Су тасқыны • 16 Наурыз, 2023

Шағын өзеннің тасуы тез

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқыны бойынша еліміздегі ең қиын жағдай Батыс Қазақстан облысында болып тұр. 14 наурыз күнгі мәлімет бойынша өңірде 45 үй суға кетіп, 232 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Шағын өзеннің тасуы тез

Бұдан бұрын Орал қаласында қарғын судан зардап шеккен үйлер туралы айтқанбыз. Енді өңірдегі шағын өзендер арнасынан асып, жағалаудағы елді мекендерге қауіп төндіріп жатыр.

Осыған орай Орал қаласында, Шыңғыр­лау, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында жергілікті масштабтағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Бөрлі ауданында еріген қар суы бірне­ше елді мекенге кіріп кетті. Ақбұлақ ауы­лындағы су бөгеті бұзылып, Ақсай қаласы­ның Қызылтал және Аралтал ауылдарын су басу қаупі күшейген. Ондаған үйге су кірген. Ақсай қаласында да баспанасы суға кеткен 13 адам эвакуацияланды. Ақбұлақ ауылында 14 үйге су кіріп, 44 адам көшірілген, соның 13-і ба­лалар. Кеңтүбек ауылында 6 үйге су кі­ріп, 22 адам қауіпсіз аймаққа эвакуа­ция­ланған.

Өңірдегі күрделі жағдайға байланыс­ты Атырау Маңғыстау облыстарынан 111 адамнан тұратын құтқарушылар тобы көмек­ке келген болатын. Атыраулық 25 адам мен 6 техникадан тұратын ТЖД тобы Бөрлі ауданына бекітілді. Құтқарушылар бірнеше топқа бөлініп, қызыл су жүріп жатқан Қы­зылтал, Бақтыарал және Қарашығанақ ауыл­да­­рында іске кірісті. Табиғи апатқа қарсы күрес­ке жергілікті тұрғындар, еріктілер де үлес қосуда.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағ­дайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Қанат Доспаев наурыздың 14-і күні кеште Бөрлі ауданында 39 үй, Теректі ауданында 1 үй әлі су ішінде тұрғанын хабар­лады.

Қауіпті жерлерден алдын ала 232 адам көшірілген болса, жағдай қалыпқа түскен аймақтарда 26 адам өз мекеніне қайта орал­ған. Қауіпсіз жерге 282 бас мал, 20 құс айдалды.

Кей жерде еріген қар суы даламен жөңкі­ліп, күре жолдардың үстін басып өтіп жатыр. Олардың кейбірі жолды бүлдіріп кеткен. Мысалы, 11 жерде жол уақытша жарам­сыз болып қалғаны хабарланды. Оның бірі – Теректі ауданының үстімен Ресейге шыға­тын республикалық маңызы бар автожол.

Қауіпсіздік мақсатында жол полициясы 14 наурыз күні Самара-Шымкент жолының Барбастау ауылы тұсында ауыр салмақты жүк көліктерін тоқтатып қойды. Жүздеген жүк көлігі жол бойында тұр.

Облыстың өз ішінде 12 елді мекенге көлік қатынаспай қалды. Оның 3-і Шың­ғырлау, 9-ы Қаратөбе аудандарында.

Наурыздың 14-і күні кешкісін Орал қаласы маңындағы Маштақов ауылын су басу қаупі туындап, елді мекеннің 70-80 тұрғыны өз туыстарын сағалап ауылдан шығып кетті. Зардап шеккен тұрғындарды уақытша паналату үшін Деркөл ауылындағы Мәдениет үйі әзірленіп, көлік те сайланып тұр.

Жердің тоңы түспей жатып еріген биылғы қар суы батысқазақстандықтарды ерекше сынап тұр. Төтенше жағдайлар депар­таментінің хабарлауынша, апаттық-құтқару жұмыстарына төтеншеліктерден – 252 адам, Ішкі істер қызметінен – 163 адам, Ұлт­­тық ұланнан – 60 жауынгер, Қорғаныс министр­лігінен – 16 адам, барлығы 1 мыңға тарта адам күні-түні етігімен су кешіп жүр екен. Соңғы күндері қауіпті тұстарда су жолын бөгеу үшін 24 060 қапшық құм төселген.

Тиісті мекемелер өңірдегі су қоймала­рының жағдайын қатаң бақылауға алғанын мәлімдеді. Наурыздың 14-індегі мәлімет бойынша Көшім өзені бойындағы Киров су қоймасы – 51,8, Бітік – 16,35, Дөңгелек – 32,28, Пятимар қоймасы 83,48 пайыз суға толған. Шаған өзеніндегі тоғанның толымдылығы 75,81 пайыз. Сондай-ақ Варфоломей су қоймасы – 88,5%, Сарыөзен бойындағы І Қазталов – 66,94%, ІІ Қазталов – 60,08%, Мамай қоймасы 66% пайыз суға толы. Ақкөл (Балықты Сакрыл) – 57,67%, Сарышығанақ көлі 75,94% пайыз кемеріне келіп тұр екен.

«Айта кетейік, өңірдегі ең үлкен су артериясы – Жайық өзенінде әлі мұз бұзылған жоқ. Ол әдетте сәуір-мамыр айларында тасиды. Биылғы күн райына қарағанда Жайық ерте тасуы, су мөлшері жылдағыдан көп болуы мүмкін», дейді Қазгидромет мамандары. Қазір жергілікті билік орындары саяжай аумағында тұратын халыққа ықтимал қауіпті ескертіп, жадынама таратып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы