Қазақстан • 22 Наурыз, 2019

Мейрамда тамақтан уланудан сақ болыңыз

921 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кезінде халықты тамақтан уланудан сақ болуға шақырады.

Мейрамда тамақтан уланудан сақ болыңыз

Мереке қарсаңында арнайы брифинг өткізген Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер өткен жылы Наурыз кезінде еліміз бойынша қоғамдық тамақтану орнынан ас ішкен 15 кісінің, отбасында тамақтанған 6 кісінің уланғанын айта келіп, ерекше көңіл бөлетін жайттарға тоқталды.

«Наурыз мейрамында ең жиі кездесетін жағдай – тамақтан улану мен жедел ішек инфекциясы. Өйткені мерекеде тамақты 3-4 күнге дейін сақтап, пайдаланатын жағдайлар жиі кездеседі. Кез келген тағамды мұздатқышта 6-8 сағаттан артық сақтауға болмайды. Наурыз көжеге көбінесе ысталған, сүрленген ет қосылатындықтан, оны ұзақ сақтағанда құрамындағы май тез бүлінеді. Әсіресе құс өнімдерінің құрамындағы сальмонеллез сияқты кейбір қоздырғыштар – 20 градуста көбейеді. Сондықтан біз мектептерге, балабақшалар мен қоғамдық ұйымдарға үйде дайындалған тағамдарды әкелуге тыйым саламыз. Екіншіден, мейлі үйде немесе үлкенді-кішілі қоғамдық тамақтану орындарында болсын, шикі тағам мен дайын тамаққа ешуақытта бір тақтайды, бір пышақты қолдануға болмайды және оны бір рет қолдануға арналған қолғаптармен ұстау керек. Сондай-ақ оны тоңазытқышқа да бөлек қою керек», дейді Ж.Бекшин.

Әсіресе сертификаты мен медициналық кітапшасы жоқ асхана, мейрамханаларда тамақтанудан және базарларда шикі азық-түлік алудан сақ болуды ерекше ескертті. «Қазір шағын кәсіпкерлікті қорғайтын көптеген ережелер болғандықтан 50 орындыққа дейінгі дәмханаларда, тағам дайындайтын орындарға тексеруге бара алмаймыз. Сондай-ақ азық-түлік сататын дүкендерді де жоспарлы түрде тексермейміз. Тұтынушылардың арыз-шағымы түскен жағдайда ғана тексере аламыз. Сондықтан тамақтанудан бұрын асханалар мен мейрамханалардан медициналық кітапшасын талап етіңіз. Базарлардағы шикі азық-түлік сатушыдан сертификат талап етіңіз. Бұл сіздің құқыңыз. Ондай фактілер анықталған жағдайда біздің жергілікті органдарға хабарлап немесе санитарлық дәрігерлерді шақырту керек. Полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге де болады», деді Жандарбек Мұхтарұлы.

Мейрам кезінде алаңдар мен көшелерде сауда дүкендері мен дүңгіршектерден тыс жерлерде жеке адамдардың қолынан тамақ жемеуді де ескерткен Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер кез келген сатушыдан жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының өнімнің ассортиментіне байланысты рұқсаты бар-жоғын анықтап алу керектігін айтады.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»