Әдебиет • 26 Наурыз, 2019

Мың кітап сыйлау – мырзалық

965 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай және «Туған жерге тағзым» акциясы барысында Алматыдан Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай арнайы келіп, 1000-нан астам кітабын Абай атындағы кітапхана қорына табыс етті. Осыған орай енді аталған кітапханада «Серікқазы Қорабайдың жеке қоры» деп аталатын қор жұмыс істейтін болды. 

Мың кітап сыйлау – мырзалық

Қордың лентасын Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков пен Журналистер одағының мүшесі, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатов қиып, жастарды Серікқазы Қорабайдан үлгі алуға шақырды. Кездесу барысында Шәкәрім университетінің жанынан құрылған Абай институтының директоры Ақмарал Смағұлова Серікқазы Қорабайдың ұлт­жан­дылығы мен туған жерге құрметін және Абайды зерттеуге қосқан үлесін ерек­ше атап айтты. Серікқазы Қорабай өз кезегінде көптеген игі әңгімелерімен, туған жерге деген сағынышымен бө­ліс­ті. Абай атындағы кітапхананың Ақ­па­раттық-библиографиялық қам­та­масыз ету бөлімінің басшысы Жа­ңылгүл Манжибаеваның айтуынша, ғасырдан ұзақ тарихы бар қара шаңырақ – Абай атындағы кітапхананың төл тарихы кемеңгер ақын Абай есімімен егіз өріледі. 

– Біздің кітапхана 1883 жылы қазан айының 3-і күні есігін ең алғаш рет өз оқырманына айқара ашқан күннен бас­тап, Абай Құнанбайұлы тұрақты оқырмандарының қатарында болған. Тіпті өмірінің соңына дейін кітап алып, үзбей оқығанын абайтанушы ғалым­дардың, жерлес жазушылардың шығармаларынан айқын білеміз, – деді Жаңылгүл Ман­жибаева.  – Абай мен көне шаһар Семейдің қоғамдық кітапханасының байланысын тарихта ең алғаш жазған адам, ол Джордж Кеннан еді. 1885-жылы қаламызға сая­хаты барысында американ публицисі Джордж Кеннан өзінің 1906 жылы орыс тілінде шыққан «Сібір және сүргін» кітабында осыны дерек ретінде жазса, бұл көрініс көркем әдебиетте Мұхтар Әуезовтің қаламымен «Абай жолы» роман-эпопея­сында көрініс тапқан болатын. Қазіргі уақытта Абай атамыздың өзі сияқты осы кітапханадан жастар рухани азық алсын деп, жиғандарын табыстап отырған Абайды зерттеуші профессор Серікқазы ағамызға дән ризамыз.

Жаңылгүл Әділбекқызының бұл сөзін растағандай Серікқазы Қорабай да Абайды зерттеу үшін Мәскеуге сапарында ғылыми орталықтарда, мұра­ғаттарда болып, жоғарыда айтылған Джордж Кеннанның естелігін мысалға кел­тіріп, сол заманда жарық көр­ген көптеген философиялық шығар­ма­лармен Абайдың таныс болғаны туралы ақпараттар жинағанын жеткізді. Серікқазы Қо­ра­байдың айтуынша, өзінің жеке қорында 7000-ға тарта кітап бар екен. Сөйтіп семейлік оқырман қауымға 1000 кітапты сыйға тартуды шешкен. Жастарды кітап оқуға баулу, рухани және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шара соңында Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева айтулы жобаға ақ жол тілеп, Серікқазы Қорабайға Алғыс хат тапсырып, өз аттарынан Абай елі туралы жазылған кітапты сыйға тартты. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