Өнер • 02 Наурыз, 2021

Бас театрдағы балалар студиясы

555 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Білім беру жүйесі мен ұрпақ тәрбиесін шығармашыл әлемнен бөле-жарып қарау әсте мүмкін емес. Қазіргі қоғамда болып жатқан кең ауқымды өзгерістер бала тәрбиесі ісімен айналысатын барлық мамандарға үлкен міндеттер жүктейтіні тағы рас.

Бас театрдағы балалар студиясы

Жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, шығармашылығын жетілдіруде айтарлықтай рөл атқаратын мұндай орталықтар мен студиялардың жұмысы қай жағынан да қолдап-қуаттауға әбден лайық.  Соның бірі  – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры жанынан құрылған Балалар студиясы. Осы тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салған мамандар өнер ұжымының бүгіні һәм ертеңі туралы баяндайды.

– Балалар студиясы басқа мектептерден несімен ерекшеленеді?

Хормейстер
Алтынғаным АХМЕТОВА:

– Студия екі бағытта жұмыс істейді, атап айтқанда, хор және балет бөлімі бар. Мұнда негізінен музыка мен балетке қабілеті байқалған жеткіншектер таңдап алынады, яғни білім алып жатқан балалар –  өнерге бейімі анықталып барып келгендер. Олардың 90 пайызы музыкалық мектепте оқиды әрі ноталық сауаты бар.  Талап өте жоғары. Өйткені дауыс ырғағын келтіріп сөйлей алмайтын не болмаса есту қабілеті нашар баламен операны жаттау мүмкін емес, бұл балетке де қатысты, егер студияға келетін баланың биге икемі болмаса, оған классикалық бимен айналасуға ұсыныс берілмейді. Хормен жұмыс істеу әдістемесі кішкентай балаларға да, ересек әртістерге де бірдей. Бір ғана айырмашылығы – бала дауысының ерекшелігін білу міндеттеледі. Сонымен қатар дауыс күйін дұрыс сақтау үшін балалардың жұмыс пен демалыс тәртібін қадағалау маңызды.

– Карантин кезінде сабақ қандай форматта өтті?

– Студия жұмысы тоқтаған жоқ, отыз балаға дейін топтар жасақталған, сабақ­тары таңертең және кешкі уақытта өткізіледі.

Тіпті кейбірі барлық репертуарды мең­­геріп алған десек, ал осы маусым­да қосылған балауса өрендер жаңа қойы­­лымдарды жаттап жатыр. Олар актер­лік шеберлік бойынша оқиды, балалар хо­рына арналған партияларды жаттайды. Спектакль алдындағы жалпы дайын­дықта және қойылым кезінде құрам түгел қатысады. Балалардың көпшілігі қашық­тан оқитындықтан, опера мен дайын­дықтарға қатысу – олар үшін зор бақыт.

– Студия қай уақыттан бері жұмыс істеп жатыр?

– Сегіз жылдан бергі жұмысымыз жеміссіз емес. Музыкалық қабілеті бар балалар театр сахнасында өнер көрсетіп үлгерді. 2013 жылы студияға кел­ген балалардың ішінде өз өмірін шығармашылықпен байланыстырған жастар бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қазақ ұлттық хореография академиясында, П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде, сон­дай-ақ Италия, Германия, Аустрия және Ұлы­британия сияқты елдерде білімдерін жалғастырып жатыр.

– Бағдарлама, репертуар мәселесі қай деңгейде?

– Әр маусым сайын репертуар толы­ғып отырады және бұған қоса ұжымға қабылданған жаңа балаларға берілетін тапсырма бар. Қазір олар үлкен сахнадағы 10 спектакльге және Камералық залдағы толыққанды балалар спектакліне қатысып жүр. Бұдан бөлек, концерттік репертуарымыз жыл сайын жаңғырып отырады. Олардың кәсіби деңгейі де артады, алайда мен үшін балалардың жетістік көрсеткіші, байқауларда жеңіп алған жүлделі орындары емес, орындаушылық шеберлігі маңызды. Сахнаға шығып, спектакльді тамаша орындау, дирижердің «қолын» түсіне білу – міне, нағыз жетістік сол.

– Мысалы, бір спектакльге шамамен қанша бала қатысады?

