Аймақтар • 25 Шілде, 2021

Батыс Қазақстан: ауыл әкімін сайлау

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының 31 ауылдық округінде ауыл әкімдерінің сайлауы жүріп жатыр. Бүгінгі сайлау барысын өз көзімен көру үшін газет тілшісі Теректі ауданына қарасты №352, 353, 384 сайлау учаскелерін аралап қайтты деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан: ауыл әкімін сайлау

Батыс Қазақстан облысында бүгін 79 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 31 ауылдық округтің әкімі сайланып жатыр. Соның ішінде біз барған Теректі ауданында 4 ауылда сайлау өтуде екен. Аудандағы ең үлкен елдімекен – Подстепной ауылдық округі аумағында 10370 адам тұрады. 6712 сайлаушы округ аумағындағы 5 сайлау учаскесінен дауыс беріп жатыр екен. Біз ауылдық мәдениет үйінде орналасқан №384 сайлау учаскесіне таңертеңгі 10.00. сағат шамасында бардық. Мәдениет үйі алдында ұйымдасьырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, алыстан естілетін қазақы әуендер бүгінгі іс-шараға мерекелік сипат беріп тұр екен.

«2197 сайлаушы бар тізімде, қазіргі уақытта бірінші рет болып жатқан сайлау ғой, келіп жатқан кісілердің көңіл-күйі жақсы, үлкен адамдар мейрам сияқты келіп жатыр, бізді мейраммен құттықтап жатыр, күтіп отырмыз, жақсы дайындық өтті. Кенттің өзінде 3 сайлау бөлімшесі бар. Халыққа ризамыз, карантиндік талаптарды түсініп, сақтық шараларын сақтап жатыр. Біздің сайлау учаскесі бойынша екі сағаттың ішінде тіркелген сайлаушылардың 12 пайызы дауыс берді», дейді №384 сайлау учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлайым Сағындыққызы.

Біз көлік тіреген келесі мекен – Ақсуат ауылы болды. Округте жалпы саны 2967 адам тұрады. Округ құрамына орталықтан бөлек Магистральное, Пойма, Әйтиев секілді шағын ауылдар кіреді. Облыс орталығына жақын, топырағы құнарлы, сулы-нулы жерде орналасқандықтан, халықтың әл-ауқаты жақсы екені сезіліп тұр. Округте еңбекке жарамды 1355 адамның 1277-сі жұмыспен қамтылған. Округ аумағында өнімі көршілес шетелдерге де шығарылатын атақты күнбағыс майы зауыты жұмыс істеп тұр. Ауылда 5 заңды тұлға, 12 жеке кәсіпкер, 11 шаруа қожалығы бар екен.

«Ауылда тіркелген 734 сайлаушымыз бар. Қазіргі жағдайға қарағанда халықтың белсенділігі жаман емес», дейді №352 сайлау учаскесінің төрағасы Ержан Құрманов.

Бір қызығы, Ақсуат ауылының тізгінін ұстауға ниет білдірген екі үміткер де бұрын бұл ауылда тұрмаған, сырттан келген азаматтар екен. Пандемияның өршуіне байланысты сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде үміткерлер жиын жасап, ауыл халқымен кездесе алмады. Көп іс-шара әлеуметтік желілер арқылы өтті. Округті аралап, пікір иелерімен, ауыл ақсақалдарымен, белсенді топтармен кездескен кейбір үміткер елдің есінде қалыпты.

«Осы Пойма ауылында 1996 жылдан бері тұрамын. Ауылымның болашақ әкімін сайлауға тұңғыш рет келіп тұрмын. Бүгінгі сайлау ұйымшылдықпен өтіп жатқан сияқты. Екі кандидаттың біреуін жақсы танимын. Ауылды аралап, келіп жүргенде әңгімесін тыңдап едім. Қолынан іс келетін, лайықты жігіт сияқты. Дауысымды соған бердім», дейді 71 жастағы Қаби Бектенов.

Байқағанымыз, округ аумағында ұялы байланыс, мобильді интернет сапасы жақсартуды қажетсініп тұр екен. Магистральный мен Әйтиев ауылдарына кіреберіс жолдарға да жөндеу қажет. Естуімізше, бұл екі ауылдың кіреберіс жолын жөндеуге қажетті 140 млн теңгеге бюджеттік өтінім жолданған көрінеді. Пойма ауылындағы бастауыш мектеп ғимараты та көзге қораштау көрінді. Мұның бәрін ел таңдаған ауыл әкімі аудан басшыларының алдына қойып, мәселені оңынан шешсе керек.

«Жергілікті уақытпен түскі сағат 11.00-де Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлаушылардың 29 пайызы дауыс берді», деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

Жоғарыда айтқанымыздай, 31 ауылдық округ әкімінің орнына осы сайлауда барлығы 81 кандидат тіркелген болатын. Соның ішінде 39 кандидатты партиялар ұсынса, 42-сі – өзін өзі ұсынған азаматтар екен.

«Сайлау барысында 11 адам ойынан айнып, өз кандидатурасын алып тастады. Бүгін сағат 7-де сайлау өтуі тиіс 79 бөлімше есігі айқара ашылды, 488 комиссия мүшесі карантин талаптарын сақтап, халыққа өз таңдауын жасауға көмек көрсетіп жатыр. Сайлау участоктарында 184 адам байқаушы болып тіркелген. Оның 79-ы – кандидаттардың сенімді өкілі болса, 62 адам– қоғамдық ұйымдардан, 43 адам – саяси партиялар тарапынан жіберілген бақылаушылар», деді Ғайса Қапақов.

Күндізгі сағат 11-дегі мәлімет бойынша Ақжайық ауданында – сайлаушылардың 16 пайызы, Бөкейорда ауданында – 29 пайыз, Бөрліде – 23, Бәйтерек ауданында – 34 пайыз, Жаңақалада – 33, Қазталов ауданында – 39, Қаратөбеде – 34, Сырымда – 41 пайыз, Теректі ауданында – сайлаушылардың 27 пайызы дауыс берген. Жалпы облыс бойынша – 29 пайыз сайлаушы таңдауын жасаған.

Айта кетейік, сайлау учаскелеріндегі қоғамдық тәртіп пен карантиндік талаптардың сақталуын қадағалап, 130-дай полиция қызметкері кезекшілік етіп жүр екен. Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев пен облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, сайлау кезінде заңбұзушылық оқиға тіркелмеген, бәрі ойдағыдай өтуде.