Қоғам • 20 Маусым, 2019

Білім саласының революциясы

486 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрын көбінесе алған білімнің тео­риялық сипаты басым түсіп жататын. Сол үшін әрбір адам мектеп партасынан бас­тап білімді көбірек жинауға тырысатын. Мек­теп, институт, аспирантура, докто­рантура сынды білімнің белгілі бір сатысынан өткен сайын адамның көзқарасы кеңейіп, ақылы толысып, өзі қызмет ете­тін салада кемелдік биігіне көтерілетін. Қыз­меті жоғарылап жататын.

Білім саласының революциясы

Соған сай адам мен адамның арасын көп жағдайда оның бойға жинаған білімі мен өмірлік тәжірибесі алшақтатып тұратын. Осы мәселе туралы данышпан Абайдың «Ғалым­­нан надан озбас ұққанменен», деге­нін­де қаншалықты мағына жатыр десеңізші.

Интер­нет шырмауығының әлемге кеңінен тарауы, осыған сай қашықтықтан оқытудың, жалпы адамның білім жөнінде өз ізденісінің нығаюы кез келген елдің білім саласынан жаңалықтарды талап етуде. Мәселен, енді білімді интернеттен кез келген уақытта ала алатын болсаң, онда сол интернетте бар дүниелерді миға жаттаудың қажеті қанша деген сұрақ бас көтеретіндей.

Осы сұрақты одан әрі қоюлата түсетін екінші бір мәселе білім саласының негізгі тап­сырысшысы болып табылатын еңбек нарығындағы өзгерістерге қатысты болып отыр. Бұл нарық та жыл өткен сайын өзгеру үстінде. Жаңа технологиялардың қаулап дамуы, өндірісті автоматтандыру, роботтандыру үдерісінің жаппай етек алуына сәйкес адамдар игерген кейбір мамандықтардың ауқы­мы барған сайын қысқарып жатса, екінші бір сала мен қызметте жаңа маман­дықтар ашылуда. Бұрынғыдай адамдар бір салада өмір бойы тұрақтап істейтін жұмыс пен кәсіп көзі барған сайын азайып келеді. Осы жағдай алдағы өмірде еңбек нарығының бұрын­ғы тұрақтылығы азайып, ендігі кезекте адамдардың жаңа мамандық пен кәсіп көзін игеру бағытында өмір бойы оқуға мәжбүр болатындығын білдіреді.

Біздің пайымымызша, ендігі кезекте тек алған біліммен ғана алға кете алмайсың. Өйткені алдымызда еңбек нарығында үлкен көлемдегі жұмыссыздар армиясының пайда болып, жұмыс үшін бәсекенің күшеюі бірінші кезекте адамның қабілет қарымын шыңдай түсуді қажет етуде. Бойында мықты қабілет, тіпті талант болған жағдайда адам білім­дімен таласқа түсе алатындай шамаға толық көтеріле алады. Өйткені ендігі кезекте оның интернет арқылы білім жинауына болады. Жалпы, интернет алдағы өмірімізде оқу мен білімге қатысты адамдарды белгілі бір мөлшерде теңестіре түсуге тиіс. Себебі ақпарат алу жеңілдеді. Біз қазірдің өзінде ақпараттандыру заманында өмір сүріп жатырмыз деп айта аламыз.

Жоғарыдағы мәселенің шындығын ірі халықаралық компаниялар қажетті мамандар таңдауда қазірдің өзінде ескеруде деп айтуға болады. Мәселен, олар енді маманның қо­лын­дағы дипломның болуын екінші кезек­тегі мәселе ретінде қарайтыны сезіліп жүр. Олар ендігі кезекте қызметкердің сыни ойлау қабілетін, сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру деңгейін айқындауға назар аударады. Осы екеуінсіз олар өткізетін конкурс­тар талабынан шығу қиын.

Сонымен біздің бүгінгі орта мектептеріміз алдағы заман өзгерістеріне қаншалықты да­йын? Олар білім беруді қаншалықты тиімді ұйым­дастырып отыр? Осыны білмек болып, «Оқулық» орталығының сайтында ілініп тұрған бірқатар пәндер оқулықтарын ақтарып көрген едік. Бұрынғыдай емес, қаптаған пәндерді бір-біріне кіріктіре түсу мақсатында жасалған өзгерістерді байқадық. Бірақ осылардың өзі заманның өзі революциялық қадамдарды күтіп отырған алдағы өміріміз үшін тым мардымсыз өзгерістер секілді. Жал­пы оқулықтарды заман талабына сай өзгер­тудің дұрыс жүйеленген жолдарын байқамадық. Оқулықтар бұрынғыдай сықи­ған фактілерден көз сүріндіреді.

Әрине, білім саласын реформалауға бүкіл әлем елдері назар аударып, әркім өз бетін­ше жаңалықтар енгізіп жатқан қазіргі жағдайда Қазақстан үшін білім саласын реформалаудың дайын нұсқасы жоқ екендігі түсінікті. Дегенмен басқаларға қарап, бел­гілі бір тұжырым жасаудың мүмкіндігі бар. Мәселен білім сапасы жөнінде әлем көші­нің алдыңғы легінде келе жатқан Финляндия қазірдің өзінде білімді пәндерге бөліп оқытудың дәстүрлі жүйесінен бас тартты. Енді олар оқушылар бойындағы қабілет-қарымды ерте ояту бағытында сыни ойлауға, креативтілікке, коллаборативтілікке машықтандыруға назар аударуда. Әлемнің басқа елдерінде де осындай өзгерістер бар. Енді адамдар білім алу мәселесімен өмір бойы айналысатын болса, оқушыларға қажетсіз дүниелерді тықпалап, басын қатырудың қанша қажеті бар?!