– Жақын күндерде Дж.Пуччинидің «Париждік Богема» операсы көрерменге жол тартпақ, оған 40 бала қатысады. Қойылымның өзгешелігі – екінші бө­лімде сахна бес метр жоғарыға көтері­леді және балалар осы биікте тұрып өнер көр­сетуге тиіс. Техникалық тұрғыдан бұл әрине, өзіндік қиындықтар туғызады, соны­мен бірге ансамбль үшін де оңай емес. Биіктегі акустикаға құлақ үйретіп, барлығын дұрыс орындау үшін олармен барынша нақты дайындықтар жасалады.

– Балаларға кімдер сабақ береді?

– Студия ашылғалы бері ұстаздар құрамы өзгерген жоқ. Негізінен театр қызметкерлері сабақ береді. Сахнада өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі әртіс­тер балеттен сабақ береді, бұдан бөлек олардың педагогикалық білімі тағы бар.

* * *                          

– Хор өнері туралы онша көп естіле бермейді. Өнердің бұл түрін таңдау­шылар көп пе?      

Хормейстер
Әйгерім МӘКІБАЕВА:

– Хор өнерін таңдап келетін талантты балалар аз емес. Біз сабақты әрдайым дауыс жаттықтырудан бастаймыз, одан кейін алдағы болатын қойылымдар бойынша әндерді, опералық көріністерді жаттаймыз. Сабақтың ұзақтығы бір жарым-екі сағатқа созылады... Маған олардың қара­пайым­дылығы, шынайылығы ұнайды, көңіл күйіңді сергітіп, жаныңды жадыратады. Дайындық кезінде небір күлкілі жағдайлар орын алады, олармен өткізетін уақытыңды алдын ала болжап білу мүмкін емес.

* * *                      

– Музыкалық шығарманы бала санасына мықтап сіңдіре білу үшін ұстаз­дан не талап етіледі?

Концертмейстер
Ирина КУРГУЗ­КИ­НА:

– Кез келген ұстаз әуелі баланың музыкалық материалды дұрыс игеруіне маңыз бергені абзал деп есептеймін. Концерттік бағдарлама ма, опералық спек­такль ме, қай-қайсысы да мүлтіксіз орын­­далуы тиіс екенін ұғына алған өнер­паз кейін сахнада да сол тәртіпке ба­ғынады. Сондықтан солистермен жұмыс істе­генде осы жағын көбірек пысықтауға тырыса­мыз. Балаларға жаңа материалды түсіндіруге көп күш жұмсалады. Олай ете алмаған күнде еңбегің зая кетуі мүм­кін. Жалпы бір нәрсені түсіндіргенде ая­ғына дейін жеткізіп, бала тез ұғып ала қоя­тындай әдіс-тәсілдерді пайдалана бі­лу керек. Жарым-жартылай игерілмей қал­­ған сабақ, толық ашылмаған тақырып білім­ді тежейді, сондықтан кейде бір жү­ріп өткен жолыңды кері шегініп барып, тағы қайталап шолудан ерінбеген абзал. Мұндағы әрбір баламен жеке-дара жұ­мыс істеуге тиіссің.  Локдауннен кейін бар­лық баланың бір ауыздан студияға қай­та келуге ниеттенгеніне, үзілістің ұзап кет­кеніне қарамастан өнерге деген қызы­ғу­­шылығының бәсеңси қоймағанына қуандым. 

* * *                        

– Жас сананы сахнаға баулуда қан­дай әдіс-тәсілдерге жүгінесіз?

Режиссер
Николай КОРШУНОВ:

– Мен балғын өнерпаздарды актерлік шебер­лік пен сахна қозғалысына баулимын.

Студияға тіркелген әрбір бала – мен үшін жеке тұлға болып саналады, әрқайсының өзіне тән мінез-құлқы, тем­пераменті, өмірге деген өзіндік қы­зығушылығы болады дегендей. Әуелі осыны зерттеп, балғын жүректің кілтін та­уып алғым келеді. Содан кейінгі күш-қайрат тікелей мамандықтың қыр-сырын ұғындыруға жұмсалады. Да­йын­дық тұсында немесе мизансценаны жаттап алу кезінде көмегі болуы үшін, әрі балаларды ширатып алу мақсатында сабақтың екпініне айрықша мән бере­мін, яғни балалардың материалды то­лық игеріп шығуына көп көңіл бөле­мін. Сабақты өткенде бастапқы мате­риалдарға сүйене отырып, өз жанымнан жаңалық енгізуге тырысамын. Ал балалар берілген жүктемені игеруде дәрменсіздік танытқан жағдайда кейбір элементтерді қайта пысықтаймыз. Са­бақ­тың жоспарын топтың құра­мы мен қатысушылардың жас айырмашы­лықтарына қарай құраймыз. Кейде балалар өздерінің ұсыныстарын енгізеді, мен оларды қуана-қуана қолдап, шығар­машылық ізденуге мүмкіндік беремін. Олардың келешекте жұлдыз болу-болмауы өздерінің таңдауына байланысты. Мен үшін олардың Балалар студиясында тәжірибелі мамандардан білім алып жатқандығының өзі өте маңызды. 

