Экономика • 01 Қараша, 2021

Ирригациялық жүйенің игілігі бар

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы бойынша ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы бағытты дамыту барысында Балқаш ауданының да суару жүйелерін жаңғырту жеке жоба ретінде қарастырылмақ.

Ирригациялық жүйенің игілігі бар

Аудандағы күріш алқаптарын суаратын каналдар тазарты­лып, бұл дақылды өсіретін шаруа­шылықтарға қолдау көрсетіледі. Ол үшін Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұл аудандағы күріш өсіретін шаруашылықтардың жұмысына ерекше серпін беретін болды. Мысалы, Бірлік ауылындағы «Бір­лік» агрофирмасы биыл 1114 гек­тарға күріш еккен. Егер су тап­­шылығы жойылатын болса, серік­тестік ақмаржан дәнін себуді арттыра түспек. Шаруашылық 1114 га күріш алқабынан бө­лек, 1589 гектарға бидай, 2744 гек­тарға көп жылдық шөп өсірген. Ұжымда 300-ге жуық адам еңбек етеді, ал маусымдық кезеңде жұ­мысшылар саны 500 адамға дейін жетеді. Мұнда елуге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Соның төртеуі өткен жы­лы «Жетісу» ӘКК арқылы лизин­гіге алынған. Осылайша аудан­да құрылған сервистік-да­йындау орталығында аграрлық жұ­мыстарға қажетті барлық техника топтастырылған.

Ауданда «Бірлік» агрофирмасына тиесілі қырмана және зауыт та жұмыс істеп тұр. Күріш өңдейтін зауыт сағатына 1 тонна таза өнім шығарады екен. Жалпы, «Бірліктің» күріші облыста ғана емес, Алматы қаласында, таяу шетелдерде саудаланады. Мәселен, былтыр кәсіпорын 1250 тонна таза өнім алған.

«Бірлік» серіктестігінің директоры Алмас Қыстаубаев өнім кө­лемін арттыру үшін суару жүйелерін жөндеу мен тазарту жұмыстарын жүргізу керектігін үнемі мәселе етіп кө­теріп келеді. Жақында Бал­қаш ауда­нына арнайы сапармен барған облыс әкімі Амандық Ба­талов өңірдегі ирригациялық жү­йе­лер­ді қалпына келтіру жұ­мыс­тары жол­ға қойылғанын айтып, арнайы бағдарлама аясында бал­қаш­тықтардың да мәселесі оңынан ше­ші­летіндігін айтқан болатын.

– Иә, күріш суды көп қажет етеді. Оның алқабын азайтқанда жердің соры шығып, оған ештеңе өспей қалуы да мүмкін. Сондықтан бұл іске жүйелі жоспар жасап барып кірісу керек. Әзірге күріштің алқаптарын сақтап қаламыз. Ол үшін Балқаш ауданының суару жүйелерін жаңғыртуды жеке жоба ретінде қарастырамыз. Күріш ал­қап­тарын суаратын каналдарды тазартуды қолға аламыз. Бұған дейін біз мелиоративтік бригада құрып, Қаратал өзенінің арнасын аршып, оның Балқашқа еркін құйылуына жағдай жасап, елеулі жұмыстар атқарғанбыз. Сондықтан бұл жағынан біздің тәжірибеміз бар деуге болады. Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұған дейін қажетті техникалар сатып әперіп, сервистік дайындау орталықтарын құрдық. Осындай қолдау шаралары шаруашылықтарға бұдан былай да көрсетілетін болады, дейді Амандық Баталов.

Жалпы, Алматы облысында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен ирригациялық желілерді қайта құру ісі қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде, былтыр өңірдегі 10 су нысаны күрделі жөндеуден өтіп, 20 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтірілген. Игі іс жалғасын та­уып, облыстың 16 ауданында жобаларды жүзеге асыру, 137,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған. Бүгінде об­лыста 214 гидротехникалық құры­лыс бар. Оның жетпіс бесі су қоймасы, сексен бесі тоған, жиырма бірі су қоймасының бөгеті болса, 33 су қабылдайтын су шаруашылығы нысаны екен. Ал барлық ирригациялық желілердің ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайды. 2015 жылдан 2019 жылға дейін 33 су нысанын жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 19,3 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Ал 2019 жылдан бастап облыста Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу аудандарындағы ирригациялық желілерді қайта құру бойынша негізгі жобалар жү­зеге асырылуда.

Облыста 81,8 мың гектар ауданы бар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу мақсатында суа­ру желілерін қайта жаңарту, қай­та салу, апатты су қоймалары мен тоғандарын қалпына келтіру жоспарланған. 2020 жылы «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бағ­дарламасы аясында жүзеге асы­рылған инфрақұрылымдық жо­ба­лардың тізіміне үш гидротех­никалық құрылыстың жобасы ұсы­нылды. Атап айтар болсақ, Көксу, Қаратал бөгеттері мен Пан­филов ауданындағы Өсек өзені гидроқұрылымын, 2 мың гек­тардан астам суармалы жерді қал­пына келтіруге мүмкіндік бер­етін Талдықорған қаласының ирри­гациялық желілердің құрылыс жо­басына 3 мың 662 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ПУИД-2 жобасы шеңберінде 12,4 мың гектар алқапта инженерлік-дренаждық жүйені қалпына келтіру көзделуде. Бұл қатарда Балқаш ауданындағы 7 мың 481 гектарды алып жатқан Ақдала суармалы массиві мен Еңбекшіқазақ ауданындағы 5 мың гектар аумаққа созылатын Бал­табай массиві бар.