Ғалым • 29 Мамыр, 2023

Миллиондаған қазақтың жоқтаушысы

377 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, білікті ұстаз, Ашаршылық тақырыбының көрнекті зерттеушісі, марқұм Талас Омарбеков туралы өткен шақпен естелік мақала жазуға тура келіп тұр.

Миллиондаған қазақтың жоқтаушысы

Ғалымның есімін алғаш рет 1990 жылдан бастап газет-журналдарда жа­рияланған мақалалары арқылы біле бастадық. 1991 жылы ол біздің университетке, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың КСРО тарихы кафедрасына доцент болып орналасты.

Көп уақыт өтпей Тәкеңмен жақын танысудың сәті түсті. Үзіліс кезінде фа­куль­­т­еттің бір топ ұстазы фойе­де Алаш тақырыбында пікір алысып тұрған­да жанымызға Тәкең де келіп қо­сыл­ды. Сол кезде мен де Алаш атауына қатысты өз ойларымды ортаға салған едім. Әңгімеден соң Тәкең мені топтан оңаша алып шықты да, өзін таныстыра келіп, «Ақиқат» деген журналда тарих бөлімін басқаратынын жеткізді, іле жаңағы топта айтқан ойымды мақала түрінде әкеліп берсем, мақала өзіне ұнаса, онда оның бір сөзін де өзгертпей журналға шығарып беруге уәде етті. 1993-1994 жылдары 4-5 мақалам Тәкеңнің қолдауымен «Ақиқат» журналында жарық көрді. Арамызда жақсы сыйластық қатынас қалыптасты.

2001 жылы Талас Омарбеков Тарих факультетіндегі Ежелгі және ортағасыр­лар тарихы кафедрасына меңгеруші болып келді. Енді бір кафедрада жұмыс істейтіндіктен жақын бола түстік.

Оның қаламынан туған ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқулық және оқу-әдістемелік еңбектердің жалпы саны 800-ден асады. Оның ішінде 30 монография мен 20 оқулық бар. Сонымен бірге профессор Т.Омарбековтің ғылыми же­текшілігімен 35 ғылым кандидаты, 7 ғы­лым докторы, 3 PhD (философия) докторы диссертацияларын қорғады.

Тәкеңнің негізгі зерттеу тақырыбы XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстандағы аграрлық өзгерістер, қазақ байларын тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясаты, осы саясатқа қарсы елде болған көтерілістер мен халық толқулары болатын. Ол тарихқа жаңаша көзқарасты қалыптастырушылардың бірі ретінде тыңға түрен салғандай, күрделі мәселені ұлттық тұрғыда қарастырды, одан оң нәтиже шығарып, қаншама мақала жазып ондаған шәкірт даярлап, ғылымдағы соқпағын даңғылға айналдыра білді. Т.Омарбеков – өз тақырыбы шеңберінде ғана емес, отандық тарих ғылымының ежелгі дәуірінен бүгінгі XXI ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі аралықтағы мәселелер бойынша да ой айтып, пікір білдірген ғалым. Оның ғылыми жұмыстарында ежелгі скифтер мен сақтар, ғұндар мен үйсіндер, көне түріктер, түргештер мен қарлұқтар, оғыздар мен қыпшақтар, Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысы, Алтын Орда мен Ақ Орда, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары, Әмір Темір мен Тоқтамыс хан, Едіге би мен сол замандағы Ұлы дала билеушілері, Қазақ хандығы мен қазақ хандары, XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ батырлары мен билері, қазақ жүздері, қазақ шежіресі, қазақ халқының ру-тайпалары, олардың ұрандары мен таңбалары, Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты мен оған қарсы көтерілістер, XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қоғамдық саяси өмір, XX ғасырдың бірінші жартысындағы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қызметтері сияқты өзекті тақырыптар қам­тылды. Сонымен қатар профессор Т.Омарбеков – тарих ғылымының құрам­дас бөлігі саналатын тарихнама мен деректану салалары бойынша да нәтижелі ғылыми ізденістер жүргізіп, мақалалар жариялаған, шәкірттер даярлаған ұстаз-ғалым.

1967-1971 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетінде оқыған бес жылы Тәкеңді бір жағынан тарих пәнінің мұғалімі етіп шығарса, екінші жағынан болашақ зерттеуші етіп те даярлады. Оның алғашқы мақалалары еңбек жолының екінші жылы-ақ жариялана бастаған екен. 1971 жылы ЖОО-ны аяқтаған ол, өзінің туған өңі­рін­дегі мектептің бірінде мұғалім болып бастаса, келесі оқу жылында рес­­публикалық «Қазақстан мектебі» жур­на­лында әдістемелік сипаттағы ал­ғаш­қы мақаласы жарияланады. Ал 1975 жылға дейін Жамбыл облысының Жуа­лы, Байзақ (бұрынғы Свердлов ауда­ны) аудандарындағы орта мектептерде та­рих пәнінің мұғалімі болып жүрген Талас Омарбековтің «Лениншіл жас», «Со­циа­листік Қазақстан», «Еңбек туы», «Білім және еңбек», «Село жаңалығы» атты республикалық, облыстық газет-журналдарда ғы­лы­ми, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, әдістемелік сипаттардағы 20-ға жуық мақаласы жарияланады. Олардың ішінде 1974 жылы «Білім және еңбек» журналында жарияланған «Оқын ба, әлде..» атты мақаласы сол кездегі белгілі археолог, Есік қорғанынан табылған «Ал­тын адамды» әлемге ғалым Кемал Ақышевтың оң пікірімен жарыққа шығады. Институт бітіріп, орта мектепте мұғалім болғанына 2-3 жыл ғана болған жас маманның 20-ға жуық мақала жариялауы таңқаларлық жағдай еді.

Жарияланып жат­қан мақалалары мектеп мұғаліміне абырой әкеліп, қызметі де өседі. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. Тіпті сол кездегі аудан басшылығының көзіне ілінеді, болашақ мықты, қажетті кадр болады деген үміт­пен олар Тә­кеңді аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп жұмысқа алады. Сол кезде оның жасы 27-де болатын. Егер Тәкең осы «сара жолмен» жүре бергенде 10 жылдың о жақ, бұ жағында аудан, тағы он жылдан кейін облыс не оқу министрлігінің басшысы болар ма еді. Бірақ Тәкең осындай даңғыл жолдан бас тартып, өмір жолының бағытын кенеттен басқа жаққа бұрады. Бұл туралы Тәкеңнің өзі оңаша бір әңгімесінде былай деп айтып еді: «Мен аз ғана уақыт ішінде аудандық партия комитетінің басшылық жүйесінде жүріп, көп нәрсені ішінен танып-біле бас­тадым. Ақ пен қараны қалай айыруды, шындық пен жалғанды қалай айтуды, қулық пен небір сұмдықты көрдім де, бәрінен бас тарттым. Ғылыммен айналысу керек деген ой мазалай берді де, бірнеше жыл бойы аспирантураға келе бердім. Ақыры, 1977 жылы жолым болып, Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылдандым».

Талас Омарбековтің санасындағы күрт өзгерістерге 1985 жылы басталған қайта құру саясаты, жариялылыққа, демо­кратияға бет бұру, 1986 жылғы Желтоқ­сан көтерілісі, одан кейінгі КСРО-да болған өзгерістер қатты әсер етеді.

1989 жылы Қазақстан КП ОК жа­нын­дағы Партия тарихы институты сол тұстағы уақыт талабына сай өз сала­сы­ның білгір маманы ретінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Талас Омарбековті аға ғылыми қызметкер етіп жұмысқа шақырады. Ол бұл мекемеде 1991 жылдың тамызына дейін, яғни партия тарихы институты жабылғанға дейін қызмет атқарады.

Осында жүріп аға ғылыми қызметкері Талас Омарбеков 1990 жылы 3 мамырда «Ана тілі» газе­тінде «Жүз тілдің планетасы ма, әлде...» атты мақала жариялап, алғаш рет Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс­тағы ауылдық және селолық советтердің орысша атауларын келтіре отырып, тың игерудің Қазақ еліне тигізген кері рухани ықпалы туралы айтады. Мақала соңын былайша аяқтайды: «Тың Қа­зақ­станды орыстандыратын болды», дегені үшін Батыс ғалымдарына тіс­тене жұдырық көрсетіп, оларды «әшке­релейтін» монографиялар мен диссерта­циялар жаздық. Енді, міне, қайта құру әкелген шындық пен жариялылық өзімізді әшкереледі. Болған жайды болды деп, бұрынғыдай бүркелемей, жариялап айтайық шындықты, тарихшы ағайындар. «Айтылмаса сөз өледі». Қазір айтылмаған сөз ешқашан айтылмас».

1990 жылы 9 тамызда Тәкең «Ле­ниншіл жас» газетінде «Голощекин Қазақстанда» атты атышулы көлемді ма­қаласын жариялайды. Бұл мақа­ланың коммунистік партия мен оның басшылығына тигізер соққысы қан­дай ауыр болса, шындықты сүйер халық үшін тигізер пайдасы аса зор болды. Бұл мақалаға дейін Ф.И.Го­лощекин Қазақстанның партия және ірі мемлекет қайраткері ретінде баға­ланып келсе, Талас Омарбеков оның Қазақстанда билік құрған жылдарын «қанды із» деп атап, қазақ халқына қар­сы жасаған қылмыстарын жеке-жеке тал­дап көрсетеді. Оны автор сая­­си тоң­мойын, сөзіне ісі кереғар, «сө­зі олақ, ісі шолақ» деп бағалап, қа­зақ хал­қын аштыққа ұшыратып, 1 мил­лион 700 мыңдай адамның, яғни қазақ хал­қының 42 пайызының аштан өлуіне тікелей кінәлі деп есептейді. Сөй­тіп, ол Голощекин туралы мынадай қо­ры­тынды жасайды: И.Ф.Голощекин «пар­тиялық жұмыста күштеуге сүйенген әкімшіл-әмір­шіл әдістерді бірінші орынға қой­ды; Голощекиннің саяси қылмысы ха­лық алдында өте ауыр; Голощекин ...Қа­зақстанда шаруаларға деген лениндік саясатты дөрекілікпен бұрмалағаны жә­не соның салдарынан жазықсыз қара халықты жаппай қырғынға ұшыратқаны үшін КОКП қатарынан шығарылуы тиіс. Мұндай жендет тұлғаның коммунистік партия қатарында қалуы партия беделіне нұқсан келтіреді, оның тарихына көлеңке түсіреді».

Мақаланың жарыққа шыққан уақыты – 1990 жылдың тамыз айы. Коммунистік партияның биліктен айырылуына әлі бір жылдан аса уақыт бар. Орталықта партия билігі қатты шайқалып жатқанымен, Қазақстанда ол шайқалу қатты емес еді. Егер уақыт 1960-1980 жылдар аралығы болса, мұндай ойлары мен тұжырымдары үшін Т.Омарбековті Е.Бекмаханов секілді 25 жылға бас бостандығынан айырып жіберер еді. «Жыланды қанша кессең де кесірткелік күші бар» дегендей, компартия билігі әлі күшті болатын. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының басшылығы Т.Омар­бековке Голощекинге таққан тарихи айыбы мен артқан кінәсіне бей­қам қарамайды. «Голощекин Қа­­­зақ­станда» атты мақаласы үшін аға ғылыми қызметкер, коммунист Талас Омарбековті Партия тарихы инсти­тутының басшылығы мен инс­титуттағы бастауыш партия ұйымы пар­­тия жиналысына салып, жазалауды қолға алады. Біз ол жиналыс пен ондағы қарал­ған мәселелер туралы Тәкеңнің 70 жылдығына орай жарық көрген ма­қа­ламызда былай деп жазған едік: «Кезекті бір жарияланған мақалам үшін партия тарихы институтының партия ұйымының жиналысында менің мәселем арнайы қаралды. Шығып сөйлеушілер жан-жақтан мені сынға алып, мен туралы айтпаған сөздері қалмады. Мен үнсіз тыңдап қана отырдым. Соңында маған сөз беріп, олар менен «кешіріңдер, қателесіппін, екіншілей ондай саяси қате­ліктер жасалмайды» деген сияқты жауап күтті. Ал мен болсам, кешіріңдер, құр­метті жолдастар. Мен жазып жүрген тарих – халықтың нағыз шынайы тарихы. Тарихты мен басқаша жаза алмаймын. Сендер мен туралы не десеңдер о деңдер, мен шындықты жазудан бас тартпаймын. Болашақта да дәл осылай жаза беремін!» деп жауап қаттым» деп еді. Сол кез үшін бұл жауап нағыз ерлікпен пара-пар болатын. Мұндай тұжырымы үшін ресми билік пен партияның аға буын өкілдері, тіпті тарихшылардың бір бөлігі, оның ішінде өзге ұлттың өкілдері мен аға буын тарихшылар Тәкеңді ұната қоймады.

Т.Омарбеков сөзінде тұрып, Отан тарихындағы «ақтаңдақ» тақырыптарды идеологиялық шаң-то­заң­дардан тазалауға құлшына кірісіп, ғылыми зерттеу жұмыстарын одан әрі еселей түседі. 1990-1993 жылдардағы ғалымның газет-журнал беттеріндегі мақалаларына қарап, екі құбылысты аңғаруға болады. Бірі – тарихты жазудағы ескі теориялық ұстанымнан бас тартып, жаңаша көзқарастар мен таптық емес ұста­­нымды қолданысқа енгізу болса, екін­­шісі – Отан тарихын жаңаша көзқарас ұлт­тық мүдде тұрғысынан қарастыру. Тәкең мынадай мақалаларды жариялады: «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...», «Қателескен Ленин бе, жоқ әлде қазақ зиялылары ма?», «Голощекиннің Сталинге хаты», т.б.

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғалымның өткен ғасырдың 20-30-жылда­рындағы қазақ халқының қасіреті мен қайғысын ашып көрсеткен мақалалары барлық газеттерде жариялана бастады. «Қазақты «жап­пай жазалау» да жалмады», «Қазақ­тар неге шыбындай қырылды?», «Оты­зын­­шы жылдардағы ойран» атты мақала­ларындағы ащы шындықтар оқыған елдің көз жасына ерік бергізді, жас ұрпақ алдында коммунизмнің қандай жал­мауыз екенін көрсетті деуге болады.

Жарияланған мақалаларының негі­зінд­е оның М.Қойгелдиевпен бірігіп жаз­ған «Тарих тағылымы не дейді?», «Зо­балаң» (күштеп ұжымдастыруға қар­сы­лық, 1929-1931 жылдары болған халық наразылығы), «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты монографиялары шығып, олар бірден халықтың іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды.

Талас Омарбековтің бұл мақалалары мен монографиялары, біріншіден, бұ­рынғы бұрмаланған тарихты шынайы түрде жазуға бетбұрыс болып, шынайы білімді қалыптастырса, екіншіден, отан­дық тарихқа деген жаңаша көзқарасты, жаңа теориялық ұстанымды үстем етеді. Зия­лы қауым ғалымға «Қуғын мен аш­тық көрген мил­лиондаған қазақтың жоқтау­шысы...» деп баға берді. Бұл Талас Омарбековке берілген халықтың жоға­ры бағасы дер едік.

Тәуелсіздіктің алғаш­қы он жылды­ғын­да ғалым өз проблематикасы бойын­ша алдыңғы орындағы тарихшылар­дың біріне айналса, екінші онжылдықта ол позициясын сақтай отыра, яғни осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастырды. Жаңа зерттеуі «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ат­ты ғылыми жоба еді. Әрі ауқымды, әрі күрделі ғылыми жоба­ны жүзеге асыру үшін демеушілер көме­гіне сүйеніп, 2003 жылы «Алаш» тари­хи зерттеу ғылыми орталығын ұйым­­дастырды да, оған өзі жетекшілік етті. Сол кезде біз де Тәкеңнің қасынан табы­лып, негізінен Отан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы өзекті мәселелерін тарихымыздың асыл маржандарын түптері шексіз тұңғиық тереңдерден іздеуге кірістік. XX ғасыр басындағы Алаш зиялысы әрі қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қазақ халқының шығу тегін білу үшін оның құрамына енген әр ру-тайпаның тарихын зерттеу қажет» деген пікірін ту етіп ұстап, методологиялық негіз еттік. Алғашқы кезде ол жұмыстың қандай қиындық тудырғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Үздіксіз ізденістер ақыры нәтиже беріп, бұл жобаны да жүзеге асыра бастадық.

Т.Омарбековтің ғылыми басшылы­ғымен 2003-2009 жылдары «Алаш» тарихи зерттеулер орталығының тарихшылары «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасын жүзеге асыру барысында 26 томнан тұратын еңбекті жарыққа шығарды. «Алашта» жұмыс істеу бары­сында Тәкең бір жағынан, барлық жұмысқа жауапты болса, екінші жағынан, әр тай­паның ежелгі дәуірдегі және ерте түрік кезеңіндегі тарихына қатысты мәселелерге жауапты болды, ол бөлімге өзі басшылық жасады. Бұл ең күрделі, күрмеуі мен түйіндері көп кезең болатын. Тәкең оны да шешудің көзін тауып, дұрыс жолға қоя білді. Көп ізденістердің нәтижесінде осы ғылыми орталықта бүгінгі күні қазақтың белгілі тайпалары – «Арғын», «Найман», «Дулат», «Жа­лайыр», «Тама», «Табын», «Қаңлы», «Қаракесек» тайпалық одағына енген алты тайпаның, т.б. тайпалардың тарихы монографиялық еңбектер түрінде жарық көріп, оқырман қолына жетті.

Тәкең, кезінде өзі айтқандай, 1990 жылға дейін қанша мақала жазса да еш қанағаттанбаған екен, өйткені ол жұмыс­тардағы теория мен ұстаным басқаша болатын. Ең бастысы, ол кезде жазылатын тарих шынайы емес-ті. Ал керісінше, өт­кен ғасырдың 90-жылдарындағы жұ­мыстардың әрқай­сысынан ерекше ләз­зат алатын. Өйткені ол – тарих, Тә­кең­­ше айтқанда, халықтың нағыз шынайы тарихы. Ғалымның арман ет­кен, ойындағы нағыз бақыты осы еді. Халық­тың сүйіспеншілігін өзіне деген ру­хани қолдау ретінде сезініп, ол бар кү­шін осы қолдауды, сенімді ақтауға кіріседі.

Өткен ғасырдың 90-жылдары газет-журнал беттерінде жарық көрген Талас Омарбековтің әр мақа­ла­сының орны бар. Деген­мен оның ішінде бірнешеуінің орны ерекше. Алғашқысы – 1990 жылы жарық көрген  «Голощекин Қазақстанда» атты мақаласы, келе­сісі – 1991 жылғы «Қазақтар шыбын­дай қырылып жатыр...» атты мақаласы мен оның жалғасы іспетті «Қазақстандағы 1929-1933 жыл­дар­дағы ұлт-азаттық қозға­лыстар» атты еңбегі. Бірінші мақалада Қазақ­станды бас­қар­ған тұлғаның жауыз екен­ін дәлел­деп көрсетсе, екіншісінде 1929-1931 жылдары елімізде сталинизмге, күш­теп ұжымдастыруға қарсы халық нара­зы­лықтарды терең талдайды. Осылайша, алпыс жыл бойы айтылмаған ақиқатты алғаш рет ғалым Талас Омарбеков айтты. Үшінші мақаласында әр өлкедегі халық наразылықтарының барысын, ондағы бас­шылар мен қосшылардың атын атап, түсін түстеп көрсеткенде, бүкіл Қа­зақ­станнан, тіпті басқа республикалардан Тәкеңе деген құрметі артты. Оның есімін көтеріліске қа­тысқандардың ұрпақтары ерекше бағалады.

Өкінішке қарай, ғалым бүкіл әлемді жайлаған пандемиядан көз жұмды. Оның орны дәл бүгін ойсырап тұр. Біздің парыз – миллиондардың жоғын жоқтаған тұлға рухына лайықты құрмет көрсету. Т.Омарбековті халық жадында мәңгі сақтаудың бір жолы – оның есімін өзі бітірген және еңбек жолын бастаған Жамбыл облысының аудандарындағы орта мектептің біріне, сондай-ақ ғылыми мекемеге беру, Алматы қаласындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына естелік-тақта орнату, қаладағы бір көшені тарихшы Т.Омарбековтің есімімен атау. Ғалым мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры,

ҰҒА академигі