Қоғам • 20 Қазан, 2022

Жарасқан татулық ұясы

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баһадүр батырлар мен даңқты дарабоздардың, қайраткер­лер мен қаһармандардың қанат қағып, қалыптасатын қасиетті ұясы – отбасы десек, қателесе қоймаспыз. Туған түтін – тәй-тәй басқан кезінен тәрбиенің қайнар бұлағына қандырып, адамдық пен адалдыққа, имандылық пен инабаттылыққа, кісілік пен кішілікке һәм бауырмалдыққа баулитын берекелі бесік. Ықылым заманнан ыстық ұя саналатын отбасы құндылығын арттырып, мерейін асырып, мәртебесін көтеріп, ауызбіршілікке жетелейтін ұлттық байқаулардың басында «Мерейлі отбасы» сайысы тұратыны анық.

Жарасқан татулық ұясы

Өңірлерден өріс алып, алғыр­лары анықталып, бас қалада байқау қорытындысы шы­ға­рылады. Жеңімпаз отбасы­лар­дың құшағы гүлге толып, шаһарына шаттықпен аттанады. Елордада да «Мерейлі отбасы-2022» ұлт­тық байқауының қала­лық кезеңі өтіп, жүлдегерлер марапатталды.

Ұйымдастырушылардың сө­зіне қарағанда, байқауға өтінім беру маусым айының ортасынан бастап жүргізілді.

«Байқау қаты­сушыларының саны жылдан-жылға артып келе­ді. Мәселен, 2018 жылы бай­қау комиссиясының қарауына 51 елордалық отбасы өтінім берсе, биыл 151 отбасы қатысуға ниет білдірген. Байқаудың бас­ты мақсаты – отбасылық құн­ды­лықтарды дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін арттыру, некенің маңыздылығын түсіндіру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арт­тыру, қазақ халқының отба­сылық тәрбиесін ұлттық құнды­лық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына енгізу», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Байқау Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі, жер­гілік­ті атқарушы органдар, Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­­сат жөніндегі ұлттық ко­мис­сия­ның қолдауымен ұйым­дастырылып отыр.

Елордада өткен байқау жеңім­­паздарын Нұр-Сұлтан қала­сы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова марапаттады.

Комиссия шешімімен ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы Сағитовтар отбасы болды. Шаңырақ көтергендеріне 13 жыл болған Дулат пен Айнагүл алты бала тәрбиелеп отыр. Отағасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында және «Астаналық цирк» МКК диспетчері болып жұмыс істейді. Зайыбы Айнагүл Сағитова – «Mega Road» ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы. Қыздары республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болса, үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорт­тық мансабын бастаған.

«Тұңғыш баламыз дүниеге келгенде үлкен сынақтан өттік. Береке-бірліктің арқасында оны жеңіп шықтық. Татулығы жарасқан отбасында қашанда береке болады. Соны есте ұстаған жөн. Бұл байқаудың берері мол. Отбасы мүшелерін ынтымаққа, бірлікке шақырады. Осындай байқаулар жиі болып тұрғаны дұрыс деп ойлаймыз. Жеңімпаз болып жатқанымызға өте қуа­ныш­тымыз. Қала әкімдігіне риза­шылығымызды білдіреміз», деді Сағитовтар отбасы.

Екінші орынды Олжабаевтар мен Әуеловтер отбасы өзара бөлісті. Талғат Олжабаев пен зайыбы Әсел екеуі де әлеуметтік қорғау саласында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. Олар бүгінде 7 бала тәрбиелеп отыр. Ал отасқандарына 20 жыл болған  Әуеловтер отбасы 10 баланың ата-анасы. Ал үшінші орын Айтқұловтар мен Жүнісбековтер отбасына бұйырды.

«Отанды сүю отбасынан басталады» деген мақалды жиі қолданамыз. Оның қадір-қасие­тін арттырып, қасыңызда жүр­ген аяулы анаңыз бен ардақ­ты әкеңізді бар кезінде бағалауға дәріптейтін дәстүрлі байқаудың алар орны айрықша екені анық. Сол себепті игілікке жетелейтін, отбасына деген жанашырлықты дәріптейтін жарыс жалғаса берсе дейміз.