Инфляция • 08 Маусым, 2023

Инфляциядан именбеу иммунитеті отандастарымызда қалай қалыптасты?

1137 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі айлар бойы бір деңгейде тұрса да, инфляцияның көрсеткіші қырық құбылып, мамыр айында ғана тұрақтаған еді. Ресми статистика қазіргі көрсеткішті 16.5 пайыз деп отыр. Біздің экономика үшін 10 пайыздық инфляция қауіпті емес. Ал одан асып кетсе, шындап ойлану керек. Ал 20 пайыздық көрсеткіш – Ұлттық банк пен Үкіметті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын, мұнай елесінен тезірек ес жиюға себеп болатын фактор болуға тиіс еді.

Инфляциядан именбеу иммунитеті отандастарымызда қалай қалыптасты?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Инфляцияның барометрі базалық мөлшерлеме ме?

Дамыған елдерде инфляцияның баро­метрі бас банктерінің базалық көр­сет­кішіне қарап бағаланады. Ал біздің жағ­дайда Ұлттық банк те, халық та ин­фляциядан қорықпайтын тәрізді. Жыл басында 21 пайызға жақындап қал­ған­ кездердің өзінде жұртты сабырға ша­қырып, алаңдауға себеп жоғын айту­мен шектелді. Қысқасы, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны ресми ста­тистикаға қарап анықтаса, халық қал­та­сына, табысының деңгейіне қарап анық­тай­ды, бағалайды. Себебі нарықта теңге баға­мына, нарықтағы бағаға әсер ететін фак­торлар қырық құбылып тұр. Бірақ со­­ған­ қарамастан жыл соңына дейін ин­фля­ция­­ деңгейін қайтсек те 9 жарым пайызға тө­мендетеміз деп үміттеніп отырмыз. Ұлт­тық банктің мақсаты – бағаның өсуін те­жеу. Үкімет импортты қысқартып, экспорт көлемін барынша арттыруды армандай­ды. Ал сарапшылар болса, ай сайынғы инфляция жоғарғы дә­лізде қатып тұр деп ойлайды. Мамыр айын­дағы ақшаның құнсыздануы ресми мәлі­мет бойынша 15,9 пайыз.

Де­мек сіз бен біздің айлық табы­сы­мыздың 15,9 пайызы инфляцияға жұ­ты­лып­ жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров апта басында журналистер­мен­ кездескен кезде инфляция ша­рық­тау шегі­нен біртіндеп төмендей бастағанын, жыл соңына дейін 9,5-10 пайыз дең­ге­йінде ұстап тұруға мүмкіндік барын айт­ты. Министрдің сөзінше инфляция әрқа­шан өседі. Ал біздің мақсатымыз – инф­ляцияны тұрақты деңгейде ұстап тұру. Өткен жылдың соңында инфляция 7,5-8,85 пайызға, одан кейінгі жылдары тағы­ да төмен болатынын Үкімет басшысы­ Әли­хан Смаилов та айтқан.

Мамыр айының соңында Ұлттық банк­тің базалық мөлшерлеме туралы ұс­танымы өзгермеді. Желтоқсан айы­нан бастап ол рекордтық 16,75 па­йыз­ деңгейінде қонақтап қалды. Бас банк сол кезде бұл көрсеткішті жазға де­йін сақтап тұратынын айтқан болатын. Ұлттық банк сөзінде тұрды. Ал инфляция шегінген жоқ. Ұлттық банк­те бағаның ырық бермей кетуі база­лық­ мөлшерлемеге байланысты деген қор­қы­ныштың қонақтап қалғанын біз де талайдан бері байқап жүрміз. Бұл жолы да со­лай болған тәрізді.

 

Ұстанымын өзгертпейтін Ұлттық банк

Бұл ретте Ұлттық банк басшылығы бұл­ ішкі факторлар, оның ішінде мем­ле­кеттік шығыстардың ұлғаюы, бензин, ди­зельді отын нарығындағы реформалар жә­не баға нарығындағы жағымсыз болжамдар себеп болғанын айтып жатыр. «Ин­фляциялық үдерістер» бәсеңдей бас­тады, бірақ «тұрақты және тұрақты тренд»­ туралы айту әлі ерте», деп атап өтті­ Ұлттық банк.

