27 Наурыз, 2019

Елордада Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биі байқауы басталды

1274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының ұйымдастыруымен Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Елордада Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биі байқауы басталды

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы байқау қатысушыларына сәттілік тілей отырып, мәдениет саласының қызметкерлерін Халықаралық театр күнімен құттықтады.

«Біз қазір тарихи уақытта өмір сүреміз. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мәдениет саласы үлкен биіктерге қол жеткізді. Біздің әртістер мен ұжымдар әлемнің үздік театрларында өнер көрсетеді. Жекелеген дарындарымызды барша әлем мойындап, құрмет тұтады», деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бесінші мерейтойлық байқауға өңірлерден 150-ден астам қатысушы келді. Олар «Ансамбльдер», «Жеке орындау», «Балетмейстерлік өнер» номинациялары бойынша жарысқа түседі. Дәстүрлі байқау қазақ эстрадалық және халықтық би саласындағы талантты бишілерді, балетмейстерлер мен педагогтарды анықтауға бағытталған. Байқау кәсіби ұжымдар, жоғары оқу орындарының хореография факультеттері мен кафедраларының ансамбльдері арасында өтеді.

Шара аймақтық ансамбльдердің репертуарымен, хореографтардың жаңа ізденістерімен танысуға, жарқын орындаушыларды анықтауға, қатысушыларға қазақ биі саласындағы шығармашылық жетістіктерімен, кәсіби тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ашылу салтанатына қазақ биі өнерінің майталмандары, отандық және шетелдік арнайы шақырылған қонақтар, байқау қатысушылары мен жетекшілері қатысты.   

Үш күнге созылатын байқауда қатысушылар үшін қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сыныптары, «Қазақ биі» деректі фильмі, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекциясынан сахналық костюмдер көрмесі және Қазақ ұлттық хореография академиясының Қазақ биі зертханасының тұсаукесері өтеді. Жеңімпаздар 29 наурыз күні «Астана Балет» театрында өтетін гала-концертте жарияланады.  

Шара Жиенқұлова атындағы байқау алғаш рет 1992 жылы А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде өтті. II және III байқауларды Орал қаласында (2001, 2006) М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өткізді, ал 2012 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен өткен байқау Шара Жиенқұлованың 100-жылдығына арналды. Биылғы Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауының құрылтайшысы мен ұйымдастырушысы – Қазақ ұлттық хореография академиясы.