Әлем • 08 Қаңтар, 2021

Қытайдың стратегиясы АҚШ одақтастарын біріктіреді

321 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл халықаралық аренадағы екі бірдей маңызды оқиға әлем назарын өзіне аудартып отыр. Біріншісі – АҚШ президентінің ауысуы. Бұған дейін төрт жыл ел басқарған Дональд Трамп күтпеген шешімдерімен шартарапты шарқ ұрғызған еді. Оның Париж келісімінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу жөніндегі қадамы халықаралық қоғамдастықты алаңдатты. Осы орайда, демократиялық көзқарастағы Джо Байденнің Ақүй тізгінін ұстауы әлем үшін ақжолтай жаңалыққа айналды. Екіншісі – бір жыл бойы жер-жаһанды әбігерге салған коронавирусқа қарсы вакциналар әзірленіп, жаппай қолданысқа ене бастауы.

Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында жарық көрген «Қытайдың стратегиясы Американың одақтастарын біріктіреді» атты мақалада авторлар Ақүй тізгінін ұстаған Джо Байденнің негізгі міндеті туралы ой қозғайды. Олардың пайымдауынша, жаңа президент өзінің одақтастарын біріктіріп, Қытайдың күшейіп бара жатқан геосаяси ықпалымен күресуге тиіс.

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ана Паласио өз мақаласында 2020 жылға шолу жасай отырып, өткен жыл тарих қойнауына қалай енеді деген сұраққа жауап іздейді. Автордың айтуынша, халықаралық қоғамдастық өткеннен сабақ алса ғана «індет жылы» өзгеріс кезеңіне айналмақ.

Айта кетейік, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 

Қытайдың стратегиясы АҚШ одақтастарын біріктіреді

ВАШИНГТОН/ЛОНДОН – Американың негізгі демократиялық серіктестерімен қарым-қатынасы жаңа сайланған президент Джо Байден қызметіне кіріскеннен кейін қайта жандана бастайды. Еуропадағы және Азиядағы одақтастар Америка президентінің өз елінде демократиялық дәстүрлерді ұстануға, шетелде стратегиялық міндеттемелерді орындайтынына және ынтымақтастықта жұмыс істейтініне үміт білдіреді.  

Әлемдік демократия арасындағы ынтымақтастық, әсіресе Қытайға қарсы тұру кезінде өте маңызды. Өткен аптада Еуропалық одақтың аталған елмен инвестициялық келісімге қол қою туралы шешімі екі тараптың арасында келіспеушілік бар екенін көрсетеді. Байденнің командасы ЕО-ны келісімнен бас тартуға үгіттегенімен, оған қол қо­йыл­ды (енді ратификациялануы керек).

Шынында, Қытайдың бірбеткей әрекеті әлемнің демократиялық бөлігін бірлесіп, оған қарсы тұруға итермелейтіні анық. Дегенмен, Қытайдың геосая­си әлеуетінің күшеюі, сауда және инвес­тициялық мүмкіндігі көптеген елді, тіпті демократиялы мемлекеттерді де қызықтырып отыр. Соған байланыс­ты Д.Байден президенттік қызметке кірісе сала, үш қағиданы басшылыққа ала отырып, Қытайға қарсы біртұтас демократиялық майдан құру үшін күш-жігер біріктіруді бастауы керек.

Біріншіден, Америка Құрама Штат­тары риторикадан бас тартып, Қытайға мызғымас дұшпан емес, қорқынышты бәсекелес ретінде қарағаны жөн. АҚШ-тың қатаң оқшаулау немесе агрессивті кері қайтару стратегиясы Еуропада да, Азияда да қолдауға ие болмайды. Керісінше, стратегиялық тұрғыда кері әсерін тигізеді.

Әңгіме Қытайға қарсы қатаң саясат ұстануға келгенде Демократтар да, Республикашылар да бір-бірінен асып түсуі мүмкін. Егер шетелдік серіктестері Бай­денді текетіресті одан әрі өршітуге бейім деп санаса, АҚШ әлемдегі ірі де­мо­­кра­тиялар­ды біріктіруден гөрі бөлі­нуіне жағдай жасайды. Қытай қазірдің өзінде Азияда және одан тыс жерлерде айтарлық­тай геосаяси және экономикалық ықпалға ие. Әсіресе «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, оның жаһандық инфрақұрылым мен коммерциялық дамудағы ауқымды инвестициялық бағдарламасы өзекті болып тұр. Жынды бөтелкеден шығарғаннан кейін, қайта ішіне кіргізе алмайсың.

АҚШ-тың Қытайға қатысты стратегиясы қатаң түрде емес, прагматикалық реализм арқылы басқарылуы тиіс. Әрине, АҚШ төзе алмайтын мәселелерде, әсіресе Тайваньның автономиясы мен Азия-Тынық мұхиты аймағында жүзу еркіндігі туралы сөз қозғалғанда өз позициясын айқын көрсетуі керек. Бірақ АҚШ пен Қытай аймақта ортақ көшбасшылықты көздегені жөн. Бұл – Қытай мен АҚШ арасындағы кикіл­жіңнен қауіптеніп отырған америкалық тараптың одақтастарын сабырға шақыратын стратегиялық мақсат.

Екіншіден, АҚШ пен оның негізгі одақтастары Қытай мен сауда және инвестициясына қарсы тізе қосқаны абзал. Экономикалық тұрғыда шектеу жасау мүмкін емес. Қытайдың әлемдік экономикаға байланысы өте жоғары. Соған қарамастан, осы елден әкелінетін импорттық тауарлардан және әділетсіз сауда бәсекелестік соңғы жиырма жыл ішінде дамыған елдердегі миллиондаған жұмыс орнының жабылуына әкеліп соқты. Қытаймен арадағы бәсекелестік жағдайды теңестіруге күштеу елдегі экономика үшін тиімді болмақ.

Америка мен оның одақтастары тиім­ділікті арттыру үшін мәмілеге келуі тиіс. Президент Дональд Трамп сияқ­ты біржақты әрекет ету және ЕО-ның таяу­дағы шешімі секілді әрекеттер Қытайды күшейтіп қана қоймай, әлемдегі демо­кра­тиялық күштерді теңестіріп, ынтымақ­тасу арқылы шешім қабылдауды қиын­датады. Трамптың тарифтері Қытай нары­ғын ырықтандыруға әсер еткен жоқ, бірақ АҚШ-тың тауар тапшылығын төмендетті.

Оның орнына Қытайдың зиянды сауда тәжірибелеріне, оның ішінде мемлекеттік субсидия мен зияткерлік меншікті ұр­лауына қарсы тұру үшін жаһандық қысым қажет. Кең көлемде экономикасын шектеу мүмкін емесіне қарамастан, АҚШ демократиялық одақтастарымен бірігіп, жартылай өткізгіштер мен жасанды интеллект секілді маңызды технологияларды Қытайға сатудан бас тартуы қажет. Жаңа экспорттық бақылауды енгізу, шетелдегі қытайлық инвестицияларды тексеріп, реттеу, 5G желілерін құру мәселесінде Huawei-ден аулақ болу және жоғары деңгейлі өндірісті елге қайтаруда да мұқият болған жөн.

Бұл қадамдар Байден әкімшілігі мен көптеген басқа демократиялық елдердің билігінің көбірек жұмыс орындарын ашып, орта тапқа жоғары жалақы төлеуіне жағдай жасап, осы бағыттағы бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басты мақсат – экономикалық өсу мен саудадан түскен табыстың неғұрлым көбеюін қамтамасыз ету. Инфрақұрылымға, білім беру мен қайта даярлауға, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жаңартылатын энергияға жұмса­латын қаражат демократиялық елдерге Қытаймен бәсекелесуіне көмектеседі.

Үшіншіден, АҚШ пен оның демо­кра­тия­лық серіктестері адам құқығы туралы әңгіме қозғалғанда сөздері бір жерден шығуы тиіс. Қытай билігі­нің азаматтарына еркіндік бермеуге тал­пынуын батыл айыптау ел басшы­лығын халықаралық пікірталас барысында қорғануына итермелейді. Бұл америкалықтардың Трамп кезіндегі моральдық беделінің бұзылуын қалпына келтіруге көмектеседі.

Демократиялық көшбасшылар Шың­жаңдағы аз ұлт ұйғырларды басып-жаншып, Гонконгке қысым көрсет­кендерге санкция салу арқылы Қытай билігінің шығындарын одан әрі арттыра алады. Қытай адам құқықтарын сақ­тамағаны үшін өзін сынаған Аустра­лияда секілді елдерді жазалау үшін эко­но­­микалық қысым жасағанда, әлем­дегі демократиялық мемлекеттер бұған қарсы жауап беруі қажет.

Осы үш қағида төңірегінде ортақ мәмілеге қол жеткізу Байден әкімшілі­гінің серіктестерімен тізе қоса жұмыс істеуге ниетін ғана білдірмейді. Бұл Қытайға қатысты мәселе айтылғанда Американың оң жамбасына келетін одақтастарына әсер етеді.

Қытайдың жалғыз әріптесі бар – Солтүстік Корея. Ал АҚШ-тың шар­тараптың түкпір-түкпірінде адал серіктестері көп. Қытай экономикасы алдағы онжылдық соңында ең үлкен экономикаға айналмақ. Ішкі жалпы өнімі әлемдегі негізгі демократиялардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігіне теңеседі. Алда-жалда әлемдік демократиялық елдері бірлесіп, геосаяси және эконо­мика­лық әлеуетін біріктірсе ғана Қытай­ды дегенге көндіруге мүмкіндік бар.

Байден Қытайға қатысты үйлесімді көзқарас қалыптастыру үшін бүкіл білгенін сарп етуі тиіс. Бірақ ол Қытай­мен жасаған саудадан көбірек пайда табуды ойлағанымен, Еуропа мен Азиядағы демократиялық мемлекеттер Қытайдың түпкі ниетіне алаңдаушылық білдіреді. Бұл Байден үшін таптырмас мүмкіндік. Аталған елдер одақтастарды құрметтейтін және Қытаймен қарым-қатынас жасау үшін командалық жұмыс істеу қажеттілігін бағалайтын АҚШ президентін қуана қарсы алады.

 

Чарльз КУПЧАН,

Билл Клинтон және Барак Обама президенттігі кезінде ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болды. Джорджтаун университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры, халықаралық қатынастар кеңесінің аға ғылыми қызметкері,

Питер ТРУБОВИЦ,

Халықаралық қатынастар профессоры және Лондон экономика мектебіндегі АҚШ орталығының директоры, Chatham House-тың доценті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org