Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Тәртіп тәлтіректемеуі тиіс

1101 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Республикалық телеарна­лар­дың бірі таяуда ғана өз жаңа­лық­та­рын­да көрсеткендей, еліміздің оңтүстік өңірінде ұрылар бір күн­де бір үйдің үш бірдей малын сой­ып, ішек-қарнын ауылдың төңі­регіне лақтырыпты да, етті алып кете барыпты. Әй дей­тін әже, қой дейтін қожаның жоқ екенін білгеннен кейін әбден басынғандары бірден байқа­ла­ды. Бала-шағасына нәпақа қылып отырған малдарынан айы­рылып, отбасы қалды зар қағып. Құқық қорғау органда­ры­на арызы­мызды айттық, бірақ одан үміт күтіп отырған жоқ­пыз, өйт­кені бұған дейін де мал ұрла­ғандар таптырмай кеткен, дейді ашынған ауыл тұр­ғын­­дары. Ауылдықтардың негі­зінен малмен күн көріп отыр­ғаны белгілі. Маңдай термен өсірген төрт түлігі қолды бола беретін болса олардың жағдайлары не бол­мақ?

Тәртіп тәлтіректемеуі тиіс

Тек мал ұрлығы ғана емес, Қазақ­стан­да қылмыстың қай түрінің де белең алып тұрғаны бүгінде барша жұрт­қа мәлім жайт. Егер мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, өткен 2018 жылы елімізде 292286 қылмыстық заң бұзу­шылықтардың орын алғанын көре­міз. Сотқа дейінгі тергеулердің біре­гей реестрінде қылмыстық заң бұзу­шылықтардың алдындағы жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға төмендегені келтірілген. Бұған тәубе деуге болар еді, бірақ... Келтірілген кезеңде жалпы қылмыстар саны азайғанымен, оның есесіне кісі өлтіру қылмысы 0,1 пайызға, адам өміріне қастандық жасау қылмысы 14,3 пайызға, күш көрсету қылмыстары 2,8 пайызға, алаяқтық 6,6 пайызға артқан. Сонымен бірге өзіміз мысал ретінде алып отырған жылы кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстардың 2949-ға жеткенін, тек 9 айдың ішінде ғана 914 әйел мен 84 бөбектің зорланғанын да ай­та кету қажет. Ол аз десеңіз, 138 жас өскінді азғыру фактісі де тір­кел­ген. Шынын айтуымыз керек, бұлар көпші­лікке белгілі болған, ресми тір­кел­­ген қылмыстар ғана. Егер белгілі бір себептермен тіркелмей қалған заң бұзушылықтарды ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштің еселеп арта түсуі де әбден мүмкін. Бірақ осы келтірілген толық емес мәліметтердің өзінен-ақ жағдайдың мақтанарлық емес екенін түсінуге болады.

Соңғы жылдары елімізде құқық бұзу­шылықтардың тым көбейіп кетуі­не байланысты «Қазаннан қақпақ кетсе, ұрыдан ұят кетеді» деген нақыл жиі айтылатын болып жүр. Бұл сөз­дің ақиқаттан алыс емес екеніне күмән келтіруге болмайды. Өкінішке қарай, елі­міздегі заңдар әлсіз, сол әлсіз заң­дардың өзі барлық уақытта бір­дей сақтала бермейді. Әр жылдары қабыл­данған заңдарға қатысты түрлі бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында өз ойларын ортаға салып жүрген көптеген заңгерлер де дәл осы пікірді ұстанады. Бұл, яғни заңдардың дәрменсіздігі ар-ұяттан безген, обал-сауапты білмейтін қылмыскерлердің алшаңдай басып, ойларына не келсе соны емін-еркін істей берулеріне барынша мүмкіндік беріп тұр.

Осыдан он бес шақты жыл бұрын елімізде өлім жазасына мораторий жарияланды. Ондай қадамға ізгілік ниеттен барып отырмыз дедік. Өте тамаша. Бірақ біздің сол ізгілігімізді жазықсыз жандарды қан қақсатып жатқан қылмыскерлер түсінер ме екен? Әй, қайдам...

Осындай жайттарды елеп-ескер­ген­­дік­тен біз сол уақытта «Жақ­та­рың­­ның жай-жапсарын біліп барып жақта, өлім жазасы төңірегіндегі пікір­сай­ыстарға көзқарас» деген мақала да жаздық. Онда елімізде өлім жазасына мораторий жариялауға әлі ертерек екенін, басқаны былай қойғанда Қытай, АҚШ, Иран, Сауд Арабиясы сияқты дамыған мемлекет­тердің өзінде өлім жазасы сақталып отырғанын, жаза­ның осындай түрін жойған төрт мемлекеттің кейін оған қайтып ора­лу­ға мәжбүр болғанын тәптіштей баян­даған болатынбыз. Жоғарыда атал­ған елдер бүгінде тәртібі өте күш­ті мемлекеттердің қатарына сана­лады. Олардың ондай тәртіпке заң­дарының қатаңдығы арқылы қол жет­кізіп отырғаны еш күмән тудырма­уы тиіс.

Өкінішке қарай, сол кездері өздерін демократияның жақтаушылары ретін­де көрсеткендердің айтқандары болып, өлім жазасына мораторий жария­лау туралы заң қабылданып кетті. Шы­нын айтсақ, ондай «демократтарды» Қазақстан атты елдің де, сол елде тұратын халықтың да тағдыры еш алаңдатқан емес. Ел тағдырына деген немкетті көзқарастың зардабын халық бүгінде тартуындай-ақ тартып отыр. Әңгіменің әділіне көшсек, өзін өзі қадірлейтін, өркениетке бағыт ұс­тан­­ған ел қылмыскерлерді құр­мет­теуге тиіс емес. Олар жасаған қыл­мыс­тарына лайық жазасын алуы тиіс. Бұл ең біріншіден, елде әділдік орнауы үшін қажет. Халық қылмыскерлердің жаза­ланатынына, адал еңбектің баға­ла­натынына, заң талаптарының бұл­жыт­пай орындалатынына сенетін бол­уы тиіс. Оның сыртында кез келген мемлекет өз азаматтарын құқық бұзу­шылықтың қандай болсын түрінен қор­ғауға міндетті екенін де назарда ұстау қажет. Осы талаптардың бәрі орындалғанда ғана халықтың өз мемлекетіне деген сенімі мен құрметі артады. Екінші жағынан бұл сол мемлекеттің өзі шығарған заңдарды бұлжытпай сақтайтынының да айғағы болып табылады.

Ең жаманы сол, заңның босаң­ды­ғы қылмыстық ахуалды ғана күшей­тіп тұрған жоқ, сонымен бірге шаруа­шы­лық жүргізу ісіне де орасан зор кедергі келтіріп, ел экономикасының өркендеуіне елеулі түрде тосқауыл қойып отыр. Мәселен, заңның әлсіз­дігінен көптеген кәсіпкерлер әкім­ші­лік қысымға тап болып жатса, енді біреулері бәсекелестікке төтеп беретін сапалы өнім шығарудың орнына көзбояушылықпен айналысқанды дұрыс көреді. Оны еліміздегі «Халал» өндірісінің қазіргі жағдайынан да айқын аңғаруға болады. Сол сияқты мал бағып, сапалы сүт өнімдерін өндіргеннен гөрі дайын ұнтақты суға езіп, жасанды сүт сату да бизнесмендер үшін тиімді жол болып отыр. Қажет болса мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Ал енді ел қазынасына миллиардтаған теңге салықтардың түспей жатқаны өз алдына бөлек әңгіме.

Айта берсек, жол қозғалысы ереже­­ле­рінің сақталмауынан жыл сай­ын жүздеген оқиғалардың орын алып, адамдардың ажал құшып жатуы да заңдардың сақталмауының салдары. Егер нақты сандарға жүгінер болсақ, Қазақстанда жылына шамамен 18 мыңдай жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2500 адам қаза тапса, 23 мыңдай адам түрлі дене жарақаттарын алады екен. Бұл дегеніңіз жыл сайын шағын бір ауылдың халқы жол-көлік апатынан жоқ болып кетіп жа­­тыр деген сөз. Осындайда айт­пас­қа лаж жоқ, бұрынғы замандарда не қалада, не далада бірде-бір мили­ция­ны көре алмай­тынсың. Соған қара­мастан ол уа­қыттарда қылмыс та, жол-көлік оқиғасы да қазіргіге қара­ған­да жүз­деген есе аз болды. Біреу­лер жол апат­тарының жиі орын алуын елі­міз­де автокөліктер санының көбейіп кетуімен дәлелдеуге тырысады. Бұл енді, сыпайылап айтқанда, қып-қызыл өтірік! Шетелге бара қал­саңыз, қала көшелерінде жүрген авто­ма­шиналардың біздегіден жүз есе артық екенін көресіз. Нағыз кептеліс те соларда. Ондаған шақырымға созылатын ұзын көшелердің ана шеті мен мына шетіне дейінгі аралықтың түгел автокөлікке сықасып тұратыны сондай, кейде машиналар орындарынан жылжи да алмай қалады. Қасым ақын айтқандай, біздің «қолтығымызға сы­йып кететін» бір ғана Ұлыбританияда 37 миллион автомашина бар екен. Соған қарамастан онда біздегідей қап­та­ған жол-көлік оқиғалары мүлде жоқ. Өйт­ке­ні тәртіп бар.

Ашығын айту керек, халықтың нара­зылығын жиі тудыратын жағдай да көбіне заңдардың орындалмауынан, тәртіптің жоқтығынан пайда болады. Өйткені тәртіптің болмауы жоқ жерден проблема туындатып, адамдардың өмір сүруін қиындатады. Сондықтан да заңды бұлжытпай сақтау арқылы кез келген мемлекет өзінің тәртіпті сүйетін, азаматтарының құқықтарын құрметтейтін ел екенін көрсетеді.

«Қылмыстыларды аяған адам адал адам­­дарға зиян келтіреді» деген екен ежелгі Рим философы Се­не­­ка. Егер адал адамдарды әділет­сіз­діктерден қорғап, елімізді әлем­ге құ­қықтық мем­лекет ретінде таны­та білейік десек, ең алдымен заң­дар­дың мүлтіксіз сақталуына қол жеткізу қажет. Олай болмаған жерде тындырдық деген істе­рі­міз бен жұрт алдында қолымызды оңды-солды сермеп тұрып айтқан «жалынды» сөздеріміз ешқандай салмағы жоқ, бос әурешілік болып қала бермек. Қалың көпшілік осылай ойлайды.