Дәл қазір инфляция 2022 жылдың жел­тоқсан айындағы 20,3 пайызбен ал­қым­­нан алып тұрған жоқ. Сәуірде жыл­дық инфляция – 16,8 пайыз, айлық – 0,9 па­йызбен тоқтады, бұл наурыз (18,1және 0,9 пайыз), ақпан (21,3және 1,3 пайыз) және қаңтар (20,7 және 1,1 пайызбен) салыс­тыр­ғанда төмен. Ал мамыр айын­да баға бұ­рынғы айларға қарағанда баяу өсті.

Ұлттық банктің сөзі­мен айт­қанда жағдай тұрақты, бірақ қуануға се­беп жоқ.

Тәуелсіз экономист Андрей Чебо­­­­та­рев ма­мыр айындағы 0,9 пайыз­дық деңгей ин­фляцияның жақсы көр­сеткіші екенін атап өтті, бірақ бұл жерде маусымдық фак­тор жұмыс істейтіндіктен, оны алдағы ай­ларда сақтап қалуға болатынына се­нім­ді бола алмаймыз. Оның айтуынша, бен­зин бағасының өсуі, сонымен қатар ком­муналдық қызметтердің қымбаттауы инф­ляцияның өсуіне ықпал етеді. Бұл фак­­торлар қызмет көрсету саласындағы инф­ляцияға ықпал етеді, бірақ қазір азық-түлік бағасының былтырғыдай қар­қынмен өсуіне ерекше себеп жоқ. Қа­зір әлемде азық-түлік бағасы өткен жыл­дармен салыстырғанда төмен. Ло­гис­­­тикалық тасымалдау тізбектері де жүйе­лене бастады. Демек жыл соңына де­йінгі көрсеткішті 10-15 пайызбен шек­тесек, соның өзі жетістік. Мұны Ұлт­тық банк қана емес, тәуелсіз даму инс­ти­тут­та­ры­ның­ болжамы да растап отыр.

Экономистің айтуынша, инфляция­ны те­жеудің бірден-бір шарасы – базалық мөл­шерлемені көтеру. Бірақ Үкімет фис­кал­дық импульсті, яғни эко­­номикаға ақ­ша құю арқылы экономикадағы үле­сін­ азайтқысы келмей отыр. Мұндай ше­шімдер – нарық заңы бойынша бір-бірі­не­ кереғар келетін құбылыс. Нарыққа қо­сымша қаржы салу айналымдағы қар­жы­ны көпіртіп, инфляцияны қыздырып жібе­реді.

 А.Чеботаревтің айтуынша, Үкі­мет­тің қо­лы­нда инфляцияны те­жей­­тін тетіктер аз­. Экономикадағы ШОБ-тың үлесі Ұлт­тық­ қорға деген тәуелділік деңгейін төмен­детуге мүм­кіндік берер емес. Бюд­жет­тің шығыс бөлігі дұрысталғанмен, жеңіл­детілген бағдарламамалар саны кемі­ген жоқ. Инфляцияға қатысты бол­жамдардың бет алысы жағымды бол­ға­ны­мен, ешкімді жарылқамайын деп тұр. Тиіс­ті шаралар қабылданғанмен, жүзеге асып жатқанын бақылау жағы кемшін бол­ды. Инфляцияның себебін емес, сал­дарымен күресу керек деген пікірге ден­ қоюдың қажет деген пікірге Үкімет те­ мойынсұна бастады. Бірақ шындап күре­су­ге жол ашатын мүмкіндіктер шектеулі бо­лып тұр.

