Реформа • 19 Қаңтар, 2023

Бұл реформаның жөні бөлек

261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кез келген қоғамда демократиялық өзгерістерді бір сәтте немесе бір күнде жүзеге асыру мүмкін емес. Демократияны жарлықпен енгізе де алмайсың, әр халықтың сол мақсатқа жету үшін өзінің жүріп өтетін соқпағы, соқтықпалы жолы болады.

Бұл реформаның жөні бөлек

Демократия мен демократиялық институттардың идеялары, жалпы алғанда, қазақтың қоғамдық-саяси өміріне жат емес. Ерте кезден бастап көшпелі қоғамда демократиялық дәстүр жүйелі түрде дамып отырды. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән  сайлау жүйесі, билердің әділ төрелігі, ел ішіндегі қарама-қайшылықты шешудегі ашықтық, дала заңының қаталдығы мен туралығы – осының дәлелі.

Президент Қ.Тоқаевтың елдегі демо­кратиялық дамуға серпіліс беру мақ­сатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы тың шешім. Мемлекет басшысы саясатының негізгі ұстанымы қоғам­мен байланысты нығайтып, демократиялық институттардың белсен­ділігін арттыруға негізделеді. Бүгінгі таңда елімізде азамат­тық қоғамды дамыту мен саяси плюра­лизмді жүзеге асыру бағытында барлық демократиялық институттар құрылған. Алайда олар әлі де қалыптасу сатысында.

Президент жүргізіліп жатқан саяси реформаларға жаңа қарқын беріп, саяси партиялардың Мәжіліске өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, барлық сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» дегенді енгізуді, ауыл әкімдері сайлауынан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуді, онлайн-петиция инс­титутын заңды түрде бекітіп, омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауға, жастар индексін енгізіп, қайырымдылық шараларын ынталандыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге қатысты бастама көтеріп, нақты ұсынысымен бөлісті.

2021 жылы Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткізілді. Ауыл әкімдерін сайлау азаматтарға өз елді мекендерінің дамуына, жергілікті жерлерде шешім қабылдауға тікелей араласуына зор ықпал етіп отыр. Әкімді халықтың тікелей сайлауы мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақ мерзімді қағидаттарын қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын өзгертті. Ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі ел арасында демократиялық құндылықтың кеңінен тарап, азаматтардың сайлау құқығын кеңейтуге, саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп, олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.  

Саяси реформалар барысында іске асырылған маңызды бастамалардың бірі – президенттік жастар кадрлық резерві. Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы шеңберінде талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру жөніндегі шараның бірі ретінде ұсынған еді. Демократиялық құндылыққа сүйеніп жасалған іріктеудің арқасында жүзден жүйрік жастар мемлекеттік қызметке тартылып, ел басқару ісіне кірісті.

Президенттің былтырғы наурыз айындағы саяси реформалар бо­йын­ша халыққа арналған Жолдауы тұжы­рымдамалық тұрғыдан алғанда, ел дамуындағы бірқатар іргелі өзгерісті белгілеп берді. Атап айтатын болсақ, соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп келе жатқан саяси реформалар жаңа сипат­қа ие болып, ауқымы кеңейе түспек. Еліміз суперпрезиденттік басқару жүйесінен қуатты парламенті бар прези­денттік республикаға ауысады. Президент­тің өкілеттілігі қысқартылып, Парламент­тің екі палатасының қызметі қайта қарастырылып, Конституциялық сот құры­лып, билік институттарының құзыреті теңгеріледі. Қолданыстағы сайлау жүйесі түбегейлі өзгеріп, аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшті. Сондай-ақ алдағы мерзімде саяси реформалар аясында жергілікті мәслихаттардың дербестігі мен құзыреттілігі артады. Бұл саяси реформаларды толығымен іске асыру елдегі қоғамдық үдерістерге оң әсер етіп, саяси тұрақтылықты арттырып, әртүрлі саяси-әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын партиялық жүйені қалыптастыруға ықпал етеді. Орталықта да, жергілікті жерлерде де шешім қабылдау үдерісінде азаматтық белсенділікті ынталандырады, құқық қорғау саласын күшейтеді, әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландырады.  

