Әдебиет • 27 Мамыр, 2021

Ноттинг Хиллдегі хикая

242 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Лондонның орталығындағы Вест-Энд деп аталатын батыс бөлігінде Ноттинг Хилл деп танылған шағын бұрыш бар. Азық-түлік, жеміс-жидек тағысын тағы күнделікті тұрмысқа қажет ұсақ-түйек, көненің көзі саналатын антиквариат бұйымдар дейсіз бе, әйтеуір іздеген адам жоғын табатын базар қысы-жазы тынбастан жұмыс істеп жататын. Осы бір қарбаластың арасында өмірдің мәнін түсіне алмаған көңілсіз бір жан кітап сатып тұрар еді. Ол – Уильям Такер (Хью Грант).

Ноттинг Хиллдегі хикая

Дүңгіршекте негізінен жолаушылар­­ға арналған нұсқаулықтар сатылатын­дық­тан ба, мұнда көп ешкім бас сұға бер­мейді. Ілеу де біреу, онда да іші пысқан әлде­бір алаяқ болуы ғажап емес. Бір-бірі­н айырғысыз іш пыстырарлық күн­дердің бірінде дүкенге Голливудтың әйгілі жұлдызы Анна Скотт (Джулия Ро­бертс) келіп кіреді. Қажетті кітабын ал­ған соң, кетерінде шын жақсы көргені ме, әлде ойнағаны болар қарадай әбігерге түскен Уильямды Анна сүйіп алады. Мұндайды күтпеген қарапайым дүкен сатушысы, әрине есеңгіреп қалары даусыз, тіпті сенімді серігі Спайкпен кеңессе де ес-ақылын жия алмай дәрмені құриды.

Фильмде Аннаның мінез-құлқын тү­сіну өте оңай. Қарапайым адами се­зімді, жақсы көруді, ұнатуды, адам сияқ­ты ренжуді сағынған жай ғана адам, жалғызсыраған қамкөңіл қыз баласы еді. Шоу-бизнестің әлеміш әлемі әбден мезі қылғанда кішкентай дүкендегі қа­рапайым жігіттен жылылық іздеуі де табиғи. Тіпті еш күмәнсіз. Бір-бірін ұнат­қанын әлі өздері де анық түсіне қоймаған екеу енді басталған таныстығын сырт көзден қанша жасырғанымен, осы маңай­дың бітпейтін гу-гу әңгімесіне арқау болады. Қашқан-пысқан баспасөз өкілдері қолдарындағы білеудей микрофондарын кес-кестеп атақты Голливуд жұлдызы мен қарапайым базардағы сатушы жігіт­тің арасында не барын біле алмай әлек. Сюжеттің ішіне бүккен бар сырын оқыр­манға жайып салмас үшін сатушы мен актрисаның арасындағы соңғы сұхбатта көрерменге ұсынатын ерекше жылылық бар екенін қоса кеткенім жөн болар.

Десе де фильм бүгін түсірілген туын­ды емес, көрерменге жол тартқанына жиырма жылдан асқан ескі фильм. Дәл бүгінгідей әлемді құтқаруға аттан­ған көз­сіз батырлардың шытырман оқи­ғасы, я тым заманауиланған әлеумет­тік та­қырыптар әлі трендке айнала қой­ма­ған бейбіт жылдардың бейғам сәттері қам­тылады. Мұндағы британ юморы күн­делікті өмірдің кей абсурд тұсын ерекше нәзік табиғатымен жымдастыра отырып, елеп-екшеп ұсынады. Жалпы, британ комедияларының тез танылуына британ юморы бірден-бір себеп бол­ғаны белгілі әрі ел мәдениетін әлемге әйгілі етудегі маңызды арна десек артық айтпаған болар едік. Мәселен, Ноттинг Хиллдің жайма базарындағы қайталана беретін бірсарынды көңілсіздігі Такердің достары мен отбасы қатысқан сюжет желісімен үнемі түрлі түске боялып отыратындай. Дәл осы топтың күшімен кейіпкерлердің тапқыр комедиясы фильмнің әлі күнге дейін бағын асырып келеді. Ақыл-есі кемдеу көрінетін, ал шашы өмірі таралмайтын есалаң жігіттің кейпіндегі Спайктың (Рис Иванс) пошымы былай қарасаң кісі үркетіндей-ақ.

– Бірден айтайын, мына йогурттың дәмі бұзылған, – дейді әлденені қасықтап қаужаңдап жатып.

– Бұл – майонез.

– Онда жеуге келеді, – деп таңдайына және бір қасық тастап қойып кете барады. Аңғал Спайктың нағыз болмысы осы. Бірінші көзге түсетіні серейген ұзын бойы мен көкшіл көздері. Тіп­ті бас кейіпкерлердің жаттанды іс-әре­кетінен сюжет желісі әне-міне тұйыққа тірелгендей болғанда осы Спайк шыға келіп, сахнаға жаңа дем береді. Болмаса, таңертең ұйқылы-ояу қалпында суда жүзетін қып-қызыл костюмді үстіне іліп алып шыға келетін сәті ше? Досының мұндай жауапсыздығына еті үйренген Уильям еш таңданыссыз сұрайды:

– Мұны неге киіп алдың?

– Таза киім қалмаған екен, бәрі жуыл­маған. Содан сенің киімдеріңді ақтарып жатып, көзіме осы біреуі түсті.

– Бірақ бұл суда жүзетін костюм ғой, – дейді шыдай алмай кеткен Уильям.

– Иә, есесіне көңілді ғой, – дейді Спайк еш саспастан оразасын қалған-құтқан бірдеңемен ашып жатып.

Қайталана беретін тіршіліктен ма­ғына таба алмағанда дәл осы есалаң сары жігіттей қолға түскен киімді іле са­лып, өзіңді де, өміріңді де еркіне қоя бер­гің келетін сәттер болатыны рас. Өз­дері белгілеген ұстанымдар мен тәртіп аясынан алысқа ұзай алмай, қамалған екеудің жан дүниесінде жатқан құлазуы, баз кешуі, қалауы, еркіндікті аңсауы, қамығуы сынды ішкі шектеулері Спайк образы арқылы көрсетілген бе дейсің. Мұны фильм режиссері Роджер Мишелл жақсы аңғарған.

Фильмді түсіру үшін жұмыс тобы аянбай тер төгуге мәжбүр болды. Ноттинг Хилл аймағын дәл метрополияның ор­та­сындағы неғұрлым романтикалық ауыл ретінде көрсету үшін еуропалық келбетін айрықшалап, Кариб аралдарынан ауып, ұзақ жыл қоныстанған иммигранттарды көшеден уақытша көшіре тұруға мәжбүр болған көрінеді. Ноттинг Хиллдің кейіпкерлерін бірі балаларша еріккен біреулер деп жаратпауы, енді бірі британ әзілдерінің тым көп екенін айтып шағымдануы мүмкін. Бәзбіреулер бос әңгімеге де балауы ға­жап емес. Сондықтан фильм жайын­да асырып, не асығыс байлам жасау­дан аулақпыз, қандай да бір ой түю көрер­меннің еншісіндегі дүние. Баяғыда біреу «армандауға болмай ма» депті деген қағытпа бар. Иә, кинофильмдегі оқиғалардың шынайы өмірде бола қоюы екіталай. Әйтсе де осы өмірде кішкентай ғажайыптарға сенгісі келетін үлкендер үшін осынау қарбалас күндердің арасында бой жазып, сәл аялдап тыныстап алуға, бәлки аз-маз армандауға мүмкіндік беретін ізгілік ертегісі сынды есте қалады.