Медицина • 31 Қазан, 2022

Тұмауратқандар көбейіп тұр

78 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұмау созылмалы ауруларды өршітуі мүмкін. Бұл туралы Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов онлайн баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Тұмауратқандар көбейіп тұр

Қазір маусымдық аурулар ке­зеңі жүріп жатыр. 29 қыр­күйек­тен басталған ЖРВИ мен тұмау­дың ағымдағы эпиде­мия­лық мау­сымында Астана қала­сының тұр­ғындары арасында ЖРВИ-мен 7 мыңға жуық адам ауырғаны, оның 4 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар екені анық­талған.

Тұмау кезінде балалар, қарт адамдар, сондай-ақ жүрек пен өкпенің созылмалы ауруларына шалдыққан адамдар үлкен қатерде болады. Тұмау, әсіресе, жоғары қауіп тобындағы адамдар сырқатының асқынуына, тіпті өміріне қауіп төндіруіне әсер ететінін ұмытпауымыз керек», деді Б.Қайкенов.

Оның айтуынша, елордада жүкті әйелдер арасында осы ай бойынша ЖРВИ мен тұмау­дың 542 жағдайы тіркелген. Тәулігіне 18 өтініш келіп түссе, оның 3-еуі ауруханаға жатқы­зылған. 15 жүкті әйел амбулаториялық бақылауда.

«Қазіргі уақытта Астанада ЖРВИ-мен сырқат­танушылық өсті. Біз оны ауруханаға жатқы­зылған жүк­­ті әйелдер мен бала­лардың санынан байқап отырмыз. Егер қыркүйек айының соңында ауруханаға күніне 3-4 әйел түссе, қазір орташа ауыр жағ­дайы бар 14-тен 16-ға дейін жүкті әйел ауруханаға жатқызылады. Тыныс алу жеткілік­сіздігі мен пнев­монияның белгілері байқалмайды. Барлық пациент COVID-19 тестін тапсырды, олардың арасында індет жұқтырғандар жоқ», деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.