Мемлекет басшысы саяси реформалар бағдарламасы аясында қоғамдық сұхбаттың жаңа алаңын – Ұлттық құрылтай құруға бастама көтеріп, оның атқаратын негізгі қызметін таныстырды. Оның құрамына өңірлердің Қоғамдық кеңестерінен бір-бір өкілден, Парламент депутаттары, қоғам өкілдері мен сарапшылар кірді.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақ­стан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қатынастың тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтіп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталды. Бұл – мемлекеттік модельдің жүйелі трансформациясы, сондықтан референдум ескі модельден біржола кету және саяси жүйені қайта бастау үшін маңызды еді.

Президенттің өткен жылғы қыркүйек айындағы Жолдауы ел тарихындағы түбегейлі жаңа саяси кезеңді ашып берді. Мемлекет басшысы билік жүйесін жаңғырту мақсатында оған жаңа стандарттар қойып отыр. Бұл – билік органдарының маңызды саяси шешімдер қабылдауда барынша ашық болып, үнемі жаңарып, ашық бәсекелестік орнатуға бейімдеу. Президенттің алдағы мерзімде өтетін президент және парламент сайлаулары туралы ақпаратты алдын ала жариялауы еліміздің саяси тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған қадам болды.

Жолдаудың тағы бір басты жаңалығы, Мемлекет басшысының президенттің мандатын бір мерзімге қысқартып, ұзақтығын 7 жылға созып, бір рет қана сайлана алатындай етіп өзгертуге ұсыныс жасады. Бұл саяси инновация, әлем елдерінің саяси жүйелерінде кездесе бермейтін  тәжірибе. Тың бастама ең алдымен саяси жүйені ұзақ мерзімде тұрақты ұстауға, билікті монополиялау қауіп-қатерінің алдын алуға және демократияның негізгі принциптерін нығайтуға бағытталған.

Қоғам мен билік арасында тығыз байланыс орнатып, қоғамдық қатынастарды тұрақтандырып, демократиялық құн­дылықтарды дамытуда саяси партиялар мен олардың өкілдерінің заң шығарушы және атқарушы билік органдарындағы қызметі үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың партия мүшелігінен шығуы, сондай-ақ алдағы белгіленген парламент пен жергілікті мәслихаттарға сайлау барысында саяси партиялардың конфигурациялары мен ұстанымдары соңғы кезде сарапшы топтар арасында үлкен пікірталасқа айналды.

Еліміздің саяси жүйесі үшін партия­лардың маңызының артып келе жатқанына қарамастан, көп жағдайда бүгінгі сая­си аренадағы партиялардың саяси және саяси-экономикалық элиталардың мүд­делерін қорғайтын механизм ретінде ұзақ уақыттан бері пайдаланылып кел­гені белгілі. Саяси монополияны жою мақ­сатында және саяси реформалар аясында билік пен қоғам тарапынан әр әлеу­меттік-саяси топты қамту мақсатында жаңа саяси партияларды тіркеу әрекеті де болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Пікір алуандығы мен еркін сая­си бәсекелестік мемлекеттегі орын ал­ған түрлі проблемаларды дер кезінде талқы­лап, тиісті шешімдер қабылдап, түрлі қайшылықтардан алдын алуға жол ашады.  

Соңғы жылдары сәтті жүргізілген бар­лық саяси реформалар біздің мемлекеттік құрылысымыздың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласын нақты жүзеге асырылатынын көрсетіп отыр. Мемлекетіміздің жаңаруы алдағы сайлаулармен басталып, бұл қабылданған барлық конституциялық өзгеріс пен бүкіл саяси жүйені қайта іске қосуға мүмкіндік бермек. 

 

Нұрлан СЕЙДІН,

саясаттанушы