Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Елорда жаһандық индексте қалай жоғарылады?

1140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Таяуда қаржы орталықтарының жаһандық индексінде елордамыз Нұр-Сұлтанның 51-ші орынға жоғарылағаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл нені білдіреді? Әлемнің әр түкпіріндегі аузымен құс тістеген алпауыт қалалар шаһарлар бұл рейтингте алдыңғы қатардан көрінуге талпынады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Елорда жаһандық индексте қалай жоғарылады?

Алдымен осы рейтингте озық шыққан басқа қалаларға да тоқталып өтейік. Сонымен, наурыз айының басында әлемді назарын аударған Қаржы орталықтарының жаһандық рейтингінде (GFCI) Нью-Йорк көш бастады. Нью-Йорк әлмисақтан бері АҚШ-тың және дүние жүзінің ең маңызды экономикалық орталықтарының бірі болып табылады. Бұл шаһарда штаб-пәтерлері орналасқан үздік инвестор бакнтердің және басқарушы компаниялардың арасында Citigroup, J.P. Morgan Chase & Co., American International Group, Goldman Sachs Group, Morgan Stanley, Merrill Lynch және басқалары бар.

Екінші орын Лондонға бұйырса, үздік үштікті Гонконг түйіндеп отыр. Азия жолбарысы Сингапур төртінші орында тұрақтады. Шанхай бұрнағы жылдардағыдай бұл жолы да қарсыласы Токионы шаң қаптырып, индексте бесінші орынға жайғасты. Цюрих, Бейжің, Франкфурт шаһарлары алғашқы ондыққа енді.

Елордамыз 80-нен астам ірі қаланың ішінде 51 орыннан көрінді. Бас қаланың бұлай өрлеуіне әлемнің қаржылық картасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы пайда болғаны ерекше ықпал етті деуге болады. «Астана» ХҚО жұмысын бастағаннан бергі аралықта 37 позицияға көтерілгені осыны айғақтайды. Тағы бір айта кетерлігі, Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша рейтингте көш бастап тұр.

Z/Yen респонденттері алдағы екі-үш жылда маңыздылығы арта түсуге тиіс 15 қаржы орталығын да атаған болатын. Бұл тізімге тағы да Нұр-Сұлтан еніпті.

Жалпы, индекстің негізін Лондонның үздік сараптамалық орталығы саналатын Z/Yen Group Limited қалағанын айта кетейік. 2016 жылдан бастап индексті анықтауға шығыстағы көршіміздің China Development Institute сараптамалық орталығы да атсалыса бастады. GFCI жылына екі рет наурызда және қыркүйекте жарияланып отырады. Әлемдік қаржы орталықтары арасында үздіктерді анықтау барысында «іскерлік орта», «қаржы секторын дамыту», «инфрақұрылым факторлары», «адами капитал», «халықаралық бедел» сынды 130-дан астам көрсеткіш есепке алынып, қаржы нарықтарында ауқымды сауалнама жүргізіледі. Он жылдан бері жарияланып келген бұл рейтинг орталықтарға әділетті баға берудің арқасында әлемдік қаржы аренасында ерекше беделге ие.

– Z/Yen орталығының тәуелсіз сарапшылары «Астана» ХҚО бір жыл бұрын ғана іске қосылғанын ескере отырып, оның ерекше қарқынмен дамып келе жатқанына таңданысын білдірді. Бір жыл ішінде АХҚО алаңына АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Германия, Франция және өзге де елдерден жүз компания тіркеліп үлгерді, - дейді қаржы орталығының бас экономисі Бауыржан Бектеміров.

Маңы арта түсетін 15 орталық

Елорданың рейтингте жоғарылай түсуіне ықпал еткен факторларға тоқталар болсақ, АХҚО ислам қаржысы, «Жасыл қаржы» сынды түрлі бағыттарды дамытуға басымдық беретіндігі оның басты артықшылықтарының бірі деуге болады. Осы арқылы орталық халықаралық деңгейдегі үздік қаржы алаңына айналуды көздейді. Бұл мақсатқа жету жолында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Мәселен, Ислам қаржысы саласына қолдау білдіргені үшін халықаралық беделі зор Global Islamic Finance Awards-тың Ислам қаржысы саясатын құрғаны үшін және адами капиталдың дамуына үлес қосқаны үшін берілетін марапаттарына ие болды.

Қаржы технологияларына да ерекше ден қойған АХҚО eJustice атты сот төрелігінің электронды жүйесін және электронды резиденттікті іске қосқан. Бұл инвесторларға цифрлы технологиялардың көмегімен уақыт пен қаржы үнемдеуге және қағазбастылықтан арылуға көмектеседі. Жасыл қаржы орталығы да АХҚО-ның маңызды бастамаларының бірі. Осы бағытта орталық кемінде 500 мың доллар көлемінде жасыл облигациялар шығаруды көздейтін жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

«Астана» ХҚО-ның сы және өзге де артықшылықтарына назар аударған «The Z/Yen Group» компаниясының директоры Марк Йендл қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде АХҚО-ның әр қадамына оң баға беріп, келешекте әлемдік деңгейдегі қаржы орталығына айналатынына сенім білдіргенін айта кету керек.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия. 25 GFCI

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»