Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетов алыстан ат арылтып келген қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, Наурыз мейрамымен құттықтады. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде абайтанушы Ғарифолла Есім, тарихшы-ғалым Мұхтарбек Кәрімовтер де сөз сөйлеп, ұлттық тіл, дүниетаным жайлы дәрістер оқыды. Тарихшы-ғалым Ахмет Тоқтабай Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, студент қауымға жылқы малының ерекшелігі туралы дәрісін оқып, ойларын ортаға салды.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған студент жастар арасында республикалық мүшәйра, суретшілер, әншілер байқаулары өтіп, қазақ күресінен «Шәкәрім барысы» турнирі өтті. Құрылтайға қатысушылар Шәкәрім ескерткішіне тағызм етіп, гүл шоқтарын қойған соң, мәдени шара білім алаңдарында жалғасты. Білім алаңдарында «Foundation» жобасы бойынша жұмыс істейтін қазақ тілін үйрету орталығында қазақ руханиятына жол тартар латын әліпбиі туралы келелі әңгіме қозғалды. Және «АКМЕ» клубында алыстан келген қандастарымыздың қатысуымен қазақ руханиятына қатысты ой талқы дүниелер ортаға салынды. Шақырылған қонақтар арасында Германия мемлекеті, Мюнхеннен Еуропа қазақтар қауымдастығының экс-төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Абдулкаюм Кесижи, Түркия мемлекеті, Стамбул, Түркиядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы Фазыл Топлу, Франция, Парижден Мәдениетаралық би және фольклор қауымдастығының төрағасы Незиһа Түркен және тағы басқалары бар.

Раушан НҰҒМАНБЕК.

«ЕgemenQAZAQSTAN»

Суреттер автордыкі

СЕМЕЙ