Әлем • 26 Наурыз, 2019

«Назарбаев юу хэлэв?» немесе моңғол журналистері неге таңданды?

1099 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Менің бір байқағаным, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың байырғы бітім, мағынасымен сақталған көне сөз тіркестері мен атауларын сөз арасында үнемі қолданып жүреді. 

«Назарбаев юу хэлэв?» немесе моңғол журналистері неге таңданды?

Бұл Тұңғыш Президенттің жас кезінен дана қарттармен көп әңгімелескенінің белгісі бол­са керек. Әрі қазіргі заманда тіл байлығын қалыптасырып, сақ­тап қалу үшін көркем кітап­ты көп оқу керек. Демек, Елба­сының кітапты көп оқитыны, оның ішінде қазақ­тың көне тілі­нің қаймағы сақ­талған шығар­маларды үнемі оқи­тыны аңға­ры­лады. Бұл жерде адам­ның қаны мен тегіне қатысты да дү­ние бар. Қандағы қазақылық, тек­­тегі ұлттық код, тіршіліктегі ұлт­­жан­дылық қанша жерден қуат­ты болса да жаһандану мен өр­ке­ниет соққысын дарытқан емес. Тіпті жоғары элита арасын­да ақсүйектер мәдениетінің экс­пан­­сиясына жұтылып, тілін жо­ғал­­тып алған тұлғалардың бар еке­­нін көріп жүргеніміз жасырын емес. 

Елбасының осы қазақылығы, қазақжандылығы болуы керек, Президент болысымен әлемге тары­­дай тараған қазақтардың ба­сын қосып, Алматыда Дүние­жүзі қазақ­тарының алғашқы Құ­рыл­тайын өткізді. Бұл – сонау Ала­ш­орда тұсында өткен Мұсыл­ман­дар құрылтайынан кейін небір зобалаңды бастан кешіріп, еріксіз елінен қашуға мәжбүр болған қазақтардың қайта бір түгенделуі еді. Мұның саяси үлкен қырларын айтпасақ та, бұл Құрылтайдың өтуі – алашордалықтар арма­ны­ның орындалуы екенін айтуға тиістіміз. 

1998 жылы Моңғолияның екінші президенті Багабанди біздің елге ресми сапармен келді. Қабылдауда біз де болғанбыз. Көз­бен көріп, құлақпен естідік. Сон­да делегация құрамында Моң­­­­ғолияда тұратын, министр дәре­­­жесіне көтерілген қандас­тары­­мыз да жүрді. Нұрекең сөз ара­сында әлгі қазақ бауырларына қарата «Қане, бауырларым, жағдайларың қалай? Елге қашан ораласыңдар? Сендерді тезірек келсін деп, Астананы да сендерге жақындатып қойдым», деді. Елба­сының ресми қабылдауда осы­лай­ша, қазақтарды ерекше ба­уыр тартып, қазақша сөйлегеніне моң­ғол журналистер таң-тамаша болд­ы. «Назарбаев юу хэлэв?» («Назар­баев нені айтты?») деп біз­­ден сұрады. Біз түгел аударып бер­дік. Олар «Назарбаев ерік­сіз әлемді мойын­датар көре­ген басшы екен!..» десіп, таңда­нысты. 

Міне, біз білетін Елбасы осын­дай адам. 

Жүкел ХАМАЙҰЛЫ,

ақын, Түркітілдес халықтар поэзиясы фестивалінің лауреаты

ТАЛДЫҚОРҒАН