 

Бензин мен дизельді отын кінәлі

Инфляцияға негізгі ықпал еткен бен­зин бағасы болды. Соңғы уақытқа дейін ол бағаға дем беруші фактор ре­тін­де қарастырылып келген болатын. Өт­кен жылдың қорытындысы бойынша­ жа­нармайдың бұл түрі 0,31 пайызға ар­зан­да­ған. Ақпанда баға өзгеріссіз қалды, нау­рызда 0,1 пайызға, сәуірде бірден 9,9 па­йызға дейін қымбаттап кетті.

Бірақ бұл құбылыстың қарапайым түсін­дірмесі бар.

12 сәуірден бастап Энергетика минис­т­­р­лігі автобензин мен дизель отынының шек­ті бөлшек сауда бағасын көтерді. АИ-92/93 бойынша өсім 11 пайыз, литрі 205-210 теңгеге дейін, дизельдік отын үшін 20 па­йыз – 295 теңгеге дейін өсті.

Бензин бағасының бір бұлқынып қала­ты­ны 2021 жылдан бері айтылып келеді. Үкі­мет оның себебін мұнай өнімдеріне, ең алдымен, бензинге нарықтық баға бел­гілеу тетіктеріне кезең-кезеңімен көшу қажеттілігімен түсіндіріп жүр. Біз мұндай шешімді қабылдамасақ, жанармай тапшылығына ұшыраймыз деген пікірлер де айтылды. Себебі көрші ел­дерде оның бағасы қымбат, мемлекет бағаны реттемейді. Біздің елде бір адам­ға орта есеппен алғанда 370 литр отын пайдаланатыны осыған дейін айтыл­ған. Бізден экономикасы да, жері де үл­кен Ресейде бұл көрсеткіш – 220 литр.­ Ал Өзбекстанда 44 литр пайдалана­ды­. Қырғызстандықтардың орташа көр­сет­кі­ші – 98 литр.

«Себебі бізде дизельді отынның баға­сы 230 теңге болып тұрған кезде бұл баға Өзбекстанда 570 теңге болды.­ Ал Армения мен­ Грузияда 800 теңге. Сондықтан дизель­ді отын мен бензин бағасын жан-жағы­мыздағы елдердегі бағадан арзанда­тып, халықты жарылқаймыз деу – бос сөз. Өнім­ді арзандату үшін шикізат арзан болуы­ керек. Бізге тиімді арзан бағада еш­к­ім бермейді. Ал елде мұнай шығарып отыр­ған азаматтарды тоқпақтап отырып, өні­мін нарықтық бағадан жарты есе арзан бағада сатып алып отырмыз. Бұл сол компаниялардың инфрақұрылымын жа­ңар­ту, жұмысшыларының жалақысын кө­теру мүмкіндігін шектеп тастайды­. Қыс­қасы, айналып келгенде елдегі өнді­ріс­тің тұралап қалуына өзіміз себепкер бо­ла­мыз», дейді экономист Жақсыбек Құ­леекев.

2018 жылдан бері Қазақстан тұ­тын­ған бен­зиннен көп бензин өндірді, бірақ 2022 жылдың соңына қарай тап­шы­лық қалып­тас­ты. Билік Ресейден жанар-жағармай им­порттап, оны авто­мобильмен шығаруға ты­йым салуға мәжбүр болды. 2025 жылы ЕАЭО-да мұнай өнімдерінің бірыңғай на­ры­ғы жұмыс істей бастауы керек және осы уақытқа дейін Үкімет ішкі бағаларды қа­уымдастықтың басқа мүшелерінің дең­ге­йіне жеткізуді көздеп отыр.

Мұндай жоспарлар Энергетика ми­нис­трлігі мен Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің (БӘДК) бір­лескен жол картасында жазылған. Әлеуметтік шие­леністі болдырмас үшін өсу біртіндеп бола­ды деп болжануда.

Сарапшы Мұрат Темірхановтың пік­і­рінше, инфляцияны бәсеңдетуге Үкі­мет­тің де, Ұлттық банктің де еңбегі жоқ. Рубль айтарлықтай әлсіреді, яғни им­порт Ресейден әлдеқайда арзанырақ ке­леді. Басқаша айтқанда, әлем ес жиып, жағдайға бейім­деліп қалды. Бірақ ішкі нарықта ин­ф­л­яцияның әлсіреуіне дем беретін фактор­ аз болғандықтан, сыртқы жағдайға тәуел­ді­лік сақталады. «Біріншіден, біз 30 жыл бо­йы экономиканы әртараптандыруға қол­ жеткізе алмадық. Біз іс жүзінде еш­теңе өндірмейміз және барлығын дер­лік импорттаймыз. Яғни шикізатқа тәуел­ді­ліктен құтылған жоқпыз. Ал мұнай баға­сы­ның ауытқуы экономикаға да, соның ішін­де инфляцияға да әсер етеді», дейді са­рап­шы.

Екінші мәселе, оның пікірінше, мұнай баға­сының ауытқуына қара­мастан инфляция мен теңгені тұ­рақ­­­тандыруға мүмкіндік бере­тін контрциклдік фискалдық сая­сат­тың жоқтығында. Үшінші фактор – эконо­мис­тің пікірінше, қалыпты дамыған нарық­тық экономиканың болмауы. «Бізде бәсе­келестік пен қалыпты нарықтық қаты­настарды күйреткен әкімшілік-коман­далық жүйе бар. Мемлекет баға белгі­леу­ге үнемі араласып отырады, сонымен қа­тар оның қолында ірі монополиялық биз­нес бар. Осы уақытқа дейін отынның, газ­дың, жарық пен судың бағасы мемле­кет тарапынан субсидияланып келген. Сон­дай­-ақ еліміздегі барлық жылу электр стан­са­ларының әбден тозығы жеткен, олар­ды жөндеуге қомақты қаражат қажет, сон­дықтан жылу мен электр қуатына тарифтер міндетті түрде көтеріледі», дейді Мұрат Темірханов.

Әйтпесе, оның айтуынша, Екібас­тұзда қыста орын алған апаттар әлі де жалғаса береді. Инфляцияның тұрақты өсуінің екінші себебін экономист мемлекеттік шығындардың үнемі өсіп отырған көле­мі­мен байланыстырады. «Наурызда Се­нат­ бюджетке түзетулерді мақұлдады, сон­да мемлекеттік шығыстар, есімде, 1,8 трил­лион теңгеге өсті, Ұлттық қордан транс­ферт 800 миллиард теңгеге өсті», деп­ атап өтті М. Темірханов.

 

Не істеу керек?

Жақын арада бағаның тағы бір көте­рі­луін (жанармайдың құны көлік бағасы ар­қылы көптеген басқа санаттарға әсер ете­ді), әсіресе күрт көтерілуін күтудің қа­жеті жоқ. Мамыр айының ортасында­ Ха­лықаралық валюта қорының Кавказ, Ор­талық Азия және Моңғолия өңірлік әле­уе­тін дамыту орталығының эко­номисі Нұр­дәу­лет Әбілов жанармай бағасы өскенін, ҰБ-ның базалық мөлшерлемесінің одан әрі өсе­ беруге жол таппай қалатынын айтқан бола­тын.

Әлемдік сарапшылар дүниежүзілік эко­но­мика рецессия кезеңіне өтіп жат­қа­нын айтып жатыр. Ұлттық банктің өт­кен жылдың көктемінен бастап жүр­гізген қатаң ақша-несие саясаты­ шыны­мен де өз нәтижесін берді. Со­ның­ арқа­­сында бағаның өсуін ұстап тұру­ға мүмкіндік туды, ал сарапшылар­ күт­кен­дей 20 пайыздық инфляция өткеннің ен­ші­сінде. Олардың сөзіне сенсек, базалық мөлшерлемені төмендетуге кірі­су керек. Қазіргі деңгейден жоғары көте­ру­ге мүмкіндік беретін жолдың бәрі жа­бық­ тұр. Демек ендігі жерде базалық көр­сеткіш Ұлттық банктің қолындағы на­рық­ты тыныштандыратын құрал емес, ин­фляцияның барометріне айналады...

 

АЛМАТЫ