Қоғам • 31 Шілде, 2022

Смартфондағы мемлекеттік қызметтер көбейді

293 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұртшылыққа ноутбук пен компьютерге үңілгеннен гөрі смартфондарды пайдалану ыңғайлы. Сондықтан мемлекеттік қызметтің көптеген түрін телефонның көмегімен алуға болатындай деңгейге қол жеткіздік. Әңгімеміз – EGov mobile мобильді қосымшасы жөнінде. 2019 жылы іске қосылған қосымшаны бүгінде 2,4 млн қазақстандық белсенді пайдаланады.

Смартфондағы мемлекеттік қызметтер көбейді

Құжаттарды цифрлы форматқа кө­ші­ру – мемлекеттің басты бағыт­та­ры­ның бірі. Қағазбастылықтан ары­лып, неғұрлым онлайн қызметтерді көбейту – әлемдік ақпараттық технология көшіне ілесудің бір жолы. Соның бір көрінісі – Электронды үкіметтің мобильдік қосымшасы.

Бүгінде қосымшада 400-ге жуық мем­лекеттік онлайн қызмет пен eGov.kz және E-lisence портал сервистері ен­гі­зілген. Енді 2022 жылдың соңына де­йін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын «смартфондау» жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай Президенттің тапсырмасы бойынша бұл көрсеткіш 100% межеге жеткізілмек.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арай Уразованың айтуынша, жұртшылықтың игілігіне айналған EGov mobile мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілгелі бірнеше рет жетілдірілген. Өткен жылдың наурыз айында eGov mobile жаңартылған нұсқасы іске қо­сыл­ған. Ал қазір қосымшадағы 400-ге жуық мемлекет ұсынатын қызметтің 150-і – eGov.kz порталындағы нұсқа болса, 250 қызметі – e-license порталында  жеке тұлғаларға көрсетілетін қызмет. Бұл жалпы мемлекет көрсететін қызметтің 72%-ын құрайды.

«EGov mobile іске қосылған сәттен бастап, бүгінге дейін  29 092 402 қызмет түрі көрсетілді. Белсенді пайдаланушылар саны едәуір артты. Егер 2019 жылы шамамен 510 мың пайдаланушы болса, 2020 жылы – 3,3 млн, 2021 жылы – 6,6 млн, 2022 жылғы маусымда 12,5 млн азамат мобильді қосымшаны пайдаланады», дейді А.Уразова.

Қосымшада бірнеше үлкен бөлім бар. Олардың көмегімен қажетті құжатты неме­се көрсетілетін қызметті оңай та­буға болады. Айталық, «Цифрлы құжат­тар», «Өмірлік жағдайлар», «Көр­сеті­летін қызметтер» (eGov.kz және e-License қызметтердің жеке каталогы), «Хабар­ламалар» және т.б.

Мұндағы «Цифрлы құжаттар» сервисінің өзі 18 құжаттан тұрады. Мысалы, жеке куәлік, жүргізуші куәлі­гі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және басқа да құжаттар осы бөлімге топтастырылған.  «Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін белгілі бір тақырып бойынша пайдалы ақпарат жиынтығынан тұратын «Өмірлік жағдайлар» жаңа бөлімін іске қостық. Бұл сервис азаматтарға қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуға өті­нім беруге және ақпаратты іздеу кезінде уа­қыт үнемдеуге арналған», дейді маман. Жұртшылық арасында ең танымалы болған бұл сервис түрін интернетсіз-ақ пай­далануға болатынын естеріңізге саламыз.

Бұған қоса, қосымшаны қолданушы­лар цифрлы құжаттардан қандай да бір қатені байқаса, оны тиісті мекемеге хабарлай алады. Ол үшін «қате туралы хабарлау» батырмасын басып, e-Otinish платформасы арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдайды.

Сондай-ақ АХАТ (бұрынғы АХАЖ) жүйе­сінде қателерді де қосымшадан тү­зеуге болады. Мәселен, туу туралы куәлік, неке қию және бұзу, бала асы­рап алу, әкесі екенін анықтау, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу туралы мә­ліметтерді жөндеу керек болса, қосым­ша арқылы оған да қол жеткізуге болады.

«Біз қосымшаны үнемі жетілдіріп отырамыз. Жақында әлемдік тәжірибені ескере отырып, қосымшаға биометрия көмегімен кіруді енгіздік. Оның артық­шы­лығы көп. Атап айтқанда, қосым­шаға  Face ID, саусақ ізі немесе қысқа код арқылы кіруге болады. Соны­мен қатар push хабарлама алу, ЭЦҚ кілт­те­рін шығару, e-otinish платформасы арқылы өтініштер жіберу мүмкіндігі бар. Авторизациядан өту  туралы толық бейне­нұсқаулықпен https://www.youtube.com/watch?v=EBRnNfJlBJA&feature=youtu.be сілтемеден танысуға болады», дейді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Айтпақшы, ЭЦҚ кілтін де осы мо­биль­ді қосымшадан алуға болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталық­та­рына барудың қажеті жоқ. Ең бастысы, қосымшада бейне сәйкестендіруден өтіп, сұрақтарға жауап беру керек. Про­цесс қарапайым әрі оңай.

Әлбетте, интернетте жеке деректермен жұмыс істеу бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан қауіпті. Себебі жеке мәліметтер абайсызда жария етіліп, кейбір пысықтар оны жеке мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Бірақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары eGov mobile қосымшасы қауіпсіздік жағынан сенімді қорғалған деп отыр. «Бұл жерде пайдаланушылар үшін басты қауіп – ЭЦҚ кілтін салықтарды төлеу, азаматтарды тіркеу және шығару, әртүрлі анықтама мен құжат алу, айыппұлды төлеу, т.б үшін үшінші тұлғаға беру. Жеке цифрлы қолтаңбаны ешкімге бермеу керек. Тіпті ЭЦҚ жабық кілтін басқаларға бергені үшін айыппұлдар да қарастырылған: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъек­тілеріне 150 АЕК көлемінде айып­пұл салынады», дейді А.Уразова.

Мамандар жеке деректерді қорғау үшін мына қағидаттарды есте ұстау­ға ша­қырады: ЭЦҚ кілтін үшінші тұлға­лар­ға бермеу; ұйымдағы қызметкерлерде пайдаланушылардың  ЭЦҚ-сы болады, ол жұмыстан шыққан жағдайда ЭЦҚ-ны  кері қайтарып алуды  қадағалау қажет; ресми қағаздарға қол қоюға жа­уапты қызметкерлерге жеке ЭЦҚ беру; ЭЦҚ бар флешка жоғалған жағ­дайда бірден жаңа электрондық қол­таңба ашу; Халыққа қызмет көрсету орта­лық­тарында алынған ЭЦҚ паролін жеке тұлға өзі ауыстырып алуы керек, себебі, онда көбіне қызметті жылдам көрсету үшін оңай әрі жылдам терілетін уақытша парольдер пайдаланылады және ЭЦҚ алу үшін бейтаныс адамдардың көмегіне жүгінбеу қажет.

Жоғарыда аталып өткендей, мобиль­дік қосымшадағы цифрлық құжаттарды алу үшін биометрия және ЭЦҚ көмегімен тір­кеуден өту қажет. Құжаттарды көр­сет­кен кезде қысқа код және QR код пай­даланылады, бұл код аз уақытқа ғана жарамды екенін ескеру қажет, дейді мамандар.

Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актіле­ріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту және ақ­параттық қауіпсіздік мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңға қол қойды. Бұл ел азаматтарына цифрлы құжаттарды көп­теген өмірлік жағдайда кедергісіз пайдалануға және олардың қолдану аясын ұлғайтуға мүмкіндік береді, дейді мамандар. 

EGov Mobile топ-10 көрсетілетін қызмет түрі, 2022 жыл

 

Көрсетілетін қызметтің атауы

Сәтті өңделген

өтінім саны

1

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат»

1 681 578

2

Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама

1 251 044

3

Шетелге шығуы шектелген борышкерлер тізілімі және атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйым салудың болуын тексеру

1 054 186

4

«Психиатрия» психикалық денсаулық орталығынан берілген мәліметтер

930 615

5

Жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама алу

567 786

6

«Наркология» психикалық денсаулық орталығынан берілген мәліметтер

509 370

7

Өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама беру

330 180

8

«Жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы» анықтама беру

258 733

9

Медициналық ұйымға тіркелу

235 812

10

Туберкулезге қарсы ұйымнан анықтама беру

209 259