Қоғам • 28 Желтоқсан, 2021

Қазақстанда 137 702 шетел азаматы тұрады

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 137 702 шетел азаматы тұрып жатыр. Одан бөлек, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанға 20 887 800 шетел азаматы келген. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда 137 702 шетел азаматы тұрады

«Соңғы 5 жылдың ішінде (2017-2021 жж) 127 415 адам Қазақстан азаматтығын алған. Оның ішінде 7 731 ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 19 684 жеңілдетілген түрде және 106 052 этникалық қандас.

Сондай-ақ, соңғы бес жылдың ішінде елімізде 20 877 800 шетел азаматы болды, оның 1 539 417-і алыс шетелден келсе және 19 338 383 азамат ТМД елдерінің азаматтары. Одан бөлек, аталған уақыт ішінде Қазақстанға келген 395 755 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның қатарында 18 683 алыс елдер азаматы бар, қалған 377 072 ТМД азаматы. Бүгінде елімізде ІММ-нің статистикасына сәйкес 137 702 шетел азаматы тұрақты тұрып жатыр. Сол сияқты биылғы есеп бойынша 25 176 қандас тұруда», деді Ерлан Смайлов Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты еліміздің көші-қон туралы заңнамасына өзгерістер енгізіп, толықтырудың маңыздылығына тоқаталып өтті.

«Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізудегі мақсат - нормаларды ҚР Конституциясына сәйкес келтіріп, адам құқықтарын қорғау мен ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу. Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін қамтамасыз ету. Көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеуді жақсарту. Және заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жоюды көздейді», дейді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.

Аталған шараға Мәжіліс депутаттарымен қатар құзырлы орган өкілдері қатысты.