Спорт • 22 Наурыз, 2019

Элизабет ел үмітін ақтады

1098 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәнерлеп сырғанаудан Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева күміс медальді иеленіп, күллі қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. 

Элизабет ел үмітін ақтады

Қысқа бағдарламада үшінші орынды иеленген Элизабет Тұрсынбаева жарыстың шешуші күні де тамаша өнер көрсетіп, 224.76 ұпайға иелік етті. Осы көрсеткішінің арқасында қазақ қызы күміс медальді иеленді. Осы спорт түрін серік еткен Қазақстанның бірде-бір аруы әлем чемпионатында бұрын-соңды жеңіс тұғырына көтерілмеген еді. Міне, сол көшті 19 жастағы  Элизабет бастады.

Күллі Қазақстан халқын, Алаш жұртын осы тарихи табыспен құттықтаймыз! Осындай аса дарынды сұлуды өмірге және спорттың сиқырлы әлеміне әкеліп, осы соқпақта барынша қолдау көрсеткен әкесі Байтақ пен анасы Падишаханға мың да бір алғыс! Элизабет Тұрсынбаеваны келешекте бұдан да биік белестерден көрейік!

Ал әлем чемпионы атағы Ресейдің атақты спортшысы, Олимпиада және Еуропа чемпионы, 16 жастағы Алина Загитоваға бұйырды. Үшінші орында ­– екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Евгения Медведева.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»