Тәуелсіздік • 21 Желтоқсан, 2021

Елбасы саясатының арқасында елімізде этносаралық қақтығыстар болмады

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздіктің 30 жылдық асқар белесін бағындырдық. Мұндай ұлы мейрамды атап өту – біз үшін зор мақтаныш және үлкен мәртебе.

Елбасы саясатының арқасында елімізде этносаралық қақтығыстар болмады

Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласына ерекше тоқталғым келеді. Осы сәтте, 1991 жылы тәуелсіздік алған жылдардағы қиын-қыстау кезеңдер мен қол жеткізген жетістіктеріміз және елдің жай-күйі көз алдыма оралды.

Елбасы мақаласындағы мейірбандық, даналық және өнегелілік ең алдымен тәуелсіздік құрдастарына арналғандай. 

Тұңғыш Президентіміз жастарды тәуелсіздігімізді қастерлеп, оны басты қазынамыз ретінде сақтауға және қадірлеуге шақырады. Сонымен қатар, елін, жерін найзасының ұшымен, білегінің күшімен қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сынды батырлардың, Әйтеке, Төле, Қазыбек билер сияқты дана бабалардың ерен ерлігімен келгенін жас ұрпақтың есіне салады.

ХХ ғасырда ата-бабаларымыз ұлт-азаттық көтерілістерде қанға бөгеліп, азамат соғысы, аштықты, қуғын-сүргінді, Кеңес Одағын фашизмнен қаһармандықпен қорғауды басынан кешірді. Қазақ халқы ерең еңбегі мен тастай берік төзімділігінің арқасында аман қалды.

Мақалада өскелең ұрпақ бүгінгі күннің сын-қатерлері мен талаптарына сәйкес болуы үшін тарихымызды терең білу керектігіне ерекше назар аударылады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті бола тұра, ешқашан жау іздеген емес, жауларын даттаған емес. Бұл қағиданы ол бүгін де ұстануда. Осыдан болар, біздің елімізде жалған абырой табу, басқа этнос өкілдерін қыспаққа алу немесе күштеп шығару көріністері ешқашан болған емес.

Жуық арада ғана өткен Конфессияаралық және өркениетаралық сұхбат орталығы ұйымдастырған конференцияға қатыстым. Осы форумда православие епископы Геннадий келесіні мәлімдеді. Қазақстанда 1991 жылы 91 православие шіркеуі болса, қазіргі таңда олардың саны 312 құрайды. Сонымен қатар, жақын арада Алматы қаласында 30-шы православие ғибадатханасы ашылды, ал 30 жыл бұрын мұнда үшеуі ғана болған.

«Қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін де коммунистік қуғын-сүргін заманындағы тұтас халықтарға және діндерге көрсетілген қонақжайлық пен ақкөңілдік қасиетін көрсетіп, өзінің тарихына «құрбандық пен мейірімділіктің алтын беттерін жазды», деді епископ Геннадий.

Елбасының көреген саясатының арқасында біздің елімізде этносаралық және діниаралық қақтығыстар орын алмады. Қазақстан мемлекетінің тағы бір маңызды факторы – оның көпвекторлы сыртқы саясаты. Дипломатиялық қызметтің барлық баспалдақтарынан өткен дипломат ретінде мен Елбасы құрған сыртқы саясатына тоқталғым келеді.

Жақында Мемлекет Басшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында атап өткендей, Қазақстан тарихи қысқа мерзім ішінде тек танымал мемлекетке ғана емес, сондай-ақ, өңірлік және жаһандық үдерістерінің белсенді қатысушысына айналды.

Елбасының тікелей басшылығымен кәсіби дипломатиялық қызмет қалыптасты. Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеу, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою сияқты ауқымды сыртқы саяси мәселелер шешілді.

Біздің стратегиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен, сонымен қатар жетекші инвестициялық, сауда және технологиялық серіктестеріміз – АҚШ, Жапония, Корея және Еуропалық Одақ елдерімен берік қарым-қатынастарымызды да атап өту қажет.

Елбасының дипломатиясы көптеген, соның ішінде ең күрделі халықаралық мәселелер бойынша ымыралы шешімдерді іздестіруге бағытталуымен танымал. Шетелдік дипломаттар Қазақстанның батыл халықаралық бастамалар көтеріп қана қоймай, оларды табанды әрі табысты жүзеге асырып келе жатқанын біледі. Мысалы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің шақырылуы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Түркі Мемлекеттері Ұйымының бүгінгі форматына өзгеруі, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйым және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының құрылуы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретінде қатысуы.

Осы қысқа мақаламды М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничийдің 2021 жылғы 10 желтоқсанда өткен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Прогресс.» атты ғылыми-практикалық конференциясында сөйлеген сөзімен аяқтағым келеді: «Тәуелсіз Қазақстан 30 жыл ішінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізді, әлемдік қауымдастықтың мойындалған әрі сыйлы мүшесі болды. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы, оның табыстары мен жеңістері Қазақстан халықының тарихы мен тағдырында маңызды рөл ойнап келе жатқан аса көрнекті тарихи тұлға – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ажырамас бірлікте».

Айгүл ҚҰСПАН,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты