Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

М.Әшімбаев Атырауда қаза тапқан полицияға қатысты пікір білдірді

988 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Атырауда өзенге секірген қызды құтқарамын деп мерт болған полицей қызметкеріне байланысты пікір білдірді. Бұл туралы М.Әшімбаев фейсбуктегі парақшасында жазды. 

М.Әшімбаев Атырауда қаза тапқан полицияға қатысты пікір білдірді

«Атырау қаласындағы қапыда болған қайғылы оқиға барша қазақстандықтардың көңілін құлазытып кетті. Арыстай азамат Шалқар Көшкінбайұлының оқыстан болған қазасын бәріміз де ауыр күйзеліспен қабылдадық. Осыған байланысты Шалқар бауырымыздың артында қалған анасы мен ағайын-туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз», деп жазады М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шалқардай ұл тәрбиелеп өсіргені үшін Ақымғалиевтер әулетіне құрметін білдірді.

«Шалқардың бұл ерлігі оның антына адалдығын, ең бастысы, адамгершілік қасиетінің жоғары болғанын көрсетеді. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзге үшін өз өмірін қиюға дайын болған Шалқардай ұл тәрбиелеп өсіргені үшін Ақымғалиевтер әулетінің алдында басымызды иеміз.

Алдағы уақытта Шалқардың батыл әрекетін барша қазақстандық жас буын үлгі тұтып, елге қызмет етуге талпынған жастардың қатары көбейеді деп сенеміз. Осы ретте «Nur Otan» партиясының Шалқардың ерлігін елге дәріптеп, оның отбасына көмек қолын созуға өз үлесін қосатынын атап өткім келеді», делінген фейсбуктегі жазбада.