Ғылым • 06 Қыркүйек, 2021

Күн жүйесіндегі тоғызыншы ғаламшардың орбитасы картаға енгізілді

674 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күн жүйесіндегі планеталардың қатарына сегіз емес, тоғыз аспан денесі кіруі мүмкін, 2016 жылы Калифорния технологиялық институтының астрономдары Майк Браун мен Константин Батыгин осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күн жүйесіндегі тоғызыншы ғаламшардың орбитасы картаға енгізілді

Astronomical Journal-дың хабарлауынша, бұл жұмбақ нысан телескоптарға көрінбейді, бірақ оның ауырлық күші көрші аспан денелерінің орбиталарын бұрмалайды.

Өткен жылдар ішінде ғалымдар Күн жүйесінің сыртқы бөлігінде тағы бір планетаның белгілерін іздеді, бірақ зерттеулер оң нәтиже көрсете алмады. Жаңа зерттеу барысында Браун мен Батыгин Х планетасының болжамды орбитасының картасын жасағанын мәлімдеді, деп жазады «МИР 24».

«Авторлар тоғызыншы планета әсер ететін Койпер белдеуінің барлық белгілі нысандарының орбиталарын зерттеді. Койпер белдеуі - Нептун орбитасынан тыс айналатын мұзды денелер. Ғалымдар бұл денелердің орбиталарын және олардың тербелістерін талдады, бұл қуатты ауырлық күші бар бірқатар үлкен объектінің болуын көрсетеді», делінген хабарламада.

Анықталғандай, бақылаулар сандық модельдеумен бірге тоғызыншы планетаның ең ықтимал орбитасын құруға мүмкіндік берді. Бірақ ол қай жерде екені белгісіз болып қалды. Астрономдардың айтуынша, қазіргі кезде бұл жұмбақ нысан күннен максималды қашықтыққа кетті.

Зерттеу есептеулері бойынша тоғызыншы планетаның массасы жердің 6,2 массасын құрайды. Оның Күнмен арасындағы қашықтық 300-ден 380 астрономиялық бірлікке дейін болуы мүмкін. Орбитаның көлбеуі - 16 градус (салыстыру үшін, жердің көлбеуі – 0 градус, Плутон – 17).