Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Ел мен жер тұтастығы – өркендеу алғышарты

661 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барлық табыстары еліміздің еңсесін тіктеп, ұлтымыздың рухын көтерді. Бүгінде осынау жетістіктеріміз мемлекетіміздің одан әрі дамуына, болашаққа батыл қадам жасауына әрі уақыт талабына сай мақсат-міндеттерді айқындауға мүмкіндік беріп отыр.

Ел мен жер тұтастығы – өркендеу алғышарты

Қазақстан соңғы ширек ғасырдан астам уақыт көлемінде саяси-эконо­микалық, әлеуметтік және басқа да салалар бойынша сәтті қадамдар жасады. Бұл қадамдар арқылы Қазақстан өзінің халықаралық аренадағы беделін қам­тамасыз етті әрі өз мүддесі үшін табандылықпен күресе білетін іргелі ел екенін іс жүзінде дәлелдеді. Әсіресе мемлекетіміздің әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті нығайту саласындағы саяси сауатты баста­маларының жөні бөлек. Осы орайда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гізген сарабдал саясатының зор ықпалы анық көрінеді...

Халықаралық және аймақтық қауіп­сіз­дікке қатер төндіретін, елдер арасын­дағы дау-дамайдың туындауына себеп болатын мә­селелердің бірі – шекара бө­лудегі келіспеушіліктер. Адамзат тарихындағы небір қақтығыс­тардың, алапат соғыстардың басым бөлігі жерге таласудан, шекара бөлуде ортақ келісімге келе алмаудан туындағанын, қазіргі таңда да кейбір көршілес елдердің аймақтар үшін тартысы әлемдік қоғамдастықтың мазасын қашырып отырғанын ескере сөйлесек, Қазақстан көршілес мемлекеттермен дипломатиялық келісімдер негізінде шекарасын құқықтық тұрғыда шегендеп, осы арқылы әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосты. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың тәуелсіз­дік алған сәттен бастап барлық күш-жігерін аямай, тынымсыз жүр­гіз­ген жұмысының жарқын әрі ірі жеңісі.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап өзінің шекарасын нақтылап алуға аса жоғары деңгейде стратегиялық маңыз берді. Мемлекетіміздің 2030 жылға дейін даму стратегиясында Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетіне баса назар аударылды.

Бейбітшілік мәселелерін зерт­тейтін Стокгольм институтының мәліметтері бо­йын­ша, бүгінде әлемде құрлықтағы ше­кара­лардың 25 пайызы толық анық­талмаған көрі­неді. Әлгі институт соңғы кез­дегі қақты­ғыс­тардың 15 пайызы ше­каралық мәселелердің шешілмеуінен туындағанын, осы іспеттес таластан шыққан қақты­ғыстардың жалпы саны 95-ке жеткенін жариялады. Осыдан-ақ шекараны заңды тұрғыда бекітіп алудың қаншалықты маңызды екенін ұғуға болады. Осы деректерге қарап біз: «Құдайға шүкір, біз шекарасы толық белгіленбеген елдердің қатарында емеспіз», деп мақтана аламыз.

Талайлар шекара шегендеуде қазақ­стандық тәжірибеден үлгі алса болады. Өйткені құрлықтағы және судағы шекарасы 15 мың шақырымға жуықтайтын Қазақстан барлық көршілес елдермен шекара мәселелерін түбегейлі шешіп алды. Әсіресе дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын, 7,5 мың шақырымды құрайтын Қазақстан-Ресей шекарасының нақтылануы еліміз үшін аса маңызды екені даусыз. Сондай-ақ бізге дейін ешкіммен шекарасын нақтылай қоймаған алпауыт Қытаймен шекара белгілеуде тиім­ді қадам жасалып, екі мемлекеттің ор­тақ мә­мілеге келуі шын мәнінде ұлттық қауіп­сіз­дігімізді нығайтқан, халқымыздың бола­шаққа деген сенімін арттырған ауқымды саяси шара болды.

Сол сияқты, Өзбекстан, Қырғыз­стан және Түрікменстан респуб­ликаларымен де шекараны бекітіп, жеріміздің тұтастығының қамта­масыз етілуі көңіл марқайт­пай қоймайды. 

Жалпы, Қазақстан құрлықта бес мемлекетпен шектеседі. Олар: Қытай (ше­кара ұзын­дығы шамамен – 1 783 км), Қыр­ғызстан (1 257 км), Өзбекстан (2 351 км), Тү­рік­­менстан (458,3 км), Ресей (7 548 км).

Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарамызды халықаралық-құқықтық ресімдеу үдерісінде делимитациялау туралы келіс­сөздер 1992-1998 жылдар аралығында өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды. Нәтижесінде Қа­зақ­стан-Қытай шека­ра­сының өту сызығын және оның шекаралық белгілермен белгіленуін нақты сипаттап беретін халықаралық шарттар жасалды.

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Ал Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. Қазақстан-Қырғызстан шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасы мен 2001 жылдың желтоқсаны аралығында өтті. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын нақтылау ісі 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жыл­дың қаңтарына дейін жалғасты. Со­дан 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәс­кеуде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шека­расы туралы шартқа екі елдің прези­денттері қол қойды. Осылайша, еліміз өзінің құрлықтағы шекарасын құқықтық талапқа сәйкес ресімдеді.

Шекарамызды белгілеу шаралары Қазақстан үшін ғана емес, барлық көр­шілес мемлекеттер үшін де тарихи маңызды оқиға болғанын атап өтуіміз керек. Өйткені ха­лықтар арасындағы сенім нығайды, екіжақты қатынастар мен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық үрдістері жаңа кезеңге көтерілді. 

Тағы бір айта кетер жайт, 2018 жыл­дың 12 тамызында Ақтау саммиті өтіп, он­да Кас­пийдің құқық­тық мәртебесі ту­ралы кон­вен­цияға қол қойылды. Қаты­сушы бес мемле­кеттің ортақ мүдде орайындағы үлкен жеңі­сінің көрінісі бол­ған бұл келісім Кас­пий маңы елдері ара­сындағы ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға, экономикалық байланыстар­­ды үдетуге, аймақтық қауіпсіздікті ны­ғайтуға жол ашты. Бұл Конвен­цияның қа­былдануы Қазақстан шекарасын заңды түрде бекіту ісінің толық аяқталғанын көрсетті.

Әрине мұның барлығы айту­ға оңай. Дегемен осынау жұмыс­тарды жүзеге асыру жеңіл болды деп айта алмаймыз. Бәрінің табыс­ты аяқталуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегімен тікелей байланысты екені ешқашан ұмытылмайды. 

Жоғарыда сөз болған күрделі мәсе­лелердің өз деңгейінде шеші­луіне Н.Ә.Назарбаевтың халық­аралық аренадағы биік беделі мен мем­лекетіміздің көпвекторлы сыртқы саясаты зор ықпалын тигізгені анық.

Бүгінде Қазақстан шекарасын халық­аралық құқықтарға сәйкес бекіту ісінің жасампаз тарихы қалыптасты. Мемлекеттік шекараны белгілеу барысында атқарылған жұмыстар күн өткен сайын санамызда жаңғыра бермек әрі ол ел ішінде халқымыздың еңсесін көтерер, жас ұрпақтың патриоттық сана-сезіміне оң әсерін тигізер тәлімді естеліктер ретінде де айтыла береді деп ойлаймыз.

Қазіргі кезде ел ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел аумағының тұтастығы үшін жүргізген саясаты жөнінде жылы лебізді пікірлер көп. Әсіресе Елбасының қатысушы мемлекеттердің президенттерімен жақсы қарым-қатынасы, жеке басының қасиеттері шекара шегендеуге қатысты жүргізген келіссөздер барысында елеулі рөл атқарғаны туралы әсерлі әңгімелер көп. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде Қытайды басқарған Цзян Цзэминьмен жеке қарым-қатынасы өте жақсы болғаны, осы адами қатынас екі елдің шекара мәселесінің оңтайлы шешілуіне біршама ықпал еткені жөніндегі сөз ел аузында жиі айтылады. Әрине мемлекеттік үлкен мәселелер тек жеке қарым-қатынас арқылы шешіле қоймасы анық, бірақ оның істі ілгерілетуге белгілі бір деңгейде оң әсері болатынын жоққа шығара алмаймыз.

Тарқата айтар болсақ, Елба­сының 1993 жылдың қазанында Қытай еліне алғашқы ресми сапары өтеді. Қытай жағы бұл сапарға барынша мән береді. Сол жолы Қытай басшысы Цзян Цзэминь Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға кірісуге, шекараны заңдық тұрғыдан қағазға түсіруге қатысты ұсынысын бірден қолдайды. Келіссөздер кезінде Цзян Цзэминь Қытайдың Қазақстанға территориялық талаптар қоймайтыны, шекара мәселелері тарихтан мұраға қалғаны, ал оларды келіссөз жолымен, тең құқықтылық қағидаттары негізінде шешуге болатыны туралы мәлімдеме жасайды. Бұл әрине еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме еді. Осы арада Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Нұр мен көлеңке» атты кітабында Цзян Цзэминьнің Нұрсұлтан Назарбаевпен бір кездесуінде шекара мәселесін тым соза бермей шешу керектігі, өйткені ел басшыларының келер буындары осы түйткілді шеше алмауы мүмкін екені, бұл өз кезегінде келешек ұрпаққа көп қиындық алып келетіні жөнінде айтқанын келтіреді... 

Қорыта айтқанда, қанша жерден тәуелсіз ел болғаныңмен, жеріңді қырағы, мұздай қаруланған әскер қорғап тұрғанымен, шекараңды өзге елдер мойындамаса, ол заман талабына сай, құқықтық негізде нақтыланбаса, тірлігіңде береке болмаса, алаңсыз, емін-еркін жүру қиын. Сондықтан Қазақстан шекарасының құқықтық негізде мойындалуы, нақтылануы тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістіктеріміз ретінде қарастырылады. Осы орайда ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ жеріміздің шекарасын шегендеу арқылы халқымыздың алаңсыз тіршілік етуіне мүмкіндік алғанымыз басымызға қонған бақ. Ал осы бақтың Отанымызға ұялауына жұмсалған күш-жігер мен өлшеусіз еңбекті қаперімізден шығармауымыз керек.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»