Президент • 16 Қаңтар, 2017

Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері: Ынтымақтастық негізі – өзара сенім

6242 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) ресми сапармен келіп, Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері кеңінен талқыланды әрі бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Ал бүгін Елбасы Әбу-Дабиде өтіп жатқан Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің жұмысына қатысатын болады.

Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері: Ынтымақтастық негізі – өзара сенім
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағы Әбу-Даби қа­лас­ы­на 15 қаңтарда Астана уақытымен 14:00-ден сәл өте қонды. Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктері арасындағы қаты­нас­тардың жоғары деңгейде дамуы­на зор үлес қосып жүрген Елбасын БАӘ та­рапы, дәлірегі, мұндағы діндес бау­ыр­лар салтанатты жағдайда қарсы алып, шынайы ықыластарымен ілтипат көрсетті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған бұл ресми сапарын Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесуден бастады.

БАӘ Үкіметінің «Әл-Мушриф» резиденциясында өткен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян екі елдің инвестициялық, энергетикалық, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ  күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді кеңінен қозғады. Бұл кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің соңында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар:

– Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкі­меті арасындағы Қазақстан Респуб­ликасының Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі елшілігінің және Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Респуб­ликасындағы елшілігінің қажетті­лік­тері үшін Астана қаласында және Әбу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім;

— Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Біріккен Араб Әмір­лік­терінің Үкі­меті арасындағы Дипло­ма­тия­­лық паспорттарды иеленуші азамат­тар­дың өзара визасыз сапарлары туралы ке­лісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

— Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

— «Астана ЭКСПО-2017» және «ЭКСПО Дубай-2020» бюросы ара­сындағы өзара түсіністік пен ынтымақ­тастық туралы меморандум;

— Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

— Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасындағы Консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

— Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Эко­номика министрлігі арасындағы Туризм сала­сындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

— Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігі мен Бі­ріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агенттігі ара­сындағы Жолаушылар мен жүктердің авто­көлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

Бұдан кейін Елбасы «Emirate palace» cарайында «Calatrava Grace Corporation» компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесті. Кезде­су барысында компанияның біздің елі­мізбен арадағы ұзақ мерзімге арналған ын­тымақтастығының перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Астанада іске асыру жос­парланып отырған жобалар таныстырылды. Айта кетейік, «Calatrava Grace Corporation» компаниясы жылжымайтын мүлік саласындағы жаһандық жобаларға өз клиенттерімен бірге әр транзакция үшін 100 млн долларға дейін қаржы бөле алатын мүмкіндігі бар инвестор болып табылады. Бүгінде компания портфолиосы 32 елдегі жалпы көлемі 1,9 млн шаршы метр болатын 340 жобаны қамтиды.

Одан әрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екі елдің іскер топ өкілдерінің форумы өтті. Форумда екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқаны, түрлі салалар бойынша әріптестіктің болашағы мол екені, бүгінгі жиынның екі ел­дің үкіметаралық комиссиясының 6-оты­рысының аяқталуымен тұспа-тұс келгені атап өтілді.

Сондай-ақ, жиында екі жақтың биз­нес өкілдерінің өзара тәжірибе алма­суының, түрлі бағыттар бойынша келісіп жұмыс істеудің маңыздылығы Қазақстан мен БАӘ-нің мұнай өндіру, шағын және орта бизнес, ғарыш салалары бойынша серіктестіктің екі жақ үшін де аса қажет екені, БАӘ тарапының Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысатыны, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары тараптардың өзара байланыстарына тың серпін беретіні ерекше аталды.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің маңызы өте зор екенін айта келіп,  Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы ең сенімді әріптесі болып табылатынына тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан-БАӘ қатынасының ұдайы дамып келе жатқанын, оның достыққа және өзара сенімге негізделгенін атап өтті. Одан әрі Мемлекет басшысы өзінің Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен бүгінгі кездесуі бұған дейін орнатылған әріптестікті жаңғыртуға оң ықпалын тигізетініне назар аударды.

