Спорт • 22 Наурыз, 2019

Қос теннисшіміз екінші кезеңге шықты

896 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері АҚШ-тың Майами қаласында жүлде қоры 9 314 875 долларды құраған халықаралық турнир өтуде. Осы жарыста Қазақстанның үш теннисшісі бақ сынаған еді.

Қос теннисшіміз екінші кезеңге шықты

Өкінішке қарай, Михаил Кукушкиннің жолы болмады. Ол әлемдік рейтингте өзінен 36 саты төмен тұрған аргентиналық Гидо Андреоссиден айласын асыра алмады ­– 6:7, 4:6. Осы турнирге іріктеу сынынан өту арқылы қатысқан Александр Бублик тұсаукесер кездесуінде АТР тізімінде өзінен 40 саты жоғары тұрған америкалық Теннис Сандгренге сан соқтырды ­– 5:7, 6:4, 7:6. Енді жерлесіміз әлемнің 33 ракеткасы австралиялық Ник Кирьоспен күш сынасады.

Әйелдер сайысында әлемнің 44 ракеткасы Юлия Путинцева екінші кезеңге өтті. Бастапқы бәсекеде ол WТА тізімінде 55 орында тұрған бельгиялық Кирстен Флипкенстен басым түсті – 4:6, 6:4, 7:5. Осы кездесу барысында төрешінің шешімімен келіспеген отандасымыз біраз жанжал шығарды. Ракетканы сындырып, бас киімін лақтырып, қазыны балағаттады. Енді осы әрекеті үшін оған айып салынуы мүмкін. Екінші айналымда Путинцева әлемнің 20 ракеткасы швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасады.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»