* * *                                                               

– Балет студиясының оқушылары 2014 жылы Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінде өнер көрсеткен екен. Балалар балетінің одан кейінгі жай-күйі туралы айтып берсеңіз?    

Балет сыныбының ұстазы
Әмина ӘЛИЕВА:

– Сол жылдың қазан айында елімізге Мария театры гастрольдік сапармен келді. Валерий Гергиевтің жетекшілігімен студия тәрбиеленушілері Р.Вагнердің «Нибелунг жүзігі» эпикалық топтамасынан «Рейн алтыны» мен «Валькирия» операларына қатысты.

Ал жалпы балалар балетіне қойылар талап туралы айтар болсақ, бірінші кезекте дайындық мәселесіне қатты көңіл бөлінеді. Бала мұнсыз ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайтынын, алға қойған мақсат-мұратына жету қиын болатынын түсінуі керек. Одан бөлек, кейін бұлшық еттерін, буындарын зақымдап алмай, өз денесімен жұмыс істеуі үшін ақпаратты дұрыс қабылдауы маңызды.

Балетте көп нәрсе тәртіпке байланысты. Ең алдымен баладан осыны та­лап етеміз, өнерге таза, ұқыпты бо­луын сұраймыз. Ұстаз алғашқы күннен бастап баланың дайындыққа келуін, кешікпеуін бақылайды. Әрине, мұндай қатаң тәртіпке көндіге білу үшін үлкен төзімділік керек. Оған біреу көнеді, шыдас бере алмағандары қош айтысады. Бірақ тұрақтай қоймайтындар көп емес, қандай жағдайда да негізгі құрам сақталады. Тәрбиеленушілеріміз үлкен сахнадағы спектакльдерге қатысады, сонымен қатар театр репертуарларындағы тек қана балалар қатысатын концерттерде өнер көрсетеді. Мұндай сәттер балаларды қанаттандырады, шабыттандырады.

* * *          

– Студияның оқушылары музыка­лық материалдарды қай деңгейде иге­ріп шығады?

Концертмейстер
Эльмира СҰЛТАНҒАЗИНА:

– Балалар өнері болғандықтан сабақ аптасына үш рет өтеді, студияның көп­теген оқушылары бүгінде Қазақ ұлт­тық хореография академиясында білім алуда. Оқу-жаттығуларымыз – кәсіби әртістерге арналған классикалық сабақтың тәжірибелік үлгісі ғана, яғни бастапқы және аса тереңдетілмеген деңгейі деген сөз.

Сабаққа арналған музыкалық репертуарды таңдау тұрғысынан алғанда, концертмейстердің міндеті – музыканы ұстаздың хореографиялық тапсыр­маларының мән-мәтініне түсінікті үйлес­тіре білу ғана емес, сондай-ақ алғашқы оқу жылынан бастап-ақ ұғынықты болуы үшін музыкалық материалды оқу­шы­ларға түсінікті тілде жеткізе білу. Бұған  мажордың - минордың (мұңлы - көңілді) сипатын, мазурка, полонез, марш, кантиленді адажио формасы мен тағы басқа музыкалық үлгілердің айыр­ма­шылығын ажыра білуді жатқызу қа­жет. Бұл ретте, әрине балдырғандар үшін шығар­маның сазды және үйлесімді жеңіл­детілген нұсқаларын – балалар тақырыбындағы полька мен скерцоны пайдаланған жөн. Ал ересектеу балалармен жұмыс істегенде әлдеқайда қиынырақ композицияларды: ырғақ жағынан күрделі әрі әуезге толы музыканы қосуға болады.