Суицид • 19 Қаңтар, 2023

Балалар суициді – қатерлі дерт

491 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жыл кіргелі 20 күнде кәмелетке толмаған үш жеткіншек өз-өзіне қол салды. Жасөспірімдер арасындағы суицид фактісі Алматы және Ақтөбе өңірінен тіркелді. Бұл бізге белгілісі ғана. Балалардың бұлай жігерінің жасуына не себеп? Жалындап өсіп келе жатқан жеткіншектер өлім тура­лы неге ерте ойлайды? Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін мемлекет тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Көпшілік көкейіндегі сұрақтарды зерттеп көрдік.

Балалар суициді – қатерлі дерт

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлемде жыл сайын 2800-ге жуық жасөспірім осы кеселден қайтыс болады. Ғаламдық картаға үңілсек, балалардың өз өміріне балта шабуы Оңтүстік Корея, Ресей, Оңтүстік Африка сынды елдерде жиі кездеседі. Біздегі статистика да көңіл көншітпейді. Мәселен, 160-қа жуық бала суицид жасаған. Биыл да ай өтпей жатып, сұрықсыз құбылыс тағы қайталанды. 12 қаңтар күні Алматы облысы, Қарасай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем бригадасынан 2009 жылғы баланың өзіне қол жұмсағаны хабарланған. Бұған дейін құзырлы органға тағы бір жасөспірімнің үйінде асылып қалғаны туралы суыт хабар түскен. Ал Ақтөбеде 12 жастағы қыздың мүрдесі үйінің сарайынан табылды. Бұл – алаңдатарлық жағдай.

Өрімдей балалардың өмірден күдер үзуіне психологтер ата-ана қамқор­лы­ғының жетіспеуі, депрессия, мек­тептегі әлімжеттік пен кемсіту түрткі болады дейді. Өйткені кәмелетке толмаған оқу­шылардың көпшілігі жәбір­леуге ұшы­райтын көрінеді. «Тіпті қатарлас­та­рының қағытпасын да көңілге алып, өзіне қол салуы да ықтимал», дейді Астана қаласы, №59 мектеп-лицейінің педагог-психологі Әсия Серікова.

– Жалпы, балалардың өз-өзіне қол жұмсауының 80 пайызында себебін анықтау мүмкін емес. Мектеп тұрмақ, үйде де отырып өзіне қол салған жет­кін­шектер бар. Әсіресе мектеп оқушы­ларында көбіне қорытынды тоқсан со­ңын­да, өзінің мақсат еткен балын жинай алмай қалған кезде эмоционалдық тұ­рақ­сыздыққа ұрынады, – дейді Ә.Серікова.

Қазір жәбірлеудің жалғасы ретінде бул­­лингтің де қаупі жоғары. Яғни жас­­өспірімдердің жеке басына байланыс­ты кемсітетін іс-әрекеттерді әлеу­мет­тік желілер арқылы көпшілікке тарату үлкен қатерге айналып барады. 

– Негізі суицидтен құтқарудың жал­ғыз жолы – әңгімелесу. Бірақ бала пси­хо­логиялық тұрғыдан интроверт болса, яғни жалғыздықты жаны сүйсе, онда іс-әрекетінен байқай аласыз. Мысалы, оқшаулану, ашушаңдық, тәбеттің төмендеуі, ылғи бір ойдан шыға алмай отыруы, мазасыздық, ұйқының бұзылуы. Балаңыздың мінезінен осыған ұқсас белгілер байқасаңыз әңгімеге тартуға тырысыңыз. «Балам, сені біреу келемеждеп не болмаса бөлектеп жүр ме?» деген сынды сұрақтар қояр алдында өз тәжірибеңізде, өміріңізде сондай жағдай болғанын және қалай шыққаныңызды дастарқан үстінде әңгіме ретінде айта отырыңыз. Содан кейін сұрақ қойсаңыз, балаңыз ішіндегі ойын айта алатын, сенетін орта екенін сезгенде ашыла бас­тайды, – дейді психолог маман Шолпан Әбілова.

Сондай-ақ буллинг жасайтын ба­ланың да психологиясы алаңдатарлық дүние. Өйткені отбасында қатыгездікті көрген жасөспірім, өзінде болған нәрсені өзгелерге көрсетуге бейім келеді екен. Осы­лайша, масаттанатын көрінеді. Мұн­дай жағдайда жеткіншектермен сөйлесудің де өз әдісі бар.

– Мәселенің түпкі мақсатын білу үшін «Неліктен мұндай қадамға бар­дың?» деген сауалдан емес, «Үйде неше ағайындысың? Сен отбасында нешін­ші баласың? Отбасында қандай да бір дәстүрлерің бар ма?» деген секілді сұрақтарды қою арқылы проблеманың өзегін ашуға болады, – дейді Ш.Әбілова.

Мамандар жалпы кәмелетке тол­маған жеткіншектердің өлімді ойлауы шарасыздықтан іштей булығуы әреке­тімен түсіндіреді. Яғни айналасындағы жақын адамдарынан көмек болмағаны. Тіпті мұндай жағдайдың өзінде де олар бір мессендж қалдырып сөйлейді екен. Тек соны дер кезінде бағдарлай алу қажет. Осылайша, жамандықтың алдын алуға болады.

Балалар суициді – қазіргі қоғамның өзекті мәселесі. Мұның алдын алу мақсатында күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан да біраз іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі – Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының ДДҰ халықаралық сарапшылары мен ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесе елімізде кәмелет жасқа толмағандар арасында суицидтің алдын алудың көп компонентті бағдарламасы.

– Өткен жылы денсаулық сақтау саласының – 1456, білім саласының 72 маманы суицидтің алдын алу бағ­дар­ламасы бойынша тәжірибе жинап, білім алды. Бұл компонент пси­хо­ло­гиялық күйзеліске ұшыраған және тәуе­кел тобындағы оқушыларды ерте анық­­тауға бағытталған. Нәтиже де бар. Кейбір жағдайларда психологиялық көмекке мұқтаж жасөспірімдерді ерте анықтауды мектептер мен колледждердің арнайы оқытылған педагогтері жүзеге асырды. Бұған қоса жасөспірімдер қазір психологиялық көмекке өздері жүгінеді. Бүгінде МӘСК мамандары, жалпы медицина дәрігерлері, оқытушылар және педагог-психологтер аталған бағдарлама бойынша дайындықтан өтіп, тәжірибесін шыңдауда. Желтоқсан айында Жамбыл облысының 58 маманы осы бағдарламаға қатысып, орталықтың білікті психологтері, психиатрлары дәріс өтті, – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орта­лы­ғының бас директоры Қуаныш Алтынбеков.

Бұған қоса, Оқу-ағарту министрлігі де кәмелетке толмаған балалардың ара­­­сын­дағы суицидтің алдын алу бо­йын­ша 2023-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспар жасақтаған. Соның негізінде еліміздің барлық өңірлерінде жоғары оқу орындарының профес­сор­лық-оқытушылық құрамы арасынан сарапшылар пулымен мектептердің педагог-психологтерін 100 пайыз қам­ту­мен өңірлік семинар-тренингтер ұйым­дас­тырылмақшы.

Жалпы, телефонға телміріп отырған баланың әлеуметпен байланысы азая­ды. Негізі қоғаммен байланыс – жет­кін­шек­терге өте қажет нәрсе. Бұрын іштегі аптығын қатарластары арасында басса, қазір соны шығара алмайды. Сондықтан балалар жігерінің жасымауы үшін қандай болмасын қолдау маңызды. Оған үйдегі ата-ана да, білім ошақтарындағы педагогтер де жауапты.