– Біріккен Араб Әмірліктері араб елдері арасында тауар айналымы бо­йынша Қазақстан үшін 1-орынды иеленіп отыр. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты өзгелерге үлгі ретінде ұсы­нуға әбден болады. Бұл – өте жоғары деңгейдегі қарым-қатынас. Соң­ғы 25 жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға салын­ған тікелей инвестиция көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақ­станда Әмірліктер капиталының қаты­суы­мен 200-ден астам бірлескен кәсіп­орын жұмыс істеуде. Олар ауыл шаруа­шылығы, металлургия, энергетика салаларын қамтиды, – деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің ядролық энергетика саласы бо­­йынша қатынастары дамып келе жат­қанын сөз ете отырып, Қазақстан­ның уран шығарудан әлем бойынша екінші орында тұрғанына екпін берді. Пре­зи­дент­тің айтуынша, бұл сала бойынша Қа­зақстан-БАӘ әріптестігінің әлеуеті зор.

Одан әрі Президент екі ел ара­сын­дағы ірі инвестициялық жобалар тұрғысында сөз қозғады.

– Астана қаласында салынып жатқан, жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын көп функциялы «Әбу-Даби плаза» ғимараты екіжақты инвестициялық жобалардың ерекше көрінісі деп айтуға болады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Біріккен Араб Әмірліктері ірі мұнай экспорттаушы мемлекет болса да, экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын білеміз. Мұнай мен газға бай Қазақстан да 2010 жылдан бастап индустриялық бағдарлама жасап, экономикамыздың мұнай мен газға тәуелді болмауын қарастырып жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу нәтижесінде, ин­дус­трияландырудың бірінші бесжыл­дығында 1000-ға жуық өндіріс іске қо­сылды. Екінші бесжылдықты да одан әрі жүзеге асырудамыз, – деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақ­стан­ның алдында әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына ену міндеті тұрғанын сөз ете келіп, бұл межеге жету үшін Қазақ­станда бизнеске қолайлы жағдай жасалып отырғанын, елдің инвестициялық тартымдылығы арта түскенін атады.

– Біз еліміздің келбетін айтарлықтай өзгертетін ауқымды реформаларды бастадық. Осы реформаларды іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдадық. Реформалар экономика мен мемлекеттік басқарудың негізгі салалары бойынша әлемдегі дамыған мемлекеттердің стандарттарына қол жеткізуге мүдделі. Қазақстанда жылдан жылға инвестициялық ахуал жақсарып келеді. Тәуелсіз елімізге тартылған шетелдік инвестицияның көлемі 265 млрд долларға жетті. Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу бойынша рейтингінде Қазақстан 35-орынға ие болды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сонымен қатар, Елбасы әлемнің 56 мемлекетінің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатынын атап көрсете келіп, олардың арасында БАӘ-нің де бар екенін, бұл өз кезегінде тараптардың өзара ынтымақтастығының беріктігін білдіретінін жеткізді.

Бұдан бөлек, Президент шетелдік инвесторларға жасалып отырған ыңғайлы жағдайларды, жеңілдіктерді атай келіп, 19 жылдан бері Қазақстанда Президент жанында Шет ел инвесторлары кеңесі жұмыс істеп келе жатқанын әңгімеледі. Инвесторлар корпоративті табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылатынын атап көрсетті. Бұған қоса, Елбасы БАӘ кәсіпкерлерін Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендіру ісіне қатысуға шақырды.

Қазақстан Президенті ЕАЭО ая­сын­дағы іс-қимылға назар аударып, оның мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыз­­дылығын атады. Сондай-ақ, Елба­сы Қазақстанда 10 арнайы және 20 индус­триялық аймақ жұмыс іс­тей­тінін, олар үшін тиісті жеңілдіктер жа­сал­ғанын, оның аясында жұмыс істеу үшін рұқсат алу рәсімі оңтайландырылғанын айтты.

Президент биыл Астанада «Бола­шақ­тың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 көрмесі өтетінін, оған қа­тысуға 110-нан астам ел, 18 халықаралық ұйым, сондай-ақ осы саладағы әлемдік жетекші компаниялар қатысатынын, бұл ауқымды шараның Қазақстанда өткі­зілуіне БАӘ-нің араб елдері арасында бірінші болып қолдау білдіргенін атап өтті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев фо­румға қатысушыларға екі елдің ынты­мақтастығын нығайтуға атсалыса бере­тіндеріне сенім білдірді.

Сонымен қатар, форумға БАӘ тарапынан қатысушылар Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін сөз ете отырып, екі ел арасындағы қатынастардың дамуына ықпал ететін жағдаяттарды атап, өз пікірлерін ортаға салды. 

Екіжақты қатынастың табысты 25 жылы

Биыл, дәлірегі, алдағы қазан айында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмір­лік­терінің дербес мемлекеттер ретінде өзара барыс-келіс жасап, екіжақты қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Сондықтан, бүгін біз осы мерей­тойлық жылдың Елбасының БАӘ-ге жасаған ресми сапарымен басталғанын жақсылыққа жори отырып, Әбу-Да­биден жолданған бұл мақаламызға екі ел ынтымақтастығының тарихын азды-көпті арқау етсек, артық болмас.

Нақтылай айтқанда, Қазақстан мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қаты­настар 1992 жылдың 1 қазанынан бас­тау алады. Ал БАӘ-нің Қазақстандағы ел­шілігі 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істесе, еліміздің БАӘ-дегі елшілігі 2006 жылдың қыркүйек айында ашылды.

Тараптардың бұған дейінгі мәмілелі, мән-маңызы жоғары қатынастары өзара әріптестіктің өзіндік тарихын қа­лып­тастырды, саяси, мәдени және эконо­микалық байланыстардың қарқынды дамуына кеңінен жол ашып берді. Бұл үдеріс өз кезегінде еліміздің өркен­деуіне, өрісін кеңейтуіне оң ықпалын тигізгені анық.

Жалпы, мемлекеттер арасындағы тұрақты, өзара сенімге құралған байла­ныс­тардың орнауына ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулері тікелей әсер ететіні, шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан-БАӘ екіжақты қатынас­тарының бүгінгідей деңгейге көтері­луінің негізі мемлекеттер басшы­ларының жиі кездесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастыққа қатыс­ты маңызды шешімдер қабылда­ғандығында. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ Прези­дентімен өзекті мәселелер бойынша көптеген маңызды келіссөздер жүр­гізгенін, соның нәтижесінде екіжақты әріптестіктің әлеуеті арта түскенін атап көрсеткеніміз абзал.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін БАӘ-ге ресми және жұмыс сапарларымен 12 рет барыпты. Сондай-ақ, БАӘ-нің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның елімізге жеке сапарлары 8 мәрте жүзеге асыпты. Бұл барыс-келістер екіжақты қатынастарды дамыта түсті. Бұдан бөлек, тараптардың халықаралық ұйымдар аясындағы кездесулері де Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың жандануына өз ықпалын тигізе білді.

Негізінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың мамырында БАӘ-ге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуына серпін берді деп айта аламыз. Бұл сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-нің сол кездегі Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен, сондай-ақ елдің іскер топ өкілдерімен келіссөздер өткізді. Осы сапар шеңберінде Әбу-Даби қаласында Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімде «тараптар екі ел арасында ұзақ мерзімді әрі тұрақты сауда-экономикалық қаты­настарды дамыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, осы мақсаттарда тиісті жағдайлар жасайтын болады», деп атап көрсетілген болатын. Бұдан кейін өткен мемлекеттер басшылары деңгейіндегі кездесулер де өз жүйесін тауып, тараптардың кең ауқымдағы байланыстарын нығайта білді. Енді солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

2002 жылғы 8 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, Қазақстан экономикасының мұнай және газ салаларын дамытуға инвестицияларды ұлғайту перспективалары, сондай-ақ сауда-экономикалық және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. 2004 жылғы 18-22 қаңтар аралығында Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, БАӘ-нің Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен және Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбас­шысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен жүздесті. Кез­десулерде басты назар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне аударылды.

Сапар кезінде Қазақстан Прези­денті «Қазақстанның іскерлік және инвес­тициялық мүмкіндіктері» атты бизнес-форумның жұмысына қатысты. Елбасы келешегі зор ретінде мұнай-газ саласын, құрылыс индустриясын, автожол, жоғары технологиялар салаларын атай келе, БАӘ-нің кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасын инвестициялауға белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан кең мөлшерде БАӘ-ге астық экспортын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді. Сапар нәтижесі бойынша екі мемлекет басшылары келіссөздердің сындарлы сипатын және тараптардың достық және өзара түсіністік рухында әрекет жасауға ниеттерін атап өткен Бірлескен коммюникеге қол қойды.

Сол сияқты, 2006 жылғы 16 ақпанда Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапарымен болып, Әбу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде «Қазақ­стан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспары» атты маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда зор маңызға ие.

Ал 2007 жылғы 7-11 қараша аралығында Мемлекет басшысы Әбу-Дабиде БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Келіс­сөздер барысында тараптар экономиканың өнеркәсіп, көлік және коммуникация, құрылыс, фармацевтика және медицина сияқты салаларындағы экономикалық ынтымақтастықты бел­сенділендіруді қарастыратын 2006 жылы қол қойылған «Қазақстан Рес­публикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жос­парының» маңыздылығын атап өтті. Сол жолы Президент Н.Ә.Назарбаев сауда-өнеркәсіп палаталары қамқор­лығымен Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесін құруды ұсынды.

2008 жылғы 15 шілдеде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен, оның Қазақстанға ресми сапары аясында кездесіп, шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гума­нитарлық салалардағы екіжақты ынты­мақтастықтың деңгейі мен бола­шағы сөз болды. Айта кетейік, осы жылы тамызда БАӘ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес­тің (АӨСШК) толық мүшесі болды.

Сонымен қатар, Елбасының 2009 жылғы 16-17 наурыздағы Біріккен Араб Әмір­ліктеріне жасаған ресми сапарында БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кез­десіп, саяси, экономикалық және гума­ни­тарлық салалардағы Қазақстан-Әмірліктер өзара қарым-қатынасын дамыту мәселелерін қарастырды. Кездесу соңында БАӘ Президенті Н.Ә.Назарбаевты Біріккен Араб Әмірлік­терінің жоғары мемлекеттік наградасы – Заид орденімен марапаттады. Қазақ­стан Президенті өз кезегінде, БАӘ бас­шысына екіжақты қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін тапсырды.

2012 жылғы 9-13 ақпан аралығында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Мемлекет бас­шысы БАӘ-нің Президенті, шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кез­десті. Оның барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвес­тициялық салалардағы екіжақты ынты­мақ­тастықтың өзекті мәселелерін талқы­лады. Сол сәтте тараптар бұрынғы кеңестік өңірде тұңғыш ислам банкі «Әл-Хилял» банктің Қазақстандағы жемісті қызметіне қанағаттанушылық танытты. Астана және Алматы қала­ларынан кейін Шымкентте үшінші филиа­лының ашылуы Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жат­қан банктің жұмысы белсенді жүріп жат­қан­дығының айқын дәлелі бола алады.

2014 жылғы 30 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Әбу-Дабидің Тақ мұ­рагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғар­ғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық басымдығы бар мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі ба­ғыттар бойынша нығайғанын атап өтті.

Жалпы, екіжақты қатынастардың сапасы тек белсенді саяси үнқа­ты­сулар­мен ғана шектелмейді. Қазақстан-БАӘ қатынастарын нығайтуда сауда-эконо­микалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Отын-энергетика сала­сын­дағы ынтымақтастық белсенді жалға­сып келеді.

2010 жылғы қаңтарда Әбу-Даби үкіметінің Қазақстанда қаржылық әлеуеті 500 млн АҚШ долларынан кем емес «AlHilal Bank» алғашқы ислам банкін ашу жөніндегі шешімі, сон­­­дай-ақ қысқа мерзім ішінде Қазақ­стан­да тікелей инвестиялардың алдың­ғы қа­тарлы қорларының бірі бол­ған бір­лескен инвестициялық «Фа­лах» қоры­ның құрылуы екіжақты байла­ныс­тар­дың қарқынды дамуының дәлелі болады.

Қазақстан Республикасының сыртқы саудасында Біріккен Араб Әмірліктері әлемнің 205 елі арасында 52-орында, оның ішінде 42 Азия елдері арасында – 16-орынды, ал араб елдері арасында 1-орынды алады.

Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмір­ліктері – біз үшін маңызды әрі сенімді әріптес ел. Қос тараптың бір-біріне осылайша құрметпен қарап, ортақ мүдде орайында орнықты, байыпты қадамдар жасаулары, әрине, өзара байланыстарды тереңдете түсуде. Осы ынтымақтастықтың бір ғана көрсеткіші ретінде БАӘ-нің еліміз үшін ірі инвес­тор болып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, соңғы мәліметтерге қарағанда, 2005-2016 жылдар аралығында бұл мемлекеттен Қазақстанға тікелей 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Сондай-ақ, Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың құрылысына БАӘ тарапынан өтеусіз негізде 100 млн АҚШ долларынан астам қаржы қаралған.

Ортақ ұстанымдар байланыс аясын кеңейтеді

Негізінде, Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктерінің саяси ұс­таным­дарында да алшақтық жоқ. Бірқатар өзекті халықаралық және аймақтық мәсе­ле­лерге қатысты ұстанымдары бірдей. Бұл жайт екі елдің саяси саладағы өзара іс-қимылдарын тереңдете беруге мүм­кіндік береді. Мәселен, БАӘ Қазақ­станның бастамашы болуымен ша­қы­рылған Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) 2008 жылдың шілдесін­де толық құқылы мүше болды. Пар­сы шығанағы аймағындағы жетекші мем­лекеттің бірі – БАӘ-нің осы халық­ара­лық ұйымға мүше болуы АӨСШК-нің бе­де­лі мен салмағын арттыратыны анық.

Ислам әлеміндегі лайықты орнына байланысты БАӘ басшылығы өздерінің елі ішінде және халықаралық аренада конфессияаралық үнқатысудың орнық­қанын қолдап келеді. Бұған Астанада дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съездерінің жұмысына БАӘ өкіл­дерінің белсенді қатысып жүргені дәлел болады.

Екіжақты мәдени-гуманитарлық қатынастар ұдайы даму үстінде және оның аясының кеңейе түскені байқалады. 2009 жылы наурызда Ел­басының БАӘ-ге ресми сапары шеңберінде Қазақстанның БАӘ-дегі Мәдениет күндері өтті. 2010 жылы мамырда Астанада БАӘ-нің Мәдениет күндері өткізілді. БАӘ Қазақстанды Орта­лық Азия өңіріндегі бейбітшілік пен тұ­рақ­тылықтың қорғаны, этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі деп қарастырады. Әбу-Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян 2011 жылғы 30 қаңтарда Астана қаласында 7-ші қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

2014 жылғы 30 сәуірде Әбу-Дабиде Халықаралық кітап көрмесі шеңберінде алғаш рет араб тілінде басылған «Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.