Қазақстан • 25 Наурыз, 2019

ECHO: «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі оның құрметті тұлға екенін көрсетеді

881 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейлік Еcho.msk.ru интернет-ресурсы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік Өкілеттігін тоқтатуына қатысты пікір білдірді.

ECHO: «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі оның құрметті тұлға екенін көрсетеді

«Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, Назарбаев екі жыл бойы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Кейінірек оның басшылығымен Қазақ елі 1991 жылы Тәуелсіздігін алды. Содан бері ол 30 жыл бойы Мемлекет басшысы болды. Президенттік сайлауға бес рет түсіп, қайта сайланып отырды. Оған берілген «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі оның елдегі шын мәнінде қадірлейтін тұлға екенін көрсетеді» делінген жазбада.

Сондай-ақ Еcho.msk.ru Орталық Азиядағы көрші елдердегі билік құрылымына  тоқталады.

«Мысалы, Қырғызстанда биліктің мүлдем басқа құрылымы бар екені, мемлекет басшысы өз халқының алдында ешқашан құрметке ие болмағаны байқалады. Сол сынды Өзбекстанды мысал етсек, халық Кәрімовті құрметтеуден бұрын одан қорқатын. Сондай-ақ Кәрімовтің тез арада қайтыс болуы оның жоспарларының жүзеге аспауына себеп болғанын атап өтуге болады» деп жазды Еcho.msk.ru.

Бұдан әрі Назарбаевтың мұндай шешімді қабылдауы үлкен жауапкершілік екені айтылады. 

«Ол өзінің емес, елінің мүддесін көздеді. Президент екі жыл уақыттан бері Үкімет өкілеттігін кеңейту арқылы бұл шешімге бірте-бірте келгені байқалады. Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметінде қала береді. Сондай-ақ ол «Нұр Отан» партиясының басшысы болып қалады. Оның бұл әрекетін жаңа Президентке қолдау көрсетуі деп түсінуге болады. Өйткені жас келген сайын адамдар дана шешімдер қабылдауға қабілетті болып келеді. Ол жаңа басшыға өзінің іс-тәжірибесі мен жаһандық мәселелерді шешуде таптырмас кеңестерімен бөлісетін болады» деп жазды ресейлік Еcho.msk.ru.

Сонымен қатар жазбада алдағы уақытта Президент Өкілеттігін тәжірибелі дипломат, Елбасының сенімді тұлғасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратыны және Парламент Сенатына Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева төрағалық ететіні айтылады.

«Биліктің осылайша ауысуы орынды болды. Әйтпегенде күтпеген жағдайда қайғылы күн туса, билікте тартыс болуы мүмкін еді. Назарбаев қиын жағдайдың алдын алды» деп жазды Еcho.msk.ru.

Бұдан соң, Еcho.msk.ru Қазақстанның тәуелсіздігін алғаннан бергі жетістіктерін атап өтті.

«Бүгінгі күнге дейінгі аралықта қазақстандықтардың жалақысы 17 есеге дейін өсті. ІЖӨ көлемі бойынша Қазақстан көшбасшы орынға ие. Бизнесті жүргізу шарттарының қолайлылығы бойынша елдерді бағалау рейтингінде Қазақстан 36-орында. Жаһандық қатынаста бұл - маңызды көрсеткіштер. Сондай-ақ мұнда жаңа астана салынды. Назарбаев әлемнің ең дамыған 50 елінің рейтингіне кіру межесін қойды. Аталған елде мұнай, газ, алтын, уран және тағы да басқа пайдалы қазбалар бар» делінген